Accessibility links

Тәжікстанда президент сайлауының өтуіне бір ай уақыт қалды, оның әділ өтеріне күмән көп


Бұл сайлауға қатысып, бақ сынамақшы 6 үміткер тіркелу жағдайымен жүрсе, көпшілік президент сайлауында қазіргі мемлекет басшысы Эмомали Рахмоновтың жеңіске жететіндігіне сенімді. «Азаттық» радиосының Тәжік редакциясы алда болатын президент сайлауындағы дауыс берулер мен оның болжамды нәтижелері турасында дөңгелек үстел сұхбатын өткізген болатын.

Қазанның 4-і күні Тәжікстанның Орталық сайлау комиссиясы президент Э. Рахмонов қараша айында болатын сайлауға үміткер ретінде тіркелуге қажетті қол жинап үлгерді деп жариялады. Тәжікстандағы сайлау заңына сәйкес, әр кандидат үміткер ретінде тіркелу үшін елдегі дауыс бере алатын барлық сайлаушының 5 процентінің қолын өз пайдасына жинауы тиіс. Демек әр кандиат кемінде 160 мың адамның қолын керек етсе, Рахмонов 510 мың қол жинаған екен.

Ал әзірге Рахмоновпен бәсекеге түскелі отырған бес кандидаттың біреуі ғана қажетті дауыс жинай алған, ол - Экономикалық реформалар партиясының өкілі Олимжон Бобоев.

Кандидаттар үшін сайлаушының қажетті қолын жинау науқаны қазанның 12-не дейін жалғасады. Осы қалған уақытта Рахмоновтың оппоненттерінің тіркелу хұқын беретін дауыс көлемін жинай алуы мүмкін емес дегенді айтады кейбір сарапшылар. Солардың бірі аталған дөңгелек үстел сұхбатын жүргізген Демократия мен ұлттық прогресс ақпарат орталығының төрағасы Саймуддин Дустов былай дейді:

- Талдаулар көрсеткеніндей, Тәжікстанның бүгінгі оппозициялық партияларының билік үшін күресетіндей күш-дәрмені жоқ, келе жатқан сайлауға деген оларда үміт болмай тұр, өйткені оның Рахмонов үшін жеңіс болатындығы белгілі.

Тәжікстанның тәуелсіз саяси талдаушысы Сайдахмат Қаландар соңғы өткен президенттік сайлаудан бергі жеті жылды елдегі оппозициялық партиялар өздерінің позицияларын, демек бағыттарын күшейтуге пайдалана алмады деп атап көрсетеді.

- Мұнда әлі күнге дейін тәжірибелері жоқ жас партиялар мен қозғалыстар, олар жеті жылдың ішінде президент Рахмоновқа тең келетін тұлғаны дайындайтын мүмкіндіктерін өткізіп алды. Біздің қоғам өз жетекшілерін білмейді, - дейді ол.

Бұған қосымша оппозицияның потенциалды деген Махмадрузи Искандаров, Гаффор Мирзоев және Якуб Салимов сияқты өкілдері олардың қолдаушыларының айтуынша, қолдан жасалған айыптар тағылып, түрмелерге жабылған.

Тәжікстанның Ислам қайта өрлеу партиясының жетекшісі Саид Абдулло Нури Тәжікстанда өте танымал еді, ол болса тамыз айында қайтыс болып кетті де, партиясында дағдарыс пайда болды. Сөйтіп аталған партия президенттік сайлауға өз кандидаттары қатыспайды деп мәлімдеген еді.

Ислам қайта өрлеу партиясының мүшесі Зарафо Рахмони қарашадағы президенттік сайлауда Рахмоновтың танымалдығы жеңілмейтіндей күшке ие болып кетті дейді.

- Тәжікстан президенті қоғамда өзінің танымалдығы қандай екенін шын мәнінде бағамдап санай алмайды, оның бәрін де маңайындағы өзіне жақын қозғалыс, ұйымдар жасап, олар оны өтірікпен өсіріп отыр.

Тәжікстан Конституциялық сотының бұрынғы төрағасы, қазіргі Әлеуметтік демократиялық процестер комитетінің төрағасы Аширбой Имомов ел Конституциясына 2003 жылы енгізілген түзетулер Рахмоновтың билік басында екі мерзімнен де ұзақ уақытқа отыруына мүмкіндік туғызып қойды, демек оның 2020 жылға дейін Тәжікстан президенті болып отыра беруіне болады дейді де, бірақ Тәжікстанда жаңа бір жетекші өсіп шықпаса, Рахмоновты орнынан кетіру қиын болады деп ескертеді.

Сонымен қатар Тәжікстандағы президенттік сайлаудың әділ өтеріне де күмән білдірушілер көп. Тағы бір ескеретін жайт, ең көп дегенде екі-ақ үміткер сайлауда бақ сынауы да ықтимал, қалғандары тіркелу үшін қажетті деген қол жинау алмай қалуы да мүмкін дейді сарапшылар.
XS
SM
MD
LG