Accessibility links

Кембағал жандар көмекті қажет етеді


Мүгедектердің «Жан» атты қоғамдық ұйымы Қазақстаннның Денсаулық сақтау министрлігіне ашық хат жолдады. Онда аталмыш ұйым өкілдері келер жылдан бастап жүйке жүйесі ауруларына шалдыққан мүгедектерге тегін дәрі-дәрмекке бөлінетін қаржы көлемін ұлғайту мен ауруларды тексеретін психиатр дәрігер мамандар санын көбейтуді сұрап отыр.

Қазақстанның ең ірі қаласы саналатын Алматының өзінде бүгінгі таңда жүйке жүйесі ауруларын емдейтін дәрігерлер, кеңес беретін психологтар жетіспейді. Осының салдарынан ақыл-есі дамымай қалғандар, түрлі жүйке-жүйесі ауруларына шалдыққан азаматтарға көрсетілетін медициналық көмек өз деңгейінде болмай отыр. Мұндай пікірді мүгедектердің «Жан» атты үкіметтік емес ұйымы жария етіп отыр.

Алматы қаласының тұрғыны Зейнеп Имажанованың ақыл есім жетілмей, жүйке- жүйесі ауруына шалдыққан 24 жасар ұлы бар. Ол ұлының денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыздығын дәлелдеп, тегін дәрі-дәрмек алу үшін 8 ай құжат жинап, дәрігер бақылауынан өткенін айтады.

«Бір дәрігердің бақылауына кіру үшін 2 ай кезек күтуге тура келді. Егер емханаларда психиатр дәрігерлер жеткілікті болса, ауру баламмен сонша уақыт кезекте тұрып, 8 ай құжат жинап қиналмас едім», дейді Зейнеп Имажанова.

Мүгедектердің «Жан» атты үкіметтік емес ұйымның төрағасы Айбек Даумов: «Мұндай жағдайды кез-келген азамат бастан кешіріп жатады. Емханаларда білікті дәрігерлер мемлекеттік мекемелерден гөрі жеке емханаларда жұмыс істегенді жөн санайды. Өйткені, дәрігерлер тек емдеу ісімен ғана айналыспайды. Толып жатқан қағаздар толтырады. Сонда бар алатыны ол жас маман болса - 16 мың теңге, 7 жыл тәжірибесі болса - 28 мың теңге. Осындай жалақыға кім жұмыс істейді? Бұл бірінші. Екіншіден, жүйке жүйесі ауруларымен сырқатанатын мүгедектерге тегін берілетін дәрі-дәрмек тапшы. Дәрігер нұсқауымен босатылатын жүйке ауруларына биылғы жылға бөлінген дәрі тек осы қазан айының аяғына дейін ғана жетеді. Мұны дәрігерлердің өздері айтып отыр. Ал жыл аяқталуға екі ай уақыт бар. Сонда аурулар дәріні қайдан алады? Тағы бір мәселе – тегін босатылатын дәрі-дәрмектің тізімін министрлік жасайды. Сол тізімде осы жүйке ауруларына қолданатын қымбат дәрілер болған. 2005 жылы сол дәрілер тізімнен алынып тасталды. Оның орнына көп қолданбайтын әсері өте төмен арзанқол дәрілер кіргізілген. Осы жағдайды айтып талай рет ресми орындарға хатта жолдадық. Бәрі заң шеңберінде деген жауап келеді», дейді

Қазақстан үкіметінің 2005 жылдың шілде айындағы қаулысына орай, мүгедек жандарды сырқатына байланысты тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қарастырылған. Осы қаулыға сәйкес тек қана Алматы қаласында тұратын мүгедектерді тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін биылғы жылға 1,5 млрд. теңге бөлінген. Алматы қалалық денсаулық сақтау департаментінің бас маманы Наталья Кагальникова: «Бұл қаржы Алматы қаласындағы барлық санатқа жатқызылған мүгедектердің денсаулығын бір қалыпты ұстап тұруға молынан жетеді» дейді.

Ал Алматы қалалық мүгедектер қоғамының мүшесі Кенже Құдайбергеновтің келтірген дерегіне сүйенсек, Алматы қаласында тұратын 40 мың мүгедектің 15 мыңға жуығы ақпараттың жетімсіздігінен өзіне бөлінген тегін-дәрмектен құр қалып отыр екен.

«Бөлінген дәрілердің көбі халыққа жетпей жатыр деп айта аламыз. Біз енді үшінші секторға жатамыз ғой қоғамдық ұйымдармен бірлесіп бөлінген қаржы қайда жұмсалып жатыр деген мәселеге мониториг жүргізсек бүгінгі күні біздің қолымызда нақты деректеріміз болған болар еді. Бүгін нақты қанша адам тегін дәріден тыс қалғанын білмей отырмыз», дейді Кенже Құдайбергенов.
XS
SM
MD
LG