Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10.18.2006 жыл

  • Рауза МҰҚАН

Сәрсенбілік басылымдарда жемқорлық мәселесі сөз болады. Сондай-ақ, басылымдар 15 қараша күні айналымға шығарылады деп жоспарланып отырған, жаңа теңге дизайнындағы қателер жайын қозғапты.

«Айқын» басылымы салық салу саласындағы шенеуніктер жемқорлығы шектен асып отырғанын жазады. Газет дерегінше, «жыл басынан бері Алматы қаласы бойынша салық саласына қатысты 80 прокурорлық ықпал ету актілері тіркеліп, 5 қылмыстық іс қозғалыпты. Прокурорлық тексеру нәтижесінде қалалық салық комитеті төрағасының екі орынбасары және аудандық салық комитетінің үш төрағасы, барлығы 37 қызметкер жауапкершілікке тартылып, 231 миллион 7 мың теңге мемлекет қазынасына қайтарылыпты»,-деп жазады «Айқын» газеті.

Қазақстанда соңғы уақытта халықаралық сипаттағы жемқорлық оқиғасы көбейіп отырғаны туралы «ЭкспрессК» басылымы жазады. Газет дерегінше, «Қазақстанның қаржы полициясы елге сапасыз, пайдалану мерзімі өтіп кеткен азық-түліктердің тасымалдау оқиғасына байланысты істі тексеру үстінде». Бұл мәселеге байланысты пікір білдірген, Экономикалық және жемқорлық қылмыспен күрес жөніндегі Агенттік төрағасы Сарыбай Қалмырзаевтың айтуынша, «Мұндай оқиға ең аз дегенде импорттаушы және экспорттаушы екі ел өкілдерінің арасындағы келісімсіз жүзеге асуы мүмкін емес» деп жазады «ЭкспрессК».

15 қараша күні айналымға шығарылады деп жоспарланып отырған жаңа банкноттарда кеткен қатені сатып пайдаға қарық боламыз ба?-деген сұрақты алға тартқан «Айқын» басылымы әлемдік тәжірибеге жүгінеді. «Мұндай теңгелер айналымда көп жүрмейді, нумизматикалық жәдігер ретінде кәдімгідей саудаға түсіп кетеді. Және «сау» банкноттардан да ұзақ әрі жақсы сақталады екен. Шетелдік коллекция жинаушылар мұндайды тіпті май шам алып іздейтін көрінеді. Өткен жылдың қарашасында Филиппин Ұлттық банкі де 100 песолық банкноттарда Президенттің атынан қате жіберіп, күлкіге қалған. Әлгі банкноттар өз номиналынан 5 есеге жоғары бағамен сатылып кетіпті. Ал АҚШ-та доллар купюраларында кеткен қателерге арналып, энциклопедия шыққан» деген деректер келтіреді, «Айқын» газеті.

Осы тақырыпта мәселе көтерген «Zonakz» сайты, «жаңа дизайнды банконттардың 80 пайызы шетелде, 20 пайызы елімізде басылған. Сондай-ақ банкоттардың 20 пайызында қате кеткен. Сонда қате теңгелер Қазақстанда шығарылған ба?», дей келе, жаңа дизайнды теңге шығаруға 100 миллион доллар жұмсалды, ал, «қате кеткен банконттар үшін шығынды кім көтеруі тиіс?» деген сауал тастайды.
XS
SM
MD
LG