Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12.11.2006 жыл

  • Рауза МҰҚАН

Бейсенбі күні жарық көрген басылымдардың тақырыбы Қазақстандағы қоғам назарын аударып отырған екі проблемаға арналыпты. Оңтүстік Қазақстан облысындағы ВИЧ инфекциясын жұқтырған сәбилердің тағдыры мен «Миттал Стил Теміртау» акционерлік қоғамына қарасты кәсіпорын жұмысшыларының әлеуметтік жағдайы туралы мәселе баспасөз бетерінде талқыға салыныпты.

Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ дертіне шалдыққан сәбилердің ата аналары құрған «Спидтен балаларды қорғау» қайырымдылық қорының президенті Сағдат Мәсәуірұлы, «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатында қатерлі дерттің түп төркіні құлдық психологияда жатыр деген пікірмен бөлісіпті. «Ауру жұқтырған балалардың басым бөлігі қазақтар. Қандастарымның қасірет шеге тұра сана-сезімі оянбайтынына қынжыламын. Әрбір ата-ана елдегі етек алған келеңсіздікпен күресуге атсалысса, мұндай орны толмас өкініш болмас еді. Дәрігерлер емделушілерден ақша сұрайтындай қайыршы күй кешіп, ауруханалардағы құрал, қондырғылар тозығы жетіп тұрса, мұнайдан түскен қыруар қаржының қорға жиналғаны, бюджеттің кірісі миллиардтаған теңгеге артқаны кімге керек? Бұлар неге жұрт игілігіне жұмсалмайды? Міне қатерлі дерттің түп төркінін осыдан іздеуіміз керек. Қасірет қайталанбасын, қатерлі дерттің қаупі жойылсын десек, ең бастысы халық құлдық психологиядан арылуы қажет»,-дейді немересі ВИЧ ауруын жұқтырған Сағдат Мәсәуірұлы, «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатында.

«Тасжарған» газетінде жарық көрген сұхбатта академик Төрегелді Шарманов, шымкенттік сәбилердің қауіпті дертті жұқтыруына байланысты өз ойымен бөліседі. «Бізде болары болып, бояуы сіңгенде ғана оянатын әдет бар. Шымкенттегі СПИД нәубеті де сол сияқты», дей келе, академик ойын былай деп сабақтайды: «Біздің елде мейлі шахта болсын, мейлі ол басқа сала болсын – көлеңкелі көріністер бары-бар. Яғни, жемқорлықтың жемтігі болудамыз. Бұл бизнес емес, бұл ұлтқа төнген қауіп. Ұлттың қауіпсіздігіне жасалған шабуыл. СПИД-дертінен қазаға душар болып жатқан жандар мен шахтерлардың өлімінің болуы да, түптеп келгенде, осы жемқорлықтың салдары дер едім», дейді Төрегелді Шарманов «Тасжарған» газетіне берген сұхбатында.

«Экспресс К» басылымының дерегінше, сәбилерге ВИЧ инфекциясы тазартылмаған құрал-жабдықтардан жұққан деген болжам негізге алынып отыр. Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау департаментінің директоры Вячеслав Дудник, облыс ауруханаларындағы құралдарды тазарту мәселесі сын көтермейтінін айтады. Оның сөзіне қарағанда, Батыс елдерінде қазіргі заманға сай, алдыңғы қатарлы тазарту құралдары қолданылады, ал Қазақстан ауруханаларында 1982 жылы шығарылған автоклавтар тұр екен. «Сондықтан, Дудниктің пікірінше, облысқа орталықтандырылған құралдарды тазарту мекемесін салу қажет», деп жазады «Экспресс-К» басылымы.

Ал «Айқын» газеті қауіпті вирус жұқтырған балаларға халықаралық ЮНИСЕФ ұйымы тарапынан көмек көрсетіліп, осы айдың аяғына дейін Словакия мен Изараильден арнайы мамандар келетіні жөнінде жазыпты. «Сәбилерді ЮНИСЕФ ажалдан арашалай ала ма?» деген сауалға осы ұйымның өкілі А.Зуев: «Жалпы біз балалардың аман-есен өмір сүріп, қоғамнан өз орындарын алуы үшін қолдан келгенді аянбаймыз. Оңтүстік Қазақстан облысындағы 76 сәбидің көпшілігін аман алып қалуға мүмкіндігіміз болады деген сенімім бар», деп жауап беріпті. «Алайда, басқа елдердегі тәжірибе көрсеткендей, бұл оңай шаруа емес», деп қорытындылапты «Айқын» бұл мақаланы.

Қазақстанда болған екі ірі төтенше жағдай - Оңтүстік Қазақстандық балалардың ВИЧ инфекциясын жұқтыруы мен Шахтинскідегі 41 кеншінің өмірін жұтқан апатқа кім кінәлі деген сауалға жауап іздеген «Известия Казахстан» газеті, мұндай келеңсіздіктер жауапсыз шенеуніктер кесірінен болып отыр деген премьер-министр Даниал Ахметовтың пікірін келтіріпті. «Неге екенін қайдам, шенеуніктер болған оқиғаның салдарын жою үшін ғана кіріседі. Бұғанға дейін проблеманы ешкім байқамайды да» деп тұжырым жасайды «Известия Казахстан» басылымы.

«Миттал Стил» компаниясының иесі Лакшми Митталдың табысы мен өмірі жайлы жазған «Түркістан» газеті Қазақстандағы осы компанияға қарасты кәсіпорындарда жұмысшылар еңбегі лайықты бағалана ма деген мәселе көтеріпті. «Батыс ақпараттық агенттіктерінің соңғы кезде Қарағанды облысында орын алған шахтерлар мен металлургтер ереуілдеріне қатысты таратып жатқан мәліметтеріне қарағанда ондағы көмір өндірушілердің орташа айлық жалақысы 350 долларды, металл қорытушылардың орташа жалақысы 300 долларды құрайды екен.... Бұл Қазақстанда бүгінгі таңда бар орташа жалақыға пара-пар. Егер кеңес заманында шахтерлардың жалақысы елдегі орташа жалақыдан кем дегенде төрт-бес есе көп болғанын ескерсек, олардың бүгінде алатынын көп деуге ауыз бармайды. Металлургтердің табысы туралы да айтарымыз сол» деп жазады «Түркістан» газеті.
XS
SM
MD
LG