Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10.20.2006 жыл

  • Рауза МҰҚАН

Жұма күнгі республикалық басылымдарда әлемдік және Қазақстан нарығындағы доллар бағамы мен жалпы қаржы мәселесіне қатысты, сарпашылар болжамы жарияланған. Сондай-ақ, қоршаған ортаға адам қолымен жасалып отырған қиянаттың зардаптары жайында мақалалар жарық көріпті.

«Деловая неделя» апталығы қазан айында доллар құнының өсу қарқыны неге бәсеңдеді деген мәселеге орай бірнеше болжамдар келтіреді. Ол бойынша: «Ұлттық қор активтері, Қазан айында Ұлттық банк резервіндегі валютаны сату есебінен толықтырылды, бұл долларға деген қажеттілікті азайтып, оның нығайуын біршама бәсеңдетті. Сондай-ақ, Ұлттық банк үшін теңгенің қазіргі айырбастау бағамы тиімді. Екінші деңгейдегі банктер үшін, доллар құны көтерілсе, онымен есеп айырысу да қымбаттамақ. Сондықтан да, елдегі ірі қаржы орталықтары доллардың тез арада нығайуына мүдделі емес. Егер нарықтағы жағдай осы қалпында сақталса, доллар құны біраз уақыт тұрақты болады, тіпті жыл соңына дейін біршама арзандауы да мүмкін»,-деп болжайды «Деловая неделя».

Ал «Известия Казахстан» басылымы халықаралық нарықтағы доллар бағамына сарпатама жасайды. «Әлемдік нарықта да, америка валютасының құны біршама тұрақты», -дей келе апталық «Дегенмен, доллар ендігі жерде қымбаттай беруі мүмкін, өйткені мұнай бағасының арзандауы АҚШ экономикасы қарқынының бәсеңдеуі туралы қауіпті сейілтіп отыр. Сондықтан сарапшылар, доллар арзандады деп, еуро алуға асықпауға кеңес береді»,- деп жазады «Известия Казахстан» газеті.

Қаражат тақырыбын жалғастырған «Республика» басылымы Қазақстан Ұлттық банкінің инфляцияға қарсы шаралары нәтижесінде несие өсімақысы көтеріле ме?- деген сұрақ тастайды. Бұл сауалға жауап берген «Халық банкінің» басқарма төрағасы Григорий Марченко: «Сыртқы рыноктағы ставкалар өсті, инфляция деңгейі көтерілді, сондықтан несие өсімақысы да көтерілуі тиіс. Бірақ, қазір банктердің арасында бәсекелестік өте жоғары. Бұған қоса, сырттан қарыз алып, ақша қорын молайтып алған кейбір банктер несие өсімақысын төмендетуге де мүмкіндік алып отыр»,-дейді. Ал несие ставкасына қатысты «Альянс банкі» төрағасының орынбасары Нұртазы Бәйтеновтың пікірі бұған қарама-қайшы. «Бәсекелестік қанша жоғары болғанымен, банк көрсететін қызмет түрлері бойынша өсімақы көтеріледі. Себебі, Ұлттық банк қайта қаржыландыру ставкасын көтерді және сыртқы қарыздардың да өсімақысы жоғарылады»,-дейді «Республика» басылымына пікірін білдірген Нұртазы Бәйтенов.

«Известия Казахстан» басылымының дерегінше, адам қолымен жасалған қатыгездік салдарынан соңғы кезде ақбөкендердің саны күрт азайған. Газеттің мәліметінше, «негізінен Қазақстан жерін мекен ететін Ақбөкендердің саны 1991 жылы 900 000 болған. Олардың саны бірте-бірте 410 мың, кейіннен 150 мыңға дейін азайып, 2003 жылы 21 мың ақбөкен ғана қалыпты. Жалпы соңғы он екі жылда ақбөкен саны 40 есеге азайған. Мамандар ақбөкендерге қатысты жағдайды ғасыр қырғынына теңеп отыр» деп жазады «Известия Казахстан».

«Республика» басылымының мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысының Ертіс алқабындағы қарағайлы орман, 90 жылдардың соңынан бастап пайдакүнемдер олжасына айналған. «Мұнда, орманға әдейі от қойып, өртенді деген желеумен, қарағайларды кесіп сату кәсіпке айналған. 1997 жыл мен 2000 жыл аралығында 150 мың гектар орман алқабы өртеніп, 8 миллион текшеметр қарағай жанып кеткен. Сол ормандағы өрттен аман қалған 50 мың текше метр қарағай кесілген»,-дей келе, «Беген орманындағы өрт те, адам қолымен жасалған қастандық болуы мүмкін деген болжамымен бөліседі, «Республика» апталығы. Естеріңізге саламын, 3 қазанда Беген орманында шыққан өрттен, бір ауыл күлге айналып, 4 адам көз жұмған еді.

Беген орманындағы өртке байланысты, Бесқарағай аудандық ішкі істер бөлімі «немқұрайлылық» және «өртке абайсыздықпен қарау» баптары бойынша қылмыстық іс қозғады деп жазады «Караван» басылымы. «Әзірге бұл оқиғаға қатысты нақты ешкім айыпталып отырған жоқ. Дегенмен аудандық прокуратура, елді мекендердегі өртпен күрес – ауыл әкімінің жауапкершілігінде деп есептейді. Сондай-ақ, прокуратура пікірінше, орманның амандығы үшін «Семей орманы» мекемесінің Беген филиалы жауап беруі тиіс» деп жазады «Караван» газеті.
XS
SM
MD
LG