Accessibility links

Жол полициясы автокөлік жүргізушілерін әзірлейтін курстардағы оқу мерзімін ұзартқан жөн деп санайды

  • Рауза МҰҚАН

Қазақстан Ішкі істер министрлігінің қрамындағы жол полициясы департаменті республикада күн санап көбейіп отырған жол көлік апаттарына, жол жүру ережесін толық меңгеріп үлгермеген жүргізушілер кінәлі деп тауып отыр. Осыған орай, жол полицейлері елде жүргізуші дайындайтын курстарындағы оқу мерзімін ұзартуды ұсынып отыр. Алайда бұл жаңалықты құптаса, тағы бір топ, жүргізуші куәлігін сатып алушылар енді көбейеді деген ұстанымда.

Тігінші Әзигүл Барфуқызы автокөлік сатып алуды жоспарлап жүр. Бірақ оның жүргізуші куәлігі жоқ. Өз айтуынша, қазір куәлікті арнайы курстан өтпей-ақ сатып алуға болады. Дегенмен, Әзигүл жол ережесін оқып үйрену қажет деп есептейді.

«Қазір көпшілігінің ақшасы бар, сондықтан оқымайды, сатып алады, бірақ оқыған жақсы ғой, ұзақ оқысаң бәрін жақсы меңгеріп аласың», - дейді Әзигүл.

Қазақстанда жүргізушілік дәріс беретін орталықтар білім министрлігінен ішкі істер министрлігінің құзырына өткеннен кейін, министрлік басшылығы оқыту мерзімін ұзарту керек деген талап қойып отыр, дейді «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Алматы қалалық ішкі істер басқармасының баспасөзбен байланыс бөлімінің бастығы Ернұр Уәли:

«Қазір жүргізуші куәліктерін алу үшін, кемінде 3 ай және одан да ұзақтау мерзімге көбейту мақсатында жұмыстар атқарылуда, жақын арада осы ереже күшіне еніп, толықтай, республика бойынша, оқыту мерзімі ұзартылады».

Алайда жүргізуші Тахир Тойғанов бұл пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, жол жүру ережесін меңгеру үшін ең алдымен ынта қажет:

«3 ай ма, 2 ай ма – ол бірақ адамға байланысты ғой, адам үйренгісі келсе, бір айда да үйренеді, үйренгісі келмесе ол 20 жылда да үйренбейді, бәрібір».

Дегенмен Алматы қалалық ішкі істер басқармасының өкілі Ернұр Уәли, соңғы уақытта жол жүру ережесін білмейтін жүргізушілердің кесірінен көлік апаты мен жолдарда кісі өлімі көбейіп отырғанын айтады:

«Соңғы уақытта жолдағы жол-көлік апаттарының саны өсіп отыр, республика бойынша. Оның ішінде кісі өліміне әкеліп соқтыратын жағдайлар көбейді. Әсіресе, жол-көлік оқиғаларының көп бөлігі жүргізушілердің өзінің қателіктерінен болады екен. Демек, оның барлығы жүргізуші куәлігін алу кезінде, оқудан жіберілген кемшіліктер. Соның бәрін талдап, қорытындылай келе, полиция қызметкерлері осындай шешімге келді».

Ішкі істер министрлігі жол полициясы департаментінің дерегіне жүгінсек, жыл басынан бері елімізде тіркелген жол апаттарының 82 пайызына жол жүру ережесін білмейтін жүргізушілер кінәлі деп танылған. Жалпы, өткен тоғыз ай ішінде Қазақстан аумағында көлік апаты салдарынан 2 мыңнан аса адам бақилық болып, 12 мың адам зардап шеккен.
XS
SM
MD
LG