Accessibility links

Осы соңғы апталарда екі бірдей белгілі кәсіпкер мен аса танымал журналистің қаза табуы – бұл елде тапсырыспен кісі өлтіру арқылы есеп айырысу жайттарының қайта бас көтергендігінің белгісіндей. Бірақ бұдан тапсырыспен кісі өлтіру құбылысы Ресейге ғана тән деп білуге болмайды. ТМД елдерінің қай-қайсысында да белгілі саясаткерлер мен журналистердің, кәсіпкерлердің қастандық құрбаны болып жататыны кездесіп тұрады.

ТМД мемлекеттерінде танымал, белгілі деген тұлғалардың жалдамалы жендет қолынан түрлі жағдайда қаза табуы жиі болып жатады. Бірақ олардың бірінің қолтаңбасын екіншісінен айыру қиын емес.

Төменде өздеріңізді ТМД елдерінде тапсырыспен өлтіріліп, зұлымдық құрбаны болған танымал тұлғалардың тізімімен таныстырсақ деп отырмыз.

Әліпби ретімен бастар болсақ, алдымен Арменияны ауызға алады екенбіз.

Армения теледидар және радихабарларын тарату ұйымының басшысыТигран Нахдалян, 2002 жылы 28 желтоқсанда қаза тапты. 36 жасар Нахдалянды Ереванның орталығындағы ата-анасының үйінен шыққан кезде ту сыртынан басынан атқан. Ол 1994-97 жылдар аралығында «Азаттық» радиосы Армян редакциясының тілшісі болған. Нахдалянды қастандықпен өлтіргендер әлі табылған жоқ.

Қарабақ соғыс ардагерлерінің Еркрапа одағының жетекшісі Седрак Затикиян 2006 жылы 22 маусым күні құрбан болды, оны Ереванның Малатия-Себастия ауданында машина жүргізіп келе жатқанда атып өлтірген. Көргендердің айтуынша, қастандық жасаушылар Затикиянның көлігін көздеп, бірнеше мәрте оқ жаудырған, содан кейін қашып кеткен. Ол сол жерде жантәсілім еткен.

Ал осы жылдың тамыз айында Арменияда балалар хұқы жөніндегі үкіметтік емес ұйымның жетекшісі Александр Гивоев та атып өлтірілген. Ол 2003 жылы парламенттік сайлауға қатысып, жеңіліс тапқан еді. Гивоевтің репутациясы ол Ресейде жұмыс істеген уақытта даулы сипатқа ие болған-ды.

2006 жылдың қыркүйек айында Мемлекеттік салық қызметі бөлімінің басшысы Шахен Овасапиан қаза табады. Оның мінген қызмет машинасы үйінің жанында жарылған, соңынан көліктің ішінен ауыр жараланған Овасапианның денесі табылғанымен, ол ауруханаға жетпей көз жұмады. Овасапианның Армениядағы ірі екі газ компаниясының бірінің иесі болғандығын көпшілік біле бермейді.

Әзірбайжан. 2005 жылдың наурыз айында апталық "Монитор" тәуелсіз басылымының редакторы Елмар Хусейінов жұмыстан үйіне келе жатқанда атып өлтірілген. Кейбір адам хұқы белсенділері бұл өлім қазіргі режимді сынаушыларға қарсы ескерту деп сипаттады. Тергеу амалдары жүріп жатқанымен, күдікті деп қамауға алынған ешкім жоқ.

Беларус. Литва дипломаты Витаутас Посиунас 2006 жылдың 23 тамызы күні қаза табады. Литва қауіпсіздік қызметі офицерінің денесі Бресте қонақ үйдің сыртынан табылған. Беларус тергеушілері Посиунасты өлтірушілер оны терезеден лақтырып жіберген болуы керек дейді. Дипломаттың қонақ үй бөлмесіндегі жеке заттары мен құжаттарына ешкім тиіспеген. Бұл өлім төңірегіндегі тексеру амалдары қазанның 23-не дейін жүргізіледі.

Қазақстан. 2004 жылы шілденің 20-сында тәуелсіз журналист Асхат Шәріпжанның қазасынан басталған жұмбақ өлімдер тізімін жалғастыра беруге болады. Үкіметтік емес ұйымдар мен бірқатар саясаткерлер "Нави" интернет басылымындағы батыл мақалалары үшін билік Асхатты әдейі өлтірді деген тұжырымға келген болатын. Асхат жол үстінде машина қағып, қаза болатын күні Қазақстан оппозициясындағы белгілі екі тұлғадан сұхбат алған болатын, бірақ кейіннен бұл сұхбаттар мен оның жұмыс столының кілттері табылмай кетті.

Асхат Шәріпжан сұхбат алған оппозиция жетекшілері Заманбек Нұрқәділов пен Алтынбек Сәрсенбайұлы да кейінірек қаза тапты.

Бұрынғы Төтенше жағдайлар министрі Заманбек Нұрқаділовтің өлі денесі 2005 жылдың 11 қарашасында өз үйінен табылды. Ресми тергеу амалдары Нұрқәділов өзіне-өзі қол жұмсаған деген қортындыға келді. Бірақ та оның президент Назарбаевты қатты сынап жүргендігі мен журналист Шәріпжанға берген соңғы сұхбаттарына байланысты қазақ саясаткерлері мен үкіметтік емес ұйымдар Нұрқәділов өлімінің саяси астары бар деп біледі.

Осы қазадан соң үш ай өтер-өтпесте, 2006 жылдың 13 ақпанында, оппозициядағы "Нағыз Ақ жол" партиясының тең төрағаларының бірі Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі серігінің денелері Алматы сыртынан табылды. Оларды зұлымдықпен өтіргендер қолдарын арттарына байлап, тізерлеп отырғызған күйінде желкелерінен атқан. Сәрсенбайұлының өлімі жеке бастың араздығынан туған деген тұжырым жасады, ресми билік тарабы. Алайда марқұмның туыстары мен оппозициялық топтар бұрынғы ақпарат министрі және Ресейде Қазақстан елшісі болған Алтынбек өзінің саяси көзқарастары үшін құрбан болды деп есептейді.

2005 жылдың маусымында "Азат" газетінің бас редакторы және Қазақстанның демократиялық таңдауы партиясының саяси кеңесінің мүшесі Батырхан Дәрімбет қаза тапты. Ресми түрде оның өлімі жол апатынан болды делінеді. Бірақ та 2005 жылы парламент сайлауына қатысу үшін Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысы тіркелген соң жан-жақтан қысымның күшейгендігі аян. Туыстары мен әріптестері, оппозиция мүшелері Батырхан Дәрімбет тапсырыспен өлтірілді дейді. Батырхан "Азаттық" радиосы Қазақ редакциясының тілшісі болған еді.

2004 жылы Қазақстандағы ең ірі "Тұранәлем" банктің басшысы Ержан Тәтішев қаза тапқан болатын. Ресми түрде ол аңда жүрген кезде абайсызда атылған оққа ұшты делінеді. Бірақ оның бағыты мен көзқарасын жақсы білетіндер, Тәтішев алдын-ала ойластырылған қастандықтың құрбаны болды деген ойда.

Татарстан, Ресей. 2002 жылы 30 тамызда Татарстандағы Егерзи ауданының әкімі Рафиз Саитовтың өлі денесі үйінің қасынан табылған. Оның өліміне қатысты жүргізілген тергеу амалдары бойынша сот Саитов өзінің алдында осы қызметті атқарған Ринат Закировтың тапсырысымен өлтірілген деген қорытындыға келіп, Закировты 17 жыл бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Виктор Фабер, Камаз ауыр машина жасау зауытының басшысы, 2003 жылы 27-мамырда жоғалып кеткен.

2006 жылы қыркүйекте Ресей Орталық банкінің коммерциялық банктердегі заңсыз ақша айналымын қадағалайтын орынбасары Андрей Козлов та жалдамалы жендеттің қолынан қаза тапты.
XS
SM
MD
LG