Accessibility links

Шымкентте ВИЧ инфекциясына шалдыққан балалар саны 76-ға жетті


Облыста аталмыш індеттің кең таралуына орай, соңғы алты ай ішінде қан ауыстырған 7 мыңнан астам ересектерде ВИЧ инфекциясына қарсы тексерілетін болды.

Республикалық СПИД-ке қарсы күрес орталығының зертханасы Шымкенттегі тағы бір сәбиде ВИЧ инфекциясын растады. Сонымен олардың жалпы саны 76-ға жетіп, осы уақытқа дейін 6-ы көз жұмған. Соңғылардың барлығы 5 жасқа дейінгі балалар. Бұл құзырлы орындар таратып отырған ресми дерек.

«Облыста ауру балалармен қарым-қатынаста болған сәбилерді тексеру аяқталып, тексерілмеген ВИЧ індетін жұқтыруы мүмкін 659 сәбиге іздеу жарияланды. Енді облыста соңғы алты ай ішінде қан ауыстырған 7 мыңнан астам ересек адамдар да тексеруден өткізіледі. Қазіргі таңда олардың тізімдері жасалып жатыр. Бұрын қан құйылған адамдар 6 айдан кейін тексеруден өткізілетін. Бұл контингент кейінгі кездері алынып тасталған болатын. Енді соңғы 6 ай ішінде қан ауыстырған азаматтарды қайтадан тексеруден өткізу мәселесін көтеріп жатырмыз», - деді «Азаттық » радиосына Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау департаментінің қоғамдық ұйымдармен байланыс бөлімінің жетекшісі Нағима Жолдасова.

Сондай-ақ, ВИЧ індетімен күрес жөніндегі штабтың отырысында облыста жаңа қан құю орталығы мен қазіргі заманғы стерилизациялық орталық салу мүмкіндіктері қарастырылып жатқаны айтылған.

«Жаңа орталықтың жобасын жасау жұмыстары басталып та кетті», - дейді Нағима Жолдасова.

Оңтүстік Қазақстан облысында балалардың жаппай ВИЧ індетін жұқтыруына байланысты 12 қылмыстық іс тексерілуде. Облыстық прокуратура ауруханада қан сатып жүрген әйелді ұстап, оның үстінен ҚР қылмыстық істер кодексінің 177 бабының 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Әлгі әйел орталықтан тегін жіберілуге тиіс қанды бизнеске айналдырып, оны сатумен айналысқан деген күдікке ілігіп отыр. Сондай-ақ қан орталығының да бұрынғы басшылығының үстінен де қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы өткен аптаның аяғында ВИЧ індетімен күрес жөніндегі облыстық штабтың отырысында облыс прокуроры Марат Ахметжанов хабарлады.

«Қан орталығының директоры қанды сатып алу бағасын арзандату туралы бұйрық шығарған. Тапсырылған қан үшін 4 мың теңгенің орнына 2 мың теңге төленген. Ал тапсырылған қан қайтадан екі есе бағаға сатылған», - деді прокурор М.Ахметжанов.

Бұдан бұрын облыстық прокуратура, «өз міндеттеріне немқұрайдылығы қарады» деген айып негізінде облыстық денсаулық сақтау департаментінің бұрынғы басшылығының және облыстық балалар ауруханасы дәрігерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғаған болатын.

«Орын алған оқиғаға тек дәрігерлер ғана кінәлі емес. Бұл - Қазақстанның денсаулық сақтау саласының құлдырап кеткендігінің көрінісі. Билік қаржыны ең алдымен адамның басы айналатын ғимараттар салуға, түрлі жиындар өткізіп, құрылтай шақыруға жұмсайды. Осындай шараларға кеткен қаржының бір бөлігін аймақтағы медицинаға бөлсе, көп мәселе шешілер еді. Тапқаны түкке жетпейтін дәрігерлер пара алуға дейін барып жатыр. Бір мәртелік ине таба алмай, оны бірнеше рет пайдаланғандар бары анықталып жатыр. Ол үшін дәрігерді кінәлауға болады, әрине. Бірақ, ең алдымен оларды осындай жағдайға алып келген билік кінәлі ғой», - дейді саясаткер Жасарал Қуанышәлі.

Облыстық денсаулық сақтау департаменті ВИЧ инфекциясына шалдыққан балалардың барлығына ай сайын 8872 теңге көлемінде мүгедектігіне байланысты жәрдемақы тағайындалатынын хабарлады. Ал облыстық әкімшілік резервтік қордан 15 жанұяға 100 мың теңге материалдық көмек көрсетілдігін айтып отыр.
XS
SM
MD
LG