Accessibility links

Біріккен Ұлттар Ұйымына корей министрі басшылық етпек

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

Қазанның 9-ы күні Қауіпсіздік Кеңесі Бас Ассамблеяға Кореяның сыртқы істер және сауда министрі Пан Ги Мунді Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшылығына үміткер ретінде ұсынды. Мамандардың пікірінше, Қауіпсіздік Кеңесінің Пан Ги Мунді бірауыздан қолдап, үміткерлікке ұсынуының өзі Корей министрінің жеңісі болып есептеледі. Өйткені бұған дейін Қауіпсіздік Кеңесінің бас хатшылыққа таңдаған үміткерлері дауыс беру кезінде Бас Ассамблея тарапынан айтарлықтай бір кедергіге ұшырамай сайланып жататын.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына сай бас хатшы ұйым ішіндегі ең жоғарғы әкімшілік қызметті атқарады. Оны Бас Ассамблея Қауіпсіздік Кеңесі ұсынуымен тағайындайды. Алайда үміткер алдымен, Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің барлығының қолдауына ие болуы керек. Осы жолғы көпшілік көкейінен шыққан корей министрі әсіресе, әлемдегі жанжалдарды реттеуге, БҰҰ-ын реформалау жұмыстарына көбірек көңіл бөлуі тиіс деп есептейді бірсыпыра мемлекеттер. Ал кейбір елдер болса, Пан Ги Мунның жанжалы өршіп отырған Азия аймағын жақынырақ білетіндігін алға тартып, қолдауға тұрарлық дейді. Ал бұрын шетелдерде қызметте болған қазақстандық дипломат, саясаткер Болатхан Тайжанның ойынша, кез келген жаңа хатшы өзін мемлекет, аймақ деген түсініктерден жоғары қойып, үнемі жалпыадамзаттық мақсаттарды көздеп жүруі тиіс.

- Ол сол мансапта отырып, Азиядағы саясатқа ықпал етеді деу қате. Біріккен Ұлттар Ұйымы бас хатшысының қай континенттен шыққаны халықаралық қатынастарға ешбір әсер етпейді. Олар әлемдік саясатқа біркелкі қарайды.

Ал Шығыс елдеріндегі саяси процестерді зерттеп жүрген саясатттанушы Санат Көшкімбаев корей министрінің жаңа қызметке келуі тек әлдебір мемлекеттердің ғана көңілінен шығуы мүмкін деп, бұл орынға дамыған елден гөрі бейтарап саясатты ұстанушы ел өкілінің келгені дұрыс еді дейді.

- Оңтүстік Корея Шығыс өркениетіне жатқанымен, соңғы онжыдықтарда ол қатты жаңаруды басынан кешірді. Сондықтан ұзақ уақыт АҚШ-тың ықпалымен келген Оңтүстік Кореяның сыртқы саясаты, оның ішінде сыртқы істер министрінің өзі де АҚШ немесе Батыстың пікірлерімен көбірек есептесіп отырады деп ойлаймын. Ал Солтүстік Кореямен дүниежүзілік қауымдастықтың арасындағы шиеленісті мәселені шешуде жаңа хатшы тараптарды ескермей. біржақтылыққа жол беруі мүмкін. Себебі, екі Корей елінің ара қатынасы жақсы емес.

Ал тарих ғылымының докторы, профессор Кеңес Қожахметов жалжалды аймақта туып-өскен дипломат Біріккен Ұлттар Ұйымының басшылығына қажетті бірден-бір адам дегенді айтып, ол корей министрі Пан Ги Мунның оған дейін табысты қызмет істеп кеткен азиялық У Тан тәрізді ұйым жұмысын өрге домалата алатындығына сенеді.

- 60-70 жылдардың басында бұл орынға У Тан деген Бирма өкілі келген. Ол сол кезде Азия елдерінің ықпалы өскендігін көрсеткен адам. Оның кезеңі қиын болды. БҰҰ-ның күшімен әлемдегі тартыстарды азайту, бейбіт шешу мәселесіне атсалысты. Американың Үндіқытайдағы соғысын тоқтатуға біраз үлес қосты. Ол БҰҰ-да бұл мәселені жыл сайын қаратуға мәжбүр етті.

Естеріңізге сала кетейін, Пан Ги Мунге дейін Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшылығы қызметін 7 адам ауыстырған. Оның ішінде 3-уі Батыс Европадан, екеуі Африкадан және Азия мен Латын Америкадан бір-біреуден болды. Ал соңғы бас хатшы Кофи Аннан бұл орынды 1997 жылдан бері иеленіп келеді.
XS
SM
MD
LG