Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10.17.2006 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген республикалық баспасөз беттерінде 20-қазан күні өтетін, аудан әкімдерінің сайлауы туралы сөз болады. Сондай-ақ, бірқатар басылымдар тұрғын үй-коммуналды қызмет саласындағы тарифтердің көтерілуі себебін анықтауға мән береді. Бұған қоса, газеттерде Теміртаудағы металлургия комбинатынан темір ұрлауға комбинат жұмысшыларымен бірге заң өкілдерінің де қатысы болуы мүмкін деген болжамдар жарияланған.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы аудан әкімдерінің сайлауалды науқанына, әр аудан бойынша шолу жасаған «Жас Алаш» басылымы, «Бұл жолғы науқанда облыс әкімі бір орынға екі үміткерден артық адам ұсынбаған соң жұмадағы бәсекеге жұрттың аса аңсары ауып отырған жоқ» дей келе, қарапайым тұрғындардың әкімдер сайлауына қатысты пікірін келтіріпті. «Шынын айтқанда әкімдерді дәл осылай сайлаудан халыққа ешқандай пайда жоқ. Бұл жай ғана демокартияның бетпердесін жамылып істелініп отырған бүгінгі биліктің қутыңбай тірлігі. Әйтпесе нағыз әкімді қалың ел, қарапайым халық сайлауы керек емес пе?» дейді басылымға пікірін білдірген Тараз қалалық емханасының дәрігері Жұбан Тілеубергенов. Ал, Тараз қаласының тұрғыны Жайлаубек Қалдарбеков: «Әкімді тағайындадың не, сайладың не бәрібір болып тұр ғой. Ең алдымен үміткерді облыс әкімінің ұсынуы дұрыс емес» дейді «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатында.

Ал «Егемен Қазақстан» басылымында аудан әкімдерінің сайлауына қатысты «Отан» партиясы төрағасының міндетін атқарушы Бақытжан Жұмағұлов, партияның ұстанымымен бөлісіпті. Президент Н.Назарбаевтың «Демократия – біздің жолымыздың басы емес, нысанасы» деген сөзіне сүйене отырып: «Жергілікті атқарушы билікті дамытудың бірінші кезеңі ретінде жанама түрдегі сайлаудың енгізілуі, менің ойымша, өзін-өзі ақтауы тиіс. Бұл тетік өзінің тиімділігін 2001 жылы 28 ауылдық округ әкімдерін және 2005 жылы тәжірибе жүзінде өткізілген 4 аудан әкімін сайлау кезінде көрсеткен болатын» дейді Бақытжан Жұмағұлов «Егемен Қазақстан» басылымына берген сұхбатында.

«Айқын» басылымында жарық көрген мақалада Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі Агенттіктің елдегі монополист компаниялар қойған бағаларға толығымен ықпал етуге құзыры жоқ екені айтылады. «Нарықта алпауыт болып табылатын субъектілермен ешкім айналысып жатқан жоқ, баға қалыптастыру және баға сыбайластығы істері қараусыз бетімен жіберілді! Яғни мемлекет бақылауынан тыс қалар вакуум (қуыс) пайда болған» дейді осы жайында «Айқынға» берген сұхбатында парламент депутаты Шәймерден Оразалинов.

Ал, тарифтер көтерілгенімен проблемалар сол күйінде қалып отыр деген ойды алға тартқан «Известия Казахстан» басылымы, бұл мәселеге байланысты Табиғи монополияларды реттеу Агенттігінің төрағасы Бақытжан Сағынтаевтың пікірін келтіреді: «Тарифтердің көп бөлігі жөндеу мен нормативті-техникалық шығындардың есебінен тұрады.. Егер тарифтерді бекітуде қажетті жөндеу жұмыстарына кететін шығынды толығымен ескеретін болсақ, ол төрт есеге өсер еді» дейді Табиғи монгополияларды реттеу жөніндегі агенттік басшысы, «Известия Казахстан» басылымына берген сұхбатында.

«Миттал Стил Теміртау» компаниясының металлургия комбинатынан темір ұрлауға қатысы бар 16 адам ұсталғаны туралы «Казахстанская правда» газеті жазады. «Контрабандалық қылмысқа кәсіпорын жұмысшылары, күзет фирмалары, шенеуніктер, полиция, тіпті бұрынғы имам басқарған қылмыстық топтардың қатысы бары анықталған» дей келе басылым, «бұл көлеңкелі бизнес, шенеуніктердің жемқорлығы және ұйымдасқан қылмыстың бір арнаға тоғысуының көрінісі» деген Ішкі істер министрлігі криминалды полиция Комитетінің төрағасы Сергей Глущенконың пікірін келтіреді.

Ал, «Экспресс К» басылымының дерегінше, Теміртаудағы металлургия комбинатынан күн сайын жүздеген тонна металл қолды болып отырған. Қазақстанның криминалды полиция Комитетінің басшысы Сергей Глущенко ұрланған тауарларды сатып алушы бірнеше фирмалардың анықталғанын айтып отыр. «Тек бір ғана факті бойынша 11 миллион теңгенің металын тәркіледік. Тағы бір жолы, полиция ұрланған 100 тонна түрлі-түсті темір тиелген жүк көліктерін ұстады» дейді Глущенко, «Экспресс К» газетіне берген сұхбатында.
XS
SM
MD
LG