Accessibility links

Қазақстанда жемқорлықты қалай ауыздықтауға болады?


Қазақстанның еңбек конфедерациясының президенті әрі парламенттің қорғаныс комитетінің төрағасы Серік Әбдірахманов президент Назарбаевқа жемқорлықпен күресу үшін арнайы топ құрып, соған президенттің өзі төрағалық етуін сұрап үндеу жариялады. Бұл туралы қазанның 13 күні Астанада парламентте хабарланды. Депутаттың айтуынша, қазіргі кезде рейдерлік іс-қимылдар арқылы парақорлар кәсіпорын және жерге заңсыз ие болып келеді. «Бұл жұмыста әр шенеунікке қанша пара беретіндігі жөніндегі мәліметті аты-жөнін жасырған полиция қызметкерінен алдым» дейді депутат.

Қазақстанның еңбек конфедерациясының президенті әрі парламенттің қорғаныс комитетінің төрағасы Серік Әбдірахмановтың айтуынша, Қазақстандағы жемқорлық кесірінен елдегі тауар мен қызмет құны орта есеппен 50 пайызға қымбаттап отырады. Ал рейдерлікті парақор жоғары лауазымды шенеуніктердің көмегінсіз жүргізу мүмкін емес, дейді депутат. Әбдірахмановтың мамандарға сілтеме жасап айтуынша, рейдерліктің табысы 500-1000 пайызға тең:

- Сыбайлас жемқорлық, әсіресе, оның ең жабайы түрі - рейдерлік. Біреудің мүлкін билікте отырған лауазым иелеріне сүйеніп меншіктеніп алу. Күшпен тартып алады да қымбатқа сатады. Жер ме, үй ме, мекеме ме, зауыт па – полицияны, сотты, прокуратураны, қаржы полициясын - бәрін өзіне бұрып алады да, сосын басып алады.

Президент Назарбаевқа жазған үндеуге қоса депутат Әбдірахманов рейдерлердің жұмыс жүйесі мен бағаларын қосып отыр. Мысалы, кәсіпкерлікке барлау жасау үшін рейдерлер 5 мың доллардан 20 мың долларға дейін ақша сұрайды, дейді депутат. Ал осы нысанды жаулап алу әдісін сұрасаңыз рейдерге 10 мың доллардан 30 мың долларға дейін қаржы бересіз, дейді ол. Салық инспекторымен келіскіңіз келсе 25 мың доллар. Сот атқарушыларына сот шешімін орындату үшін 5 мың доллар талап етіледі, деген дерек келтіреді депутат.

- Міне, рейдерлердің сметалары мен тарифтері: тексерушіні қалай жіберу керек, оларға қанша береді – барлығы жазылған. «Меншік иесін аудандық прокурор қорғаса, біз облыстық прокурорға шығуымыз керек, оның нарқы екі есе қымбат» деп жазыпты. Мұны маған берген заң органының қызметкері, өзінің атын айтпауды сұрады. Ақшаны алып жатқанын қолынан ұстап алмасаң - ұры деп айта алмаймын. Сол себептен, елбасының көңілін аударып отырмыз бұл мәселеге, - деді С.Әбдірахманов.

Сөзінің айғағы ретінде депутат еңбек конфедерациясы мүшелерінің ішінен рейдерлерден зардап шеккен бірнеше адамның тізімін берді. Олардың қатарында зейнеткер Күләш Құрманшинова да бар. Оның айтуынша, ол осы уақытқа дейін өзіне тиесілі жерінен пайда көрмей келеді екен.

- 1500 адамда өз пайлары болды. Ауыл тарап жатқанда Дяченко ауыл шаруашылығы маманы мен президент болдым деп, Қасымбеков акционер болдым деп, біздің жерімізге сырттан құжат жасап, бізден рұқсат сұрамастан 30 мың гектар жерді 8 жылдан бері пайдаланып келеді. Жоғарғы соттың үкімі біз жақ болып шықты. Бірақ оны қайтадан бұзып, 1500 кісінің үлесін өзіне қаратып алды, - деп шағым айтады зейнеткер.

Депутат Әбдірахмановтың айтуынша, бұл жағдайда да әкімдерге рейдерлер көмек көрсеткен және рейдерлердің құрығына парақор заң адамдары ілігеді, дейді депутат. Прокуратура органдары болса бұған дейін шынында да жемқорлыққа көп жағдайда заң органдарының қатысы бар екендігін хабарлаған. Бас прокурордың орынбасары Ерғали Мырзадиновтың айтуынша, жыл сайын жалпы жемқорлыққа қатысты істер тіркеліп отырады:

- Бізде жылына 700-800 іс тіркеледі, коррупция жөнінен.

Астанадағы заң академиясының ректоры заңгер Мақсұт Нәрікбаевтың айтуынша, жемқорлыққа қатысы барлардың қолға түскендер саны жыл сайын көбейіп келеді:

- Қылмыспен күрес кезінде, қандай қылмыс болмасын, оның өсуі пайда болады. Өйткені, бір қалтадан алып екіншісіне беру аса бір үлкен емес, әлгі үйреніп қалған қылмыс болды.

Ал, Қазақстан жұртшылығы өкілдерінің бұл мәселеге қарасты көзқарастары ұқсас:

- Жұмысқа кіру үшін пара беруің керек.

- Кез келген жерде бар пара. Жол полициясы тоқтатады - бересің, қазір тіпті батыл сұрайды. Дәрігерлер сұрайды, бас дәрігеріне сұрайды. Мектепте мұғалімдер директорға жинайды. Осының бәрі жемқорлық емей немене?

- Жемқорлық ешқашан бітпейді, ол қанға сіңген, бүкіл жерде беріледі.

Ресми мәлімет бойынша Қазақстанда жемқорлықпен күрес жұмысы 1998 жылы заң қабылданғаннан бері жүргізіліп келеді.
XS
SM
MD
LG