Accessibility links

Қазақстанда қоғамдық телевизия құру жөніндегі жұмысшы тобы құрылды

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

17 қазан күні Алматыда Қазақстан журналистер одағы, «Әділ сөз» қоғамдық қоры, «Нағыз Ақ жол» партиясы мен басқа да партия жетекшілері және тәуелсіз журналистердің қатысумен өткен жиында Қазақстанда қоғамдық телеарна құруды іс жүзіне асыру үшін арнайы жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Ол топ алдағы уақытта «Қоғамдық телеарнаның» тұғырнамасы мен арнайы заң жобаларын жасауға кіріспек. Бұл топта жұмыс істеуге парламент депутаттары Дариға Назарбаева мен Дария Клебанова келісім беріпті.

Қазақстан қоғамында талқыға түсіп жүргеніне бірнеше жыл болған «Қоғамдық телеарна» мәселесі - жалаң сөз бұйдадан нақты іс-шаралар кезеңіне қадам басқандай дейді Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев сенімді:

- Біз енді ғана бірінші қадам істеп отырмыз. Қалай болатынын өзіміз де әлі білмейміз. Алдымен концепциямызды, яғни тұғырнамамызды дайындап, парламентке ұсынамыз. Біздің бұл бастамамызға билік те оң қабақ танытып отыр. Былай қарағанда, Дариға Назарбаева билік басында ғой, қазір парламенттке – ол бізді қолдап отыр. Сол сияқты парламент мүшелері – Дарья Клебанова, Тоқтар Әубакіров қолдап отыр. Өткенде ақпарат министрі де қолдайтынын білдірген. Енді көреміз! - дейді Матаев мырза.

«Қоғамдық телевизия» мәселесінің қыр-сырын талқыламақ үшін құрылған арнайы жұмыс тобына Матаев мырза атап өткен депутаттардан басқа, «Нағыз Ақ жолдық» Болат Әбілов, «Әділ сөз» қоғамдық қорының төрайымы Тамара Калеева, Патриоттар партиясының жетекшісі Ғани Қасымов, «Хабар» арнасының заңгері Қанат Сахариянов, бірқатар тәуесіз журналистер мен қоғам қайраткелері кіріп отыр. «Қоғамдық телеарна» мәселесінде Қазақстан журналистер одағының төрағасы бұл жолы аянбаймын дейді.

- Шынымды айтсам, мен президент жанындағы БАҚ туралы комиссия мүшесімін. Түк шықпаса соған ұсынайын деп отырмын. Екіншіден, мен үкіметтегі телерадио жиіліктер жөніндегі комиссия мүшесімін. Егер «Қоғамдық телеарнаға» өз жиіліктерін «Хабар», «Қазақстан» телеарналары бермесе, біз әзірге пайдаланылмаған жиіліктерді аламыз деп жоспарлап отырмыз, - дейді Матаев мырза.

Айта кетерлігі «Қоғамдық телеарна» мәселесін марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы да қолға алған кезі болған» дейді оның көмекшісі болған, белгілі журналист Айдос Саримов:

- Алтынбектің 2004 жылдары «Қазақстан» телеарнасының негізінде қоғамдық телеарна жасаймын деген ойы болған. Ол туралы біраз жұмыс тобын құрып, біраз жұмыстарды бастаған да еді. Өкінішке орай, сол кездері қабаттасып сайлау келді, өзі де отставкаға кетті, сондықтан ол мәселе аяқсыз қалды. Бірақ, біз осы бастаманы жалғастыруымыз керек. Екінші мәселе бар - оған билік дайын ба, жоқ па деген. Бірақ, оған қарамай, жақсы заң жасап шығарсақ, оны қоғам оқыса, мақұлдаса – онда оны қоғамдық талап ретінде ешқандай саясаткер, ешқандай партия тыс қалдырмайтын болады.

Жалпы, қоғамдық телеарнасына деген қажеттік жайлы «Начнем с понедельника» газетінің редакторы Дидар Амантай былай дейді:

- Ол әуелі, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралы болғандықтан, біздің қоғамдағы, мемлекетіміздегі барлық пікірлерді ортаға талқыға салуға мүмкіндік беру. Осы тұрғыдан келген кезде, қазіргі айтуға тиым салынып отырған - жемқорлық болсын, саяси тұрғыдағы түрлі басқа да шешімдер болсын, соның бәрін ашып, елге көрсету үшін белгілі бір дәрежедегі тәуелсіз арна қажет. Осы арна бір жағынан қоғамдық санитар қызметін атқарады, яғни бақылаушы, қадағалаушы фукциясын атқарады. Осы тұрғыдан келген кезде «Қоғамдық телеарна» қажет, бірақ, ол телевизия қай тілде болуы керек? Орыс тілінде ме, қазақ тілінде ме? Сонымен қатар, еліміздегі басқа ұлттардың тілінде бағдарламалар жүргізетін бола ма? Бұл да үлкен мәселе. Тағы бір мәселе - бүгін оның жұмысшы тобын құрды. Оның құрамына қарап отырсақ бірде-бір қазақ тілді азамат кірген жоқ! Осы жағынан келгенде, әуел бастан бұлардың алған бағытын мен қолдай алмаймын.

Әрине, Амантай мырзаның айтып отырғандары да болжам әрі бір жоба ғана, себебі «Қоғамдық телеарнаның» тұғырнамасы әлі жоқ. Тіпті оның нобайы туралы да ортақ пікір жоқ. Мысалы, тәуелсіз журналист Розлана Таукина мынадай пікір айтады:

- Ең алдымен қоғамдық телевизия және жалпы демократиялық қоғамдағы баспасөз – биліктің, парламенттің іс-әрекетін бақылау үшін керек. Әрбір шешімді, заңдарды қабылдау кезеңдерінде халық атынан сол шешімдерге ықпал ету үшін, қорғау үшін керек. Сондықтан қоғамдық телеарнаның осындай ықпалды қоғамдық-саяси функциясы болуы керек. Тек осы телевизия пікірлердің жан-жақты әрі көптігі және басқа да мүмкіндіктерімен билікке оппозицияда болуы керек.

Дегенмен кейбір журналистер, бұл телеарна функциясы тек қоғамдағы саяси тыныс-тіршілікпен шектелмей, ақпараттық, танымдық, мәдени, ойын-сауықтық функциялары да болуы керек, тіпті сайлау науқаны кездерінде қандай да саяси қақтығыстардан шоқтығын биік ұстайтын ерекше арна болуы керек деген пікір айтады. Сондай-ақ бұл телеарнаны қаржыландыру мәселесі, оның қандай арнайы заңмен реттелуі керектігі, қандай тілде хабар тарататыны да, тіпті директорлар алқасына кімдерді қалай бекіту, әлде дауысқа салып таңдау керектігі туралы да ортақ пікір болмай отыр.
XS
SM
MD
LG