Accessibility links

ЮНИСЕФ қоры: Орталық Азияда тұратын балалардың тең жартысы кедейшілікте өмір сүріп жатыр

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Халықаралық ЮНИСЕФ балалар қорының Innocenti зерттеу орталығы Оңтүстік –Шығыс Еуропа мен ТМД елдеріндегі балалардың әлеуметтік жағдайына байланысты кезекті есебін жариялады. Онда Орталық Азия елдерінде тұратын балалардың тең жартысы кедейліктің ең төменгі шегінде өмір сүретіндігі айтылды. Ал қазақстандық сарапшылар осы елдегі балалардың 60 пайызын кедейшілік деңгейінде өмір сүріп жатыр деп айтуға болады, дейді.

Алматының орталық базарында бейнетаспа сатып тұрған 15 жасар Тілек жүргіншілер назарын өзіне аудару үшін: «Кімге порнографиялық таспа керек. Бағасы өте арзан. Мен өзім сол фильмге түскенмін», деп айғайлап тауарларына жарнама жасайды. Ол орта мектепті тастап, саудаға шығуына отбасының әлеуметтік жағдайы, кедейшілік себеп болғанын айтады.

«Ақша жетпейді ғой. Бір жылдан бері күн жылы кезде ата-анаммен бірге саудаға шығып жүрмін. Алма, алмұрт саттым. Енді дискі сатып жүрмін. Жақсы өтеді. Көтерсеңде жеңіл. Тапқан ақшаға өзім киіндім. Тамаққа жұмсаймыз», - дейді Тілек.

ЮНИСЕФ балалар қорының есебінде Орталық Азия елдері бойынша ең кедей балалар Қырғызстанда тұратындығы айтылған. Бұл елдің балаларының 80 пайызы кедейліктің ең төменгі шегінде өмір сүрсе, Ресей елі Оңтүстік–Шығыс Еуропа мен ТМД елдері арасынан 5 орынды иеленіпті.

Қазақстандық үкіметтік емес «Ғибрат» ана мен баланы қорғау ұйымының жетекшісі Мәрпия Бұтабаева келтірген деректерге сүйенсек, Қазақстан бойынша ата-анасы бар, бірақ, әлеуметтік жағдайдың төмендігінен қаңғыбастыққа салынып, ішерге тамақ таба алмаған 15 мың бала бүгінгі таңда мемлекет қамқорлығына алынған.

«Қазақстан бойынша аналардың 80, балалардың 70 пайызы қан аздық ауруына шалдықққан. Бұл олардың дұрыс тамақтануға мүмкіндіктерінің жоқтығын көрсетсе керек. Шалғай ауылдарда балалардың мектепке бара алмай жатқаны туралы деректер өте көп. Алматының іргесіндегі Жамбыл ауданында биылғы жылы 10 баланың мүлдем мектепке бармағандығы анықталып отыр. Жағдайы жоқ отбасылар Қазақстанда 60 пайыз деп айтуға болады. Өйткені, біздің бөлімшелеріміз облыстарда жұмыс істейді. Бұл - нақты сан. Сол 60 пайыз отбасындағы балалар кедейлікте өмір сүріп жатыр деген сөз. Алыстағы ауылды айтпағанның өзінде ірі қала орталықтарында көп балалы отбасылар мемлекеттен берілетін тиісті жәрдемақыға қол жеткізе алмай отыр. Мысалы, Әуезов ауданында 53 отбасы ғана кедейлігін дәлелдеп, әлеуметтік жәрдемақыға қол жеткізіп отыр. Ал олардың саны негізінен 5 мыңнан асады», - дейді Мәрпия Бұтабаева.

Ал 15 жасар базар саудагері Тілек болса 400 теңгеге бағаланған әр бейнетаспадан 50 теңге пайда көреді екен. Тапқан табысын кейде ыстық тамақ ішуге қимайтын Тілек оны отбасының ортақ қазынасына апарып құятынын айтады. Дегенмен, Тілектің алдына қойған мақсаты да үлкен.

«Барынша жақсы оқуға түскім келеді. Сол үшін ғой ата-анама көмектесіп жүргенім. Қазір олардың жағдайы жоқ мені оқытуға. Бірақ, болашақта менің арманым орындалады деп ойлаймын», - дейді Тілек.

Алматының орталық базарынан Тілек құралыптас өзге мемлекеттің балаларын да көптеп кездестіруге болады. Солардың бірі - тәжікстандық Солиходжа. Ол да әлі кәмелеттік жасқа жетпеген болып шықты.

«Балаларды мектепте оқытпақ түгілі олардың ішетін тамағын әзер тауып беріп отырмын. Біздің ел ауыр жағдайды бастан өткерді. Бізге өмір сүру қиын», - дейді Солиходжаның әкесі Носиржон.

Балалардың өмір сүру деңгейіне байланысты есеп жариялаған ЮНИСЕФ сарапшылары Орталық Азия елдеріндегі кедейшілікте өмір сүретін балалардың жағдайы 2003 жылдармен салыстырғанда жақсармағандығын атап көрсеткен.
XS
SM
MD
LG