Accessibility links

Қазақстандық оппозиция өкілдері Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне байланысты Варшава орталығында үнсіздік жиынын өткізді


Биылғы жылы ақпан айында қастандықпен өлтірілген Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасы төңірегіндегі қоғамдық пікірталас Польша астанасы - Варшава қаласында өтіп жатқан Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының адами өлшемдер саласындағы міндеттемелерді қарау бойынша кезекті 11-ші мәжілісінде жалғасын тапқан. Бұл туралы қазанның 12-сі күні Алматыға Варшава форумынан оралған қазақстандық оппозиция өкілдері мәлімдеді. Олар сонымен бірге Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімі бойынша жүрген сот ісіне наразылықтарын білдіріп, оған халықаралық қауымдастықтың назарын аудару үшін қазанның 11-і күні Варшава орталығында үнсіз жиын өткізген.

Қазанның 11-күні оппозициялық қайраткер Алтынбек Сәрсенбайұылының қастандықпен өлтірілгеніне 8 ай толды. Бұл күнді саясаткердің кейбір туыстары мен серіктері Еуропада, демократиялық Польшаның астанасында атап өтуді жөн көріпті. Бұл туралы «Азаттық» радиосына сол жиынды ұйымдастырушылардың бірі оппозициялық саясаткер Маржан Аспандиярова бейсенбі күні айтты:

- Кеше Варшаваның ортасында біздің шағын делгациямыз және бізді қолдаған поляктар мәселені түсіндіргеннен кейін қаз-қатар тұра қалып, «бұлар – Қазақстандағы саяси террордың құрбандары» деп, суреттерді ұстап, бізбен бірге бір минөттік үнсіздік жариялауға қатысты. Бір қызығы: маған ерекше ұнағаны – ешбір полция қызметкері бізге жақындаған да, бізге кедергі жасауға тырысқан да жоқ.

Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасы тек Варшава алаңында ғана емес, сол күні сонда болып жатқан ЕҚЫҰ-ның адами өлшемдер саласындағы міндеттемелерді қарау бойынша 11-ші мәжілісінде де сөз болған. Жиынға Алтынбек Сәрсенбайұлы қорының өкілдері ғана емес, оның өлімі бойынша жүргізілген сот процесінде мемлекеттік айыптаушы болған прокуратура өкілдері де қатысқан. Екі тарап арасындағы пікірталас Варшава қаласында жалғасын тапқандығын айтты Алтынбек Сәрсенбайұылының ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы:

- Тіпті ешқандай ЕҚЫҰ-ның қазіргі күн тәртібіндегі мәселесіне қатысы жоқ адамның сол конференцияға қатысуы көп адамдардың түсінбеушілігін туғызды. Прокурор болса, Қазақстандағы әдетіне басып, мені заң бұзушы ретінде көрсетпекші болды. Ол өзімен бірге менің басылымдарда жарияланған сұқбаттарымның қиындыларын өзімен бірге көтеріп, алып барыпты. Ол «сот шешімі толық шығып, Жоғарғы сотта қаралғанға дейін жұртшылыққа жаңағыдай ақпарат тарту – сотқа жасалған қысым» дейді. Ал конференцияға Жоғарғы соттан барған өкіл алдын-ала солай сөйлеген.

Сонымен бірге халықаралық адам құқығы бойынша Хельсинки федерациясы ұйымдастырған басқосу аясында Қазақстанның ЕҚЫҰ-на 2009-шы жылы төрғалық ету мүмкіндігі де сөз болғандығын айтты «Алға» партиясын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Асылбек Қожахметов Варшава қаласынан:

- Бұл ретте көп пікірлер айтылды. Біздің жақтан Н.Фокина, Р.Нұғыманов тәрізді өкілдер өз пікірлерін ортаға салды. Мен АҚШ делегациясын бастап келген Пайффер мырзамен сөйлестім. Ол өз сөзінде: «Біз де Қазақстан демократиялық күштері тәрізді кейбір шарттар қойып жатырмыз» деді. Қандай шарттар екендігін айтқан жоқ. Бірақ, олардың біз қойған шарттарға ұқсайтындығын жеткізді.

Оның айтуынша, Варшавадағы жиынға Қазақстанның ресми және оппозиция өкілдерінен тұратын 10-нан астам қатысқан. Мәселен, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ержан Бабақұмаров онда Қазақстандағы «БАҚ туралы» заңға қатысты пікірталас болғандығын айтты:

- Менің онда ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттары мен адам құқығы бойынша бюро жетекшілерімен, оның ішінде бюро директоры Кристиан Штрохальмен де кең ауқымдағы пікірталасым болды. Содан бір мысал айтайтын: Шығыс Еуропадағы демократияның эталоны болып табылатын сол Польшада бұқаралық ақпарат құралдарын тіркеу үшін төлем жасайды. Ал бұл төлем Қазақстанда да биыл ғана енгізілді, - деді Мәдениет және Ақпарат вице-министрі «Азаттық» радиосына.

ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттары мен адам құқығы бойынша бюросының директоры Кристиан Штрохаль бұл мәжілістің биылғы жылдың желтоқсан айында Брюссельде өтетін ЕҚЫҰ-ның мүше елдерінің сыртқы істер министрлері Кеңесіне дайындық аясында маңызды екендігін жиынның ашылуында айтқан. Ал желтоқсан айында өтетін ол кеңесте Қазақстанның 2009-шы жылы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі бойынша түбегейлі шешім қабылданатыны мәлім.
XS
SM
MD
LG