Accessibility links

Қазанның 13-14 аралығында Қазақстанда өндірістегі апат салдарынан 4 жұмысшы қаза болып, 2 адам түрлі деңгейдегі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Бұл жөнінде "Азаттық" радиосына Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің баспасөз қызметінен қазанның 14-і күні хабарлады. Жалпы, Қазақстандағы өндірістегі жұмысшы өлімінің белең алып бара жатқанына бірқатар Парламент депутаттары да алаңдаушылық айтады. Олар бұл ретте еңбеккерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыратын заң нормаларын қабылдап, қолданысқа енгізу қажет деп есептейді.

Қазанның 13-і күні 05 сағат 50 минөтте «Қазақмырыш» кәсіпорынына қарасты Риддер-Сокольный кенішінде орын алған жарылыстың салдарынан бір жұмысшы қаза болып, екіншісі ауруханаға түскен. Бұл туралы Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің баспасөз хатшысы Наталья Ким сенбі күні хабарлады.

- Жарылыс екпінімен Рахымжанов деген жұмысшының денесі 27 метр биіктіктен құлаған. Ал екінші азамат - Колесников түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Жапа шеккендерді құтқарушылар 7 сағат 30 минөтте шығарды, - деді Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік қызметкері.

Қазанның 14-іне қараған түні «Қазақмырыш» кәсіпорнына қарасты келесі бір жұмыс орны - Тишин кенішіндегі ұңғылау жұмысы кезінде кеніш жынысының қопарылуы салдарынан ұңғылау қондырғысының 31 жастағы машинисі көз жұмған.

- Оның денесі де үйіндіден 1 сағат 20 минөтте тағы да сол құтқарушылар күшімен жоғарыға шығарылды, - деді Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік қызметкері Наталья Ким.

Қазанның 13-і күні сағат 6-да «Қазақмыс» корпорациясына қарасты Оңтүстік-Жезқазған кен орнында тау жынысының қозғалуы салдарынан 15-ші учаскенің жарғышы үйіндінің астында қалып, мерт болған. Дәл сол күні тағы да «Қазақмыс» құзырындағы Қарағанды гидроэлектр стансасында бір жұмысшыны тоқ соғып күйіп қалғанын хабарлады Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік. Сондай-ақ, Астана қаласында да сел жүретін құбырды салып жатқан кезде қазылған шұңқыр ішінде қопарылған үйінді астында қалған 20 жастағы жұмысшы қаза болған. Соңғы жылдары Қазақстанда өндірістегі өлім белең алып отырғанымен үкімет оған жеткілікті түрде назар салмай отыр дейді Еңбек Конфедерациясының президенті, Парламент мүшесі Серік Әбдірахманов:

- Өндірістегі қауіпсіздікті ойлайтын қазір адам жоқ. Баяғыда адам шығыны болмасын деп жауапты лауазым иелері, мемлекеттік органдар өндіріс орындарын аралап, күні-түні шауып жүретін. Қазір жоғарғы жақтың қарны тоқ, жұмысшылармен ісі жоқ. Қазіргі нарық заманында өндірістегі қауіпсіздікті ойлайтын – кәсіподақтар. Бірақ, өкінішке орай, біздің елде бұл ұйымдарды ойыншық, қуыршақ органдарға айналдырып жіберген.

Жалпы, өндірістегі жұмысшы өлімінің саны жағынан республикада «Қазақмыс» корпорациясы бірінші орында тұрса, «Миттал Стил Теміртау», «Еуразиялық өнеркәсіп қауымдастығы» сияқты ірі шикізаттық компаниялар одан кейінгі орын алады. Бірақ бұл компаниялардың басшыларын жауапкершілікке шақыру әрекеттінен әзірге ештеңе шығып отырған жоқ дейді депутат Серік Әбдірахманов:

- Анау «Қазақмыстың», мынау «Миттал Стил Теміртаудың» қолдаушы-«крышалары» өте жоғарыда отыр. Сондықтан, ешкімнің оларға тісі батпайды. Әңгіме – осында! Біз де Мәжілісте осы мәселені көтеріп талай айттық, Бас прокуратураға да сауал жолдадық. Бірақ, әзірге ешқандай нәтиже жоқ!

Қазақстан ондаған жылдар бойы инвестиция тарту мақсатында инвесторларға басымдылық беріп, еңбеккерлердің құқығы назардан тыс қалдырып келді. Енді жағдайды өзгертетін уақыт келді деп есептейді бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Парламент депутаты Әлихан Байменов:

- Сондықтан да, Еңбек кодексіне немесе жұмыс берушілердің жауапкершілігін сақтандыратын заңдарда жұмысшыларға қауіпсіздік қамтамасыз ететіндей істерді міндеттеу керек, екінші жағынан сол істерге ынталандыру керек. Әрине, осындай ынталандыру болмағандықтан, жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жаңа қондырғылар алуға, оларды жаңартуға ақша жұмсағылары келмейді.

Ресми деректер бойынша, былтырғы жыл мен биылғы жылдың шілде айлары аралағында Қазақстанда кәсіби міндетін атқару кезінде қаза болған 77 адамның дені – жұмысшылар. 33 қаза тау-кен саласында, 15-і құрылыс саласында орын алса, қалғаны шаруашылықтың басқа салаларына тиесілі.
XS
SM
MD
LG