Accessibility links

«Ақ жол» партиясының басшысы Ә.Бәйменовтің Парламент мүшесі ретінде жұмысқа кірісуін бірқатар депутаттар құптамай отыр


Екі жылдан кейін ғана Қазақстан Парламенті Мәжілісі мүшелерінің саны Конституцияға сай келіп отыр. Сәрсенбі күні «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов 77-ші депутат болып Мәжілістің жалпы отырысына қатысты. Қазақстан Конституциясының 50-ші бабында Мәжіліс 77 депутаттан тұрады деп жазылған. Әлихан Бәйменовтің депутат болып келуін бірқатар әріптестері қош көрсе, енді бірі «парламентке келгісі келсе келетін тәлпіштерді заң арқылы орындарына қою керек» деп отыр.

2004 жылы Парламент сайлауы өткеннен кейін «Парламентке біресе барам, біресе бармаймын» деп келген «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменовтің Мәжіліске депутат болып келуі оның әріптестері үшін жаңалық болған жоқ. Керісінше, қоғам назарын аударатын жаңа бір заң жобасының туындауына жол салғандай болды.

Ал Әлихан Бәйменовтің Мәжіліс депутаттарының қатарына қосылуы осыған дейін «әділетсіз сайлаудың нәтижесінде заңсыз деп келген Мәжілісті» өзі іс жүзінде лигитимді етіп отыр. Өйткені Қазақстан Конституциясының 50- бабында Мәжіліс 77 депутаттан тұрады деп көрсетілген. Ал екі жыл бойы Мәжіліс 76 депутатпен жұмыс істеп келді. Мұны Мәжіліс төрағасы Орал Мұхаммеджановтың өзі сөзінде айтып кетті:

– Біз бүгін шын мәнінде 77 депутат болдық.

Енді Әлихан Бәйменовтің депутаттық мандаты жаңа бір пікір-таласқа жол ашуының себебі, оның бірқатар әріптестеріне «Ақ жол» партиясы төрағасының екі жылдан кейін барып Парламентке келуі ұнамады. Мәселен, Парламент Мәжілісінің депутаты Ромин Мадинов Орталық сайлау комиссиясына және әділет министрлігіне ашық түрде депутаттық сауал жолдады. Ол бұл мәселенің өте қауіпті екенін айтып, келесі сайлауларда да Бәйменовті қайталайтындар болуы мүмкіндігін жоққа шығармады. Сол себептен де Ромин Мадинов Бәйменовтің қадамы жаңа бір заң жобасын әзірлеуге түрткі болып отырғанын айтты. Ол «депутат егер екі аптаның ішінде жұмысына кіріспесе, қайтадан сайлау өткізу жөнінде өзгерістер енгізу керек», – дейді.

Алайда Ромин Мадиновтың бұл пікірін қолдамаған Мәжіліс депутаты Серік Әбдрахманов өзінің ойын былайша жеткізді:

– Мен Бәйменовті қолдап отырмын. Бұл өркениетті елдерде болатын көрініс. Мысалы, Түркияда бір тұтас партия кезектен тыс сайлау өткіземіз деп депутаттық мандаттарын өткізді, – дейді Серік Әбдрахманов.

Бірақ әріптестерінің сөздеріне мән бермеген Әлихан Бәйменов өзінің алғашқы депутаттық сауалын үкімет басшысы Даниял Ахметовке жіберді. Онда Үкіметтің құжаттарға сай жұмыс істемей отырғандығы айтылған. Сонымен бірге бірінші күн жұмысқа кірісіп отырған Әлихан Бәйменовке мәжілістің жұмыс тәртібі де ұнамаған секілді. Ол белсенді түрде жұмыс тәртібін өзгерту керек деген де пікірін жеткізді.

Алайда оның әріптесі Рауан Шаекин «екі жылдан кейін біздің көзімізді ашып Америка ашуға тырыспасын»,– деген ойын білдірді.

Ал мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымов Парламентте бір оппозицияның өкілі пайда болды десе, Амалбек Тшанов Әлихан Бәйменовті оппозиционер деп есептемейтіндігін айтты:

– Көп адам бұл азаматқа сенген еді. Кейін «Ақ жол» партиясы бөлінгеннен кейін Бәйменовтің іс-әрекеттері белгілі болды. Биліктің тапсырмасымен оппозицияға келгені белгілі болды ғой. Ал қазірдің өзінде «Ақ жол» партиясына кім қаражат беріп отыр деген ой туады. Болашақта сайланған депутат бір ай болады ма, не екі жеті болады ма жұмыс орнына келмейтін болса, депутаттық мандатын тоқтатуы туралы заң қабылдауымыз керек, – дейді Амалбек Тшанов.

Осылайша Парламентке бір депутат келіп жатса, енді бір Мәжіліс депутаты адвакатура жөніндегі заң жобасындағы келіспеушіліктер үшін өзінің депутаттық мандатын тапсыратындығын айтты. Ол – «Отан» партиясының мүшесі Рауан Шаекин. Оның айтуынша, бұл заң жобасы адвакаттардың құқығын шектейді. Әрине Рауан Шаекиннің депутаттық мандатын тапсыру немесе тапсырмауы келесі сәрсенбіде белгілі болмақ.
XS
SM
MD
LG