Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10.13.2006 жыл

  • Рауза МҰҚАН

Жұма күні жарық көрген республикалық басылымдарда жемқорлық жайында және көлеңкелі экономиканың зардаптары туралы мақалалар жарық көрді. Кейбір басылымдар қазіргі кезде Қазақстандағы ішкі жалпы өнімнің жартысы көлеңкелі экономиканың үлесінде деп жазады. Сарапшылар, бұл ахуал, экономикалық саланың қозғаушы күші болып табылатын шағын және орта бизнестің дамуына үлкен кедергі болатын құбылыс деп бағалап отыр.

«Эпоха» газетінде «Нағыз Ақ Жол» партиясының тең төрағасы Ораз Жандосов осы аптада Астанада «Отан» партиясының ұйымдастыруымен өткен «Жемқорлықпен күрестегі саяси партиялардың рөлі» атты дөңгелек үстелде өзі жасаған ұсыныстарымен бөлісіпті. «Жемқорлықпен күрес жөніндегі комиссияның мәртебесін мемлекеттік комиссия деңгейіне көтеріп, оған барлық саяси партиялардың өкілдерін қосу арқылы құрамын кеңейту қажет» дейді Ораз Жандосов «Эпоха» апталығына берген сұхбатында.

«Литер» басылымы болса, Теміртау қаласы салық комитетінің бұрынғы төрағасы, ірі көлемде пара алғаны үшін ұсталып, сотқа тартылғанын жазады. Сот барысында 19 іс бойынша қылмысы дәлелденген шенеунік, Теміртау қалалық сотының үкімімен 7 жылға бас бостандығынан айырылған. «Литер» газеті бұрынғы салық комитетінің кәсіпкерлерден бопсалап 800 мың теңгеге жуық пара алғаны сотпен дәлелденгені туралы жазыпты.

«Панорама» басылымы көлеңкелі экономика мен жемқорлықтың Қазақстандағы кәсіпкерлікті дамытуға ықпалын анықтау мақсатында елдің Кәсіпкерлер Форумы іскер топ өкілдері арасында жүргізген сауалнаманың қорытындысын жариялапты. «Зерттеу нәтижесі, Қазақстандағы көлеңкелі экономиканың көлемі ішкі жалпы өнімнің 50 пайызын құрайтынын көрсетіп отыр» деп жазады «Панорама». Алайда, Қазақстан Кәсіпкерлер Форумының төрағасы Райымбек Баталов, сауалнама қорытындысы кәсіпкерлер үшін жаңалық болмағанын айтады. Сондай-ақ, «Шағын және орта бизнес өкілдері үкімет ұсынып отырған шаралардың кәсіпкерліктің көлеңкеден шығарылуына септігін тигізбейтініне сенімді», дейді Баталов «Панорама» газетіне берген сұхбатында.

Қазақстан Кәсіпкерлер Форумы жүргізген осы сауалнама қорытындысына талдау жасаған «Республика» басылымы, «елдегі бизнес саласын дамыту үшін, жемқорлықпен және көлеңкелі экономикамен күрес жүргізудің қандай жолы бар?» деген сауалды Алматы кәсіпкерлер ассоциациясының төрағасына қойыпты. Жауабында Виктор Ямбаев: «Билік айыппұлды көбейтіп, бақылау қызметтерін күшейтумен еш нәтиже шығара алмайды. Қазақстанда кәсіпкерлерді бақылайтын 56 орган бар. Ал жемқорлықты жою үшін, ең бастысы, әкімшілік реформа жүргізіп, мемлекеттік қызметкерлер санын қысқартып, бақылаушы органдардың құзырын шектеу қажет», дейді.

Көлеңкелі экономиканың зардаптары туралы саралай келе, «Казахстанская правда» басылымы, бұл ұлттық қауіпсіздікке үлкен қатер төндіретін құбылыс деп атап көрсетіпті. «Кез-келген мемлекет үшін, заңсыз жолмен қаржыны заңдастыруға қарсы тұру үшін, арнайы заңдар қажет. Қазақстанда бұл мәселе тек Қылмыстық Кодексте ғана қарастырылған, бұл жеткіліксіз» деп жазады басылым. Сондықтан, Қазақстанда «Заңсыз жолмен тапқан пайданы заңдастыруға және терроризімді қаржыландыруға қарсы тұру» туралы Заң қабылдануы қажет деген ұйғарымға келіпті «Казахстанская правда» газеті.
XS
SM
MD
LG