Accessibility links

Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында Ресей мен Қазақстан бірлескен кәсіпорын құрмақ


Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында Қазақстан мен Ресей үш бірлескен кәсіпорын құруға келісім жасады. Бұл туралы қазанның 12-сі күні Мәскеуде екі жақ тиісті құжаттарға қол қойған. Оған Қазақстан атынан «ҚазАтомӨнеркәсібі» ұлттық компаниясы өкілдері қатысқан.

«ҚазАтомӨнеркәсібі» ұлттық компаниясының өкілі Ольга Рининскаяның айтуынша, Қазақстанның Ресеймен бірлескен бір кәсіпорны «Атом станциялары» деп аталатын болады және ол кәсіпорын Алматыда орналасады. Бұл жоба бойынша бірлескен кәсіпорын шағын және орташа қуатты атом реакторларын жасаумен айналыспақшы. Сол арқылы Қазақстан атом электр станциясын салу технологиясын игеру мүмкіндігіне қол жеткізбек және бірлескен кәсіпорын өзі шығарған жаңа үлгідегі атом реакторларын Қазақстан, Ресей нарығына шығарумен бірге болашақта шетелге де экспорттауды жоспарлап отыр дейді компания өкілі.

«ҚазАтомӨнеркәсібі» ұлттық компаниясы өкілінің айтуынша, Қазақстандағы уран кеніштерін игеру мақсатында «Ақбастау» атты екінші бірлескен кәсіпорын құрылмақшы. Бұл кәсіпорын Қазақстанның «Южное Заречное» және «Буденовское» уран кеніштерін игеру үшін құрылмақ. Ал кәсіпорын Алматыда тіркеледі дейді компания өкілі Ольга Рининская.

Қазақстан мен Ресей арасындағы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы үшінші кәсіпорын - «Уран байыту орталығы» Ресейдің Ангарск қаласында құрылады. Бұл бірлескен кәсіпорында уранды байытудан бастап, ядролық отын циклі қызметін көрсететін халықаралық орталық құру межеленіп отыр. Бірлескен кәсіпорынның жұмысы Халықаралық атом энергетикасы жөніндегі агенттік - МАГАТЭ-нің бақылауында болмақшы дейді компания өкілі. Оның айтуынша, бұл бірлескен үш жобаға Ресей жағы мен Қазақстан жағы тең көлемде қаржы салады. Оның қанша болатындығы әзірге белгісіз.

«Өйткені, қазір кәсіпорындарды салу жөніндегі техникалық және экономикалық негіздемелер жасалып жатыр. Сонан кейін жұмсалатын қаржы есептеле бастайды», - дейді компания өкілі.

Халықаралық экономика саласының маманы Болатхан Тайжанның пікірінше, Қазақстан үшін атом энергиясын дамытатын, оны пайдаға асыратын кез жеткен, алайда осы салада Ресеймен бірлесіп жұмыс істеу қажеттілігі жөнінде көп ойланған дұрыс болмақ.

Ал саясаткер Әміржан Қосанов болса Қазақстан атом энергиясынан гөрі табиғи энергия көздеріне аса мән бергені жөн деп санайды.

«Осы орайда Қазақстан өз табиғи газын өзінде емес, Ресейдің Орынборына жіберіп, сонда өңдеудің қандай қажеттілігі бар? Ал Ресей болса атом технологиясы жағынан әлемде аса бір озық ел емес, сондықтан Қазақстан егер атом энергиясын пайдалану қажет десе, онда батыс елдерінің озық технологиясын алғаны дұрыс», - дейді оппозициялық саясаткер.
XS
SM
MD
LG