Accessibility links

Қоғамдық ұйым өкілдері Қазақстан 2009 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ете алмайды деп санайды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Мұндай пікірді Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының адами өлшемдерді орындау бойынша Варшавада өткен кезекті 11-мәжілісінен оралған қазақстандық үкіметтік емес ұйым өкілдері айтты. Олар кеңесте Қазақстан дамуындағы әр түрлі өзекті мәселелерге берілген баға – Қазақстанның ОБСЕ-ге төрағалыққа ұмытулының әліде ерте екендігін көрсетті дейді.

Әлемнің 56 мемлекетінің өкілдері қатысқан шараның негізгі күн тәртібіне - баспасөз еркіндігі, адам құқығын қорғау және терроризммен күрес, демокартиялық сайлаулар, аймақтық және жергілікті жерлердегі демократия мәселелері шығарылған. Польшадағы жиынға Қазақстаннан мемлекеттік делегация да қатысқан. Форумға қатысқан қазақстандық екі топтың әңгімесі екі түрлі болып шығыпты. Ресми делегация Қазақстандағы демократиялық дамуды жеткізсе, соңғылары бұған қарама-қайшы мәлімдеме жасаған. Форумға азаматтық қоғам атынан қатысушылардың бірі Асылбек Қожахметов жиында: «2009 жылы Қазақстан аталмыш ұйымға төраға бола ма, жоқ па? Бұл мәселе тікелей қарастырылған жоқ. Алайда, ЕҚЫҰ-на төрағалыққа өзін ұсынған Қазақстанның саяси және азаматтық құқық мәселесіне қатысты жағдайлар көбірек талқыланды. Варшава сессиясында мінбеде үш рет сөз алған мен Қазақстан ұйымға төраға болмақ түгілі, мүшелік міндетінде дұрыс атқармай жүргенін айттым», дейді

Оппозиция өкілдері бұған дейін Қазақстандағы БАҚ туралы заңға, сайлау заңына және бейбіт жиындар өткізу бойынша адам құқығына қатысты заңнамаларға өзгерістер қажеттігін айтып, Қазақстанның ОБСЕ-ге төрағалық етуіне қатысты арнайы үндеу жариялаған болатын. Варшава жиынына қатысып қайтқан тәуелсіз журналист Сергей Дуванов: «Мәжіліс кезінде әртүрлі пікір алмасулер Қазақстанның ОБСЕ сияқты беделді ұйымға төраға болу үшін қазіргі билікке нақты қадамдар жасап, шарттарды орындауы қажет екендігін аңғартты», дейді.

Ал сот жүйесі мен сот істерінің қаралуына қатысты талқылауда саяси қайраткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісінің өлімі, сондай-ақ осы іс бойынша жүргізілген тергеу жұмыстары мен сот процесіне қатысты әр түрлі бағалар берілген.

«Біз ол конференцияда ұлттың қасіретіне айналған оқиғаның жай қатардағы қылмыстың бірі емес, саяси тапсырыспен болған лаңкестік оқиға екенін дәлелдеп бердік. Таңданарлық нәрсе – сол конференцияға сот ісіне мемлекеттік айыптаушы болған прокурор Кириленкода қатысты. Біздің адам құқығы жөніндегі өкіліміз Бақытжан Байқадамов ол кісіде сөз сөйледі. Ол біздің террорлық әрекет деген пікірімізді жоққа шығара алған жоқ», дейді Рысбек Сәрсенбайұлы.

Ел ішіндегі жағдайды сыртқа барып талқылау ыңғайсызда жағдай, бірақ қажеттілік деген Рысбек Сәрсенбайұлы: «Өз елімізде билікпен диалогқа келе алмасақ өзге елді іздеуге мәжбүрміз. Өйткені Алтынбек Сәрсенбайұылының өліміне байланысты екі рет қоғамдық тыңдау өткізіп, ол жерге біз билік өкілдерін шақырып келтіре алмадық», дейді.

Басқосу өткізіп алған әсерлерімен бөліскен үкіметтік емес ұйым өкілдері мен оппозиция белсенділері Қазақстанда сөз бостандығы, сот әділдігі, адамдар құқы және сайлау процестерін жетілдірмей ОБСЕ тағына талпынудың қажеті жоқтығын алға тартты.
XS
SM
MD
LG