Accessibility links

ВИЧ-инфекциясын жұқтырған сәбилер жемқорлықтың құрбаны болып отыр, дейді Шымкентке барып келген депутаттар


Оңтүстік Қазақстан облысында қан құю салдарынан балалардың жаппай ВИЧ-инфекциясын жұқтыруына байланысты Парламент Мәжілісінің депутаттары арнайы комиссия құрып, Шымкентке барып келді. Комиссияның қорытындысы жөнінде сәрсенбі күні өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутат Серік Әбдірахманов таныстырды. Жалпы Шымкентке барып келген комиссия мүшелері орын алған ахуалдың астарында коррупция тұрғандығын айтады.

Үш миллионға жуық халқы бар Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау саласына жыл сайын мемлекет қазынасынан қомақты қаражат бөлінеді екен. Мәселен бір өткен жылдың бюджетінен 21 млрд. теңгеден астам ақша бөлінген. Соған қарамастан Оңтүстік Қазақстан облысына барып келген Мәжіліс депутаттары аталған өңірде бірде-бір балаларды емдейтін тегін емханалардың жоқтығын айтады. Ал сәбидің ВИЧ-инфекциясын жұқтырғаны жөніндегі алғашқы оқиға өткен жылдың күзінде орын алған екен. Бірақ жергілікті дәрігерлер мән бермеген немесе жабулы қазан жабулы күйінде қалсын деп жасырған. Серік Әбдрахмановтың мәліметіне қарағанда қан құю орталығынан қан алған әлі 1000-ға жуық бала тексерілмеген. Олардың 260-дайы өзге облыстарға көшіп кеткен. Коррупция белшесінен батқан оңтүстік өңірдің азаматтары Қазақстанда әділеттіліктің орнайтынына ешқашан сенбейді, – дейді Мәжіліс депутаты Серік Әбдрахманов:

– Елмен санасуды қойған. Бастықтардың барлығы тек талтайып жүреді екен. Әкімдердің барлығы құдайын ұмытқан, инанынан кеткен. Халық жылап отыр. Денсаулық сақтау жүйесіне сенбейміз дейді. Зар қақсап жылап отыр.

Серік Әбдрахманов қан құю орталығы жөнінде бір ақпараттың анықталғанын айтады. Ол қан құю ортылығының қызметкерлері қанды арзан бағамен Өзбекстаннан алдыртады екен. Ал денсаулық сақтау мекемелерінің жағдайын сын көтермейді,– дейді Серік Әбдрахманов:

– Балалар ВИЧ-инфекциясына есірткі арқылы ұрынып отырған жоқ. Олар ауруханалардан жұқтырып отыр. Кінә дәрігерлерде. Демек кінә билікте. Қан құю орталығы жобалап айтсақ, 30-40 жылдардағы деңгейде. Тазалықта, құрал-жабдықтардың барлығы артта қалған.

Әдеттегідей Оңтүстік Қазақстан облысына барып, жағдайды көзімен көріп келген депутаттарға Оңтүстіктен сайланған әріптестері араласты. Әдеттегідей деуіміздің себебі, ВИЧ-инфекциясы мәселесі жөнінде парламентте алғаш рет сөз болғанда шымкенттік депутаттар сол кезде облыс әкімі болған Болат Жылқышиевті арашалап әуреге түскен еді. Енді бұл жолы да қызметінен кеткен бауырын Мәжіліс депутаты Нұрлан Жылқышиев жуып-шаюға тырысты.

- Менің бауырым Болат Жылқышиевтың арының да, істеген ісінің де таза екеніне күмәнім жоқ, ол шымкенттіктер үшін көп нәрсе істеді, – дейді депутат Жылқышиев.

Сонымен бірге депутат Нұрлан Жылқышиев ВИЧ-инфекциясын жұқтырған сәбилер тек Оңтүстік өңірде емес Қазақстанның барлық жерлерінде орын алып жатыр дейді. Оның айтуынша, жылдың басынан бері Шығыс Қазақстан облысында 103 адам, соның ішінде балалар қорғаныш тапшылығының қоздырғыш індетін жұқтырған.

- Ал қазір Қазақстанның жекелеген аймақтарында балалардың қорғаныш тапшылығының қоздырғышы ауруымен ауыратындықтары жөнінде құпия ақпарат бар, – дейді Мәжіліс депутаты Нұрлан Жылқышиев.

Мәжіліс депутаты Серік Әбдрахманов болса, шырайлы деп жүрген Шымкенттің сыры кеткенін, көшелердің алқам-салқам шыққанын, айтпақшы көлік жүретін көшелердің де жекеменшікке сатылғанын, ол жерлерге базарлар салынып тасталғанын айтты.

Комиссия мүшелерінің бірі Мәжіліс депутаты Амалбек Тшанов болса, саяси жүйені түбегейлі өзгертпей коррупцияның тамырын жою өте қиын екендігін айтады:

– Барып-көргеннен кейінгі жасаған тұжырымымыз жалпы бұл коррупциялық қатынастан шыққан нәрсе. Дүние құмарлықтан шыққан нәрсе.

Айта кету керек, ВИЧ-инфекциясы дертіне шалдыққан 80-ге жуық сәбилердің жетеуі қайтыс болды. Денсаулық сақтау министрлігі індетке шалдыққан сәбилердің ата-аналарына көмек көрсетіліп жатқандығын айтып ақпарат беруде.
XS
SM
MD
LG