Accessibility links

17 қыркүйек халықаралық қайыршылыққа қарсы күрес күні

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

17 қазан халықаралық қайыршылыққа қарсы күрес күні. Қазақстанның ресми құжаттарында қайыршылар мен кедейлер түсінігі толық ажыратылмаған. Қазақстанда кедейлер туралы жан-жақты мәліметтер кездескенімен, қайыршылар туралы еш нәрсе айтылмайды. Ресми ақпараттарға жүгінсек, Қазақстанда кедейлердің, яғни қайыршылардың саны өте аз. Алайда саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар арасында мұндай пікірге қосылмайтындар да бар.

Семей облысынан Алматы қаласына нан-пұл табу мақсатымен келген Күмісхан Әмірбаева өзін ең төменгі күнкөріс деңгейінде өмір сүретін адам қатарына жатқызады. Ұсақ-түйек заттармен сауда жасап жүрген қарт ананың айтуынша, күнделікті тауып отырған азын-аулақ ақша оның отбасының жүріп-тұруы үшін ғана жетеді.

- Пәтерден пәтер жалдап шаршадық. Енді оған ақшамыз да жоқ. Бір нәрсемізді сатсақ, кейде өтеді, кейде өтпейді. Келінім көрінгеннің жұмысын істейді. Кейде тұрған жерімізден милиция қуалайды. Осылай қиыншылық көріп келе жатырмын,-дейді Күмісхан Әмірбаева.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігінің мәліметтеріне сүйенсек, ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өмір сүретіндер жылдан жылға азайып, 2006 жылдың 2 маусымында бүкіл халықтың 22,8 пайызын құраған. Ал кірісі тұтынушы қалтасынан төмен тұрғандар 3,8 пайызға жеткен. Алайда мамандар арасында Қазақстанда кедейлер мен қайыршылар қатарының бұлайша тез азайып кеткеніне қосылмайтындар да бар. Мысалы, Әлеуметтік-экономикалық мәселелерді зерттеу және болжау институтының директоры, саясаттанушы Сәбит Жүсіпов Қазақстанда қайыршылар санын есептеп білу мүмкін емес деп, биліктің әлеуметтік зерттеу жұмыстарында оларды кедейлер тобына қосып жүргендігін айтады.

- Менің ойымша, қайыршылар мен кедейлер түсігін бір-бірінен айырып алу керек. Қайыршылар бар болғаннан кейін оны жасырмай-ақ, оған жан-жақты талдау жүргізіп, биліктің қайта мәселені өз ретімен шешіп алуы керек. Менің ойымша, тыңғылықты зерттеу жүргізіп, мемлекет шын мәніндегі ақпаратты жарияласа, қайыршылар саны да, кедейлер саны да біз ойлаған көрсеткіштен әлдеқайда асып кетеді,-дейді Сәбит Жүсіпов.

Ал экономика ғылымдарының докторы, профессор Рахман Алшанов, соңғы кезде халық арасында әлеуметтік-экономикалық зерттеу жұмыстарының нәтижелері нақты емес деп, әлеуметтік жағынан төмен тұрған адамдар санының азайғандығын айтады:

- Республикамызда 1 миллион 300 мың машина бар. Былтыр 80 миллиард теңгеге жаңа машина алынды. Сонда елімізде кім алып жатыр мұның бәрін? Банктердегі депозит соңғы кезде 1 триллион теңгеден асып кетті. Депозитке ақша салатындардың қатары өсті. Соған қарағанда кедейшіліктің шеңбері қысқарды деп айтуға болады.

Ал саясаттанушы Берік Әбдіғалиев, Қазақстандығы қайыршылықты түбегейлі жойып жіберудің мүмкін емес еместігін айтып, оның барлық, оның ішінде дамыған Батыс қоғамына да тән әлеумметтік құбылыс екендігіне тоқталады.

- Қазақстанда экономикалық реформаларға бейімделмеген халық көбірек болды да, ауылда, қаланың ішінде де кедейлердің саны көбірек болды. Қазір азаматтардың нарық заманына бейімделіп, ақша тауып, күнін көріп кете бастауы кедейлерді азайтып жатыр,-дейді саясаттанушы.

Қайырышылыққа қарсы күрес - Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы алдына қойып отырған үлкен 8 мақсаттың біреуі. Осыған сәйкес Біріккен Ұлттар Ұйымы 2015 жылға дейін дүние жүзіндегі шектен шыққан қайыршылық пен ашаршылықты екі есеге дейін азайтуды көздеп келеді. Алайда әлемде қайыршылық пен ашаршылықтың деңгейін азайту бірдей жүріп жатқан жоқ. Мысалы, соңғы жылдары Шығыс, Оңтүстік Азия және Солтүстік Африка елдерінде бұл мақсаттар өз жемісін беріп келе жатса, Африканың Сахарадан төмен жатқан тропикалық аймақтарында және Кариб бассейні елдерінде қайыршылықтың саны керісінше, өсу үстінде. Мамандар мұны, аймақтағы демографиялық жарылыс, егістік жерлердің жарамсыздануы және тағы басқа себептермен байланыстырады.
XS
SM
MD
LG