Accessibility links

Қазақстан заң орындары Ғалымжан Жақияновты елден шығармай отыр

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Қазақстан ресми билігі белгілі оппозиционер, бұрынғы Павлодар облысының әкімі болған кезде 7 жылға сотталып, шартты түрде бостандыққа биылғы көктемде шығарылған Ғалымжан Жақияновты тағы да шет елге шығармай қойды. Бұл жолы оны Прагада жылда өтетін «Форум-2000» конференциясына жібермеді. Чехия республикасының бұрынғы президенті Вацлав Гавелдің бастамасымен оныншы рет өтіп отырған бұл конференцияда әлемнің танымал ойшыл ғалымдары, саясаткерлері, зиялы қауым өкілдері бас қосып әлем алдындағы күрделі де өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты. Биылғы көтерілген мәселелер қатарында мұсылман елдеріндегі демократия болашағы, лаңкестік, адам құқықтарын да болаған еді.

Жылда өтіп тұратын «Форум-2000» конференциясы Чехия республикасының бұрынғы президенті Вацлав Гавелдің мұрындығымен басталып әрі соның ұйымдастыруымен өтіп отыратын - саясаткерлер, ойшыл-философтар, мәдениет, діни, қоғам қайраткелерінің пікірталас клубы іспеттес жиын болатын. Бұл шара, былай қарағанда, тікелей саясаттан алшақ конференция, дегенмен Қазақстан билігі бұл жолы оппозиционер Ғалымжан Жақияновты Прагаға жібермей қойды. Айта кетерлігі, Жақиянов мырза биыл өткен «Форум- 2000»-ға шақырылған жалғыз қазақстандық екен. Сондықтан ол алдын-ала тиісті органдарға хат жазып, рұқсат алудың қамына кіріскенімен, билік рұқсат бермепті.

- Бұл жерде заң бұзушылық орын алып отыр. Өйткені алғашқыда Павлодардан шартты түрде түрмеден босату туралы шешім бойынша, еркін жүріп тұруыма маған ешқандай шектеу қоймаған... Ал қазіргі әрекеттері маған Еуропарламеттен шақыру келген соң, соған мені жібермеуден туып отырған әрекеттер ғой. Сондықтан алғашқы сот шешімін қайтадан бұзып, жаңа сот шешімімен мені тұрып жатқан жерімде, яғни Алматы қаласымен шектеп қойды. Мен қазір Алматы қаласынан шығу үшін үкімет орындарына арыз жазып, арнайы рұқсат қағазын алуым керек. Бірақ оны осындағы қарайтын органдар, жібере ма, жоқ па өз еркімен қарайды, - дейді Жақиянов мырза.

Және де Жақиянов мырза өзін шет елге жібермей қойуының астарында саясат бар деп отыр.

- Алдымен Брюссельге барып жоғары мінбеден осы Қазақстандағы жағдайды айта ма деп сескенді, Прагаға барып үлкен конференцияда, әлемдік дәрежедегі тұлғалардың алдында Қазақстандағы нақты жағдайды айтып қоя ма деп сескенеді. Содан қорқып билік мені шығармай, жібермей отыр, - деді Ғалымжан Жақиянов.

Айта кетерлігі Қазақстан ресми органдарының Жақиянов мырзаның еркін жүріп-тұруына шектеу қою оқиғасы бірінші рет емес. Ол жайлы Ғалымжанның өзі былай дейді:

- Алдында мен шетелге еркін шығып жүргенмін. Алдында деп отырғаным, мен биыл қаңтарда түрмеден босаған соң, алдымен Мәскеуге, одан соң АҚШ-қа еркін барып келген болатынмын. Ал сәуір айында мен Еуропарламенттің отырысына бармақ болғанымда, дәл әуежайда мені тоқтатып, маған бөгет жасаған. Содан соң Астанада АҚШ вице президенті Дик Чейнимен кездесуге бармақ болғанымда мені Алматыдан шығармай қойып, шақырылған кездесуге мен бара алмағанмын. Одан кейін мені Еуропарламент тағы шақырғанда, билік мені тағы да жібермей қойды. Енді міне Прагаға мені шығармай отыр.

Ресми билік өкілдері Жақиянов түрмеден босатылған кездегі сот шешімін сәуір айында неге қайта қарауға мәжбүр болғанын нақты түсіндіре алмағанымен, Прагаға жіберілмеуін «сот шешіміне сәйкес» деп түсіндіреді. Жақиянов мырзаның түрмеден босатылғандағы шешімінде «ары-бері жүріп тұру мәселесі, тиісті органдарға ол жайында тек хабар беріп отыру арқылы реттеледі» деп көрсетілсе, ол шешім қайта қаралған соң еркін жүріп-тұру, рұқсат алу арқылы шешілетін мәселе болған. Сот кезінде қоғамдық қорғаушы болған, белгілі қоғам қайраткері Петр Своик мырза, «биліктің мұндай шешімдері ешқандай заңға симайды» дейді.

-Бұл заң емес, бұл – түсініксіз шатпақ! Ал, астары, әрине, саяси. Өзіңіз қараңызшы, оны соттағанда «қызмет бабын асыра пайдаланған әкім» ретінде соттайды да, босатылған соң оның саяси қайраткер ретінде еркін жүруіне шектеу қояды. Жақиянов - Қазақстанда еркін жүріп тұруына шектеу қойған жалғыз адам! Мұны қалай түсінсе болады?! Кейде билік не істеп жүргенін, биліктің өзі болмаса да, сол билікке жағамын деп тырысып жүрген жандайшаптардың не істеп жүргенін өздері де түсінбейтіндей әсер қалады. Жақияновты жібергісі келмейтін жерге, аудандық милиция кедергілері арқылы болсын билік жібермеуге барын салады, - дейді Свок мырза.
XS
SM
MD
LG