Accessibility links

Қазақстандық жастар ұйымдары елде бейбіт шерулер мен жиындар өткізу құқығын шектейтін заң баптарын өзгертуді сұрап, Қазақстан президенті мен парламентке ашық хат жолдады


Ашық хатта жастар Қазақстан азаматтарына митингілер мен шерулер өткізуге, азаматтық көзқарастары мен пікірлерін ашық айтуға мүмкіндік беруді, ҚР бейбіт жиналыстар, шерулер, пикеттер мен демонстрацияларды ұйымдастыру мен өткізу туралы заңға өзгерістер енгізуді талап етіп отыр.

Президент пен Парламентке жолданған ашық хатқа жастардың 8 ұйымы қол қойған. 8 ұйым қолдаған құжат 9 талаптан тұрады. Оның негізгісі - азаматтық көзқарасын білдіргісі келгендерге саяси бостандық пен құқық беру.

- ҚР бейбіт жиналыстар, шерулер, пикеттер мен демонстрацияларды ұйымдастыру мен өткізу туралы заңдағы адамның конституциялық құқықтарын шектейтін нормалар азаматтардың ойын еркін білдіру мүмкіндіктерін жоққа шығарып, Қазақстанның демократиялық жолмен дамуын тежеп отыр, - дейді Республикалық «Болашақ» жастар қозғалысының белсендісі Дәурен Бабамұратов.

Оның айтуынша, ой-пікірлерін ашық айтып, бейбіт наразылық шарасын өткізуге тырысқан кейбір тәуелсіз жастар ұйымдарының белсенділері ҚР әкімшілік кодексінің 373-бабы бойынша жазаланып, жергілікті билік тарапынан қысымға ұшыраған. Д.Бабамұратов бұған мысал ретінде қазан айының 6-сы күні 10 күнге қамауға алынған "Эпоха" газетінің тілшісі Данияр Енекеевті келтірді.

Данияр Енекеев биыл жазда Алматының маңындағы Шаңырақ елді мекенінде тұрғындар мен полиция арасында болған қақтығыстан кейін тұтқындалған 15 азаматқа бостандық беруді сұрап, өткен аптада Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің алдына шыққан еді. Онымен бірге наразылық танытқан 5 адамды да полиция ұстап әкеткен болатын.

- Біз заңнамаларды Қазақстан қол қойған халықаралық шарттарға сәйкестендіру жолында нақты қадамдар жасауды талап етеміз, - дейді Дәурен Бабамұратов.

Былтырғы жылы Қазақстан саяси шешім қабылдап, халықаралық азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі пактіні ратификациялады.

- Бұл халықаралық нормаларды қабылдап соған қосылу дегенді білдіреді. Қазір халықаралық пакті талаптарын Қазақстан заңдарына енгізу шарттары қарастырылуда, - дейді адам құқығын қорғаушы Жеміс Тұрмағанбетова.

Оның айтуынша, Қазақстан халықаралық азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі пактіні ратификациялағанымен азаматтардың ел конституциясында көрсетілген құқықтары әліде болса шектеліп отыр.

- Халықаралық пакті ратификацияланғаннан кейін бейбіт жиындар мен шерулерге ешқандай рұқсат керек емес. Өз ойын білдіріп, Ішкі істер департаментінің алдына шыққан жастарды полиция ұстап апарып, әкімшілік жауапқа тартты. Ратификациядан өткеннен кейін ол болмау керек, - дейді Жеміс Тұрмағанбетова.

Қазақстандық жастардың бұл талабына елдегі бірқатар қоғамдық ұйымдар тарапынан қолдау тауып отыр.

- Жастардың саясатқа араласып, қоғамдағы келеңсіз мәселелерге өзіндік баға берулері мені қуантады. Әңгіме тек олардың сауатты күресе білуі. Бірліктерінің болуы, - дейді саясаткер Дос Көшім.

Сондай-ақ, жастардың ашық хатында, қазірде парламенттің қарауында жатқан, ҚР қоғамдық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі заңына үкімет ұсынған толықтырулардағы заңсыз бейбіт шерулердің барлық қатысушыларын террористер мен экстремистерге теңеп, полиция қызметкерлеріне оларға қатысты барлық арнайы құралдарды қолдануға құқық беру жағдайлары мақұлданатын болса, бұл Қазақстан заңнамаларын халықаралық стандарттардан алшақтата түседі, деп жазылған.

- Егер бұл заң қабылданатын болса, онда Қазақстан еңселі 50 елдің қатарына өте алмайды. Мұндай заңдар дамыған елдерде жат көрініс болып есептеледі. Бұл азаматтардың құқығын шектеу. Жастар мәселені өте дұрыс көтеріп отыр. Мұны айтпаса ертең олардың өздері арандап қалуы мүмкін, мұндай заң жобалары жұмыс істейтін болса. Бұл мемлекеттің болашағымыз деп есептейтін жастардың өздерін-өздері сақтандыруы деуге болады, - дейді Қанат Сүгірбеков есімді студент.

Ел президенті мен парламентке жолданған ашық хатта жастар өздері қойған талап-тілектер ескерілгенше наразылық шараларының жалғаса беретіні айтылған.
XS
SM
MD
LG