Accessibility links

Америка Құрама Штаттарының халық санағы бойынша Бюросының мәліметіне сәйкес, Америка халқының саны 300 миллионға жетті. Осыдан 39 жыл бұрын ғана - 1967-нші жылы – АҚШ халқы 200 млн.-ға тең болатын. Халықтың осылайша жедел өсуі – иммигранттардың ағылып келуі, адам өмірінің ұзаруы және жаңа туғандардың тұрақты өсуі сынды бірнеше фактордың нәтижесі болып табылады. “Азаттық” Радиосы тілшісінің Вашингтоннан жолдаған хабарына қарағанда, осы 3 фактордың ішінен халық санының жедел өсуіне ең зор үлес қосқаны, дау жоқ, иммиграция болып отыр.

Кеңсесі Вашингтонда орналасқан Қоныс аудару саясаты Институтының мәліметіне сәйкес, әрбір 30 секунд сайын АҚШ-қа 1 адам иммиграцияға келеді. Бұл, Американың халық санағы бойынша Бюросының хабарына сәйкес, АҚШ халқы 17-нші қазан күні 300 миллионға жетті деген ұғымды білдіреді. Тексас университетіндегі халық саны бойынша зерттеу Орталығының директоры Марк Хэйуордтың (Mark Hayward) мәлімдеуінше, мұндай зор өсім сарапшыларды таң қалдырған жоқ.

М.ХЭЙУОРД: “Біз бірашама уақыттың ішінде өстік. Біздің халық Еуропа халықтарына қарағанда әлдеқайда жас. Оның бір сыры – Еуропа елдерімен салыстырғанда, біздің бала туу көрсеткішіміз біршама жоғары. Сонымен бірге дәл қазір біздің халқымыздың өсіміне маңызды үлес қосатын айтарлықтай иммиграция толқыны тағы бар”.

Осы күні АҚШ-та өмір сүретін, бірақ шетелдерде туып өскен шамамен 36 млн. адам бар. Хэйуорд бұл көрсеткішті Америкада азаматтықтың қайсыбір мәртебесіне ие болған адамға отбасын көшіріп алып келуіне мүмкіндік беретін АҚШ саясатының жемісіне жатқызады. 2003-інші жылы заңды түрде Америкада тұрақты қалуға рұқсат алған иммигранттардың 70 пайызы америкалықтың немесе АҚШ-тан баспана алған азаматтың туысы болған.

М.ХЭЙУОРД: “Өткен 20 жыл ішінде иммиграцияны “қоректендірген” нәрсенің бірі – иммиграция заңының отбасын біріктіру сәті болды. Айталық, осында келген иммигранттардың ақыр аяғында өздерінің отбасыларын көшіріп ала алғаны да, осылайша, өте маңызды жайт болды”.

Иммигранттар елдің жүзін танымастай өзгертті. АҚШ-тың халық санағы бойынша Бюросының есебі бойынша, халықтың 1/3-ін ақ нәсілділерден басқа этникалық топтар құрайды. Нью-Йорк халқының 36 пайызы және Лос-Анжелес қаласы халқының 40 пайызы шет елден келгендер. Американың Лос-Анжелес және Хьюстон сынды қалаларындағы Латын Америкасынан қоныс аударып келген иммгранттар – ең ірі этникалық топтар.

Испан тілділер – Латын Америкасынан көшіп келген мейлінше тез өсетін және Америкадағы азын-аулақ этникалық топтардың мейлінше ірісі болып табылады. Олар 43 миллионға тең. Одан кейінгі ірі топ – 40 миллионды құрайтын афро-америкалықтар. Үшінші болып – 14.5 миллионға жететін Азиядан шыққандар тұр. АҚШ-қа жаңадан келген заңды иммигранттардың тең жартысы 10-ақ елден – Мексика, Үндістан, Филиппин, Қытай, Сальвадор, Доминикан Республикасы, Вьетнам, Колумбия, Гватамела және Ресей сынды елдерден қоныс аударды. Ресей бірқатар елді “ығыстырып”, осы ондыққа таяуда ғана қосылды. Украина мен Босния және Герцоговина бұл ондықтан шығып қалды. Америка Құрама Штаттарындағы халықтың өсуі, негізінен, жақсы құбылыс болып табылады. АҚШ-тың халық сирек тұратын аймақтары әлі көп, демек қоныс аударушыларға жер әлі жетіп артылады. Бірақ, иммигранттар жұмыс табуға оңай ірі қалаларға шоғырланады. Осы күні иммигранттар Америкадағы барлық жұмыс күшінің 14 пайызын құрайды.

Айта кету керек: өнеркәсіптің ақпарат және медицина сынды кейбір саласы Үндістан мен Қытай секілді елдерден көп маман тартса, білімі жоқ немесе кәсіби мамандығы жоқ миллиондаған жұрт қызмет көрсету саласынан немесе өнеркәсіптің қол еңбегін қажет ететін саласынан жұмыс іздеп келеді. Марк Хэйуорд жұмыс істейтін Тексас университетінің есебіне сәйкес, иммигранттардың кәсіби мамандығы жоқ жұмыс күші АҚШ экономикасының ұзақ уақыт бойы дамуының ең басты себептерінің бірі болып отыр. Оның атап көрсетуінше, Еуропаның халқы қартайып, бала табу көрсеткіші құлдыраған көптеген еліне қарағанда, Америка халқы жас және зейнетке шыққан қарттарды қолдайтын жұмысшылары көп.

Алайда, иммигранттардың үлкен толқынын қамту оңай емес. АҚШ қалаларының көпшілігіндегі мектептерде талай елден келген және сан-алуан тілде сөйлейтін балаларды бір сыныпта оқытуға тырысып бағады. Жаңа иммигранттарды баспанамен қамтамасыз ету үшін тұрғын үй салу да зор проблема. Марк Хэйуордтың атап көрсетуінше, иммиграция саясаты федералдық биліктің құзырына қарайды, ал ол саясаттың ауыртпалығын жергілікті билік көтереді.

“Жаңа” америкалықтардың бірі – АҚШ-та тұруға рұқсат беретін “Жасыр картаны” ұтып алғанша, АҚШ-тың Ташкенттегі елшілігінде жұмыс істеген Лилли Дорник. Қазір ол Вашингтонға көшіп келіп, баспасөздің сарапшысы болып істейді. “Жасыл картасы” бар францұзға күйеуге шығып, 2 жастағы ұлы бар. Оның айтуынша, АҚШ-та тұруды өзі көптен бері аңсаған және осында қоныс аударуы “айға қонумен” тең болды. Лилли Дорниктің Орта Азия мен Ресейден келген достары көп және Лилли олар мен өзі Американың мәдениетін “байытты” деп есептейді.

Л.ДОРНИК: “Африкадан, Азиядан, Аустралиядан және осы әлемнің әр құрлығынан келген адамды Сіз тағы қайдан жолықтыра аласыз? Тек – Америка Құрама Штаттарынан! Және менің ойымша, осында келгендердің барлығы қосылғанда, немесе тіпті, ертедегі иммигранттардың өздері, біз, Американың мәдениетін байыттық, оны әлдеқайда жарқын да қызық еттік”.
XS
SM
MD
LG