Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10.21.2006 жыл


Сенбі күні жарық көрген республикалық басылымдарда Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуға Қазақстан қаншалықты дайын деген мәселе көтеріліпті. Сондай-ақ, баспасөз беттерінде жанар-жағар май мен жарық құнына қатысты мақалалар жарияланған.

«Комсомольская правда» газетінің жазуынша, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болудың Қазақстан үшін тиімділігі мынадай: біріншіден, ұйым құрамына енетін болса, Қазақстан өзінің тауарларын халықаралық нарыққа шығарып, саудаға байланысты келіспеушіліктерді халықаралық заңдардың көмегімен шеше алады. Екіншіден, елдің саяси иммиджі көтеріледі. Сондай-ақ, Дүниежүзілік сауда ұйымына ену, республиканың инвестициялық ахуалына да оң ықпал етеді. Сөйте тұра, «Комсомольская правда» басылымы халықаралық ұйымға мүше болуға Қазақстандық агроөндірушілер дайын емес екенін жазады.

Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болудың, Қазақстанның агроөндірістік кешеніне тигізетін зардаптары туралы «Казахстанская правда» газетінде нақты айтылған. Басылым дерегінше, Ұйым құрамына енгеннен кейін, Қазақстан сырттан келетін арзан, сапалы ауылшаруашылық өнімдерінің ағынына қарсы тұра алмайды. Бұл, Қазақстан халқының 40 пайызынан астамы, яғни ауыл тұрғындарын жұмыссыздыққа ұрындыруы мүмкін. Сондықтан, Дүниежүзілік сауда ұйымының шарттарын қабылдай отырып, Қазақстан үкіметі, отандық тауар өндірушілерге халықаралық бәсекелестікке қарсы тұра алатындай жағдай жасауы тиіс, деген қорытынды жасайды, «Казахстанская правда» басылымы.

Дүниежүзілік сауда ұйымының қатарына өтуде, жақын болашақта пайда болатын жаңа өндіріс орындарына мамандар дайындаудың маңыздылығы туралы «Егемен Қазақстан» басылымы жазады. «Бүгінгі таңда осы мақсатта 27 арнайы оқу орындары жұмыс істеуде, алда ең қажетті деген мамандықтарға мамандар дайындау қолға алынып жатыр. Сондай-ақ, бүгінде Қазақстанда стандарттау саласында мамандар тапшы» деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.

Қара алтынға бай Қазақстанда мұнай өнімдерінің бағасы неге қымбат деген сауалға жауап іздеген мақала «Экспресс К» газетінде жарық көріпті. Басылымның бұл сұрағына Сауда және индустрия министрлігі, бәсекелестікті қорғау жөніндегі комитет төрағасы Әлиакпар Матишев жауап береді. «Ішкі нарықтағы мұнай өнімдерінің бағасы сұраныс-ұсыныс принципі бойынша және әлемдік нарықтағы мұнай бағасының өсуіне байланысты қалыптасады. Ал мұнайөнімдері бағасының қымбаттауына, мұнай өнімдерінің сыртқа көптеп тасымалдануына орай туындайтын жанар-жағар май тапшылығы себеп. Сондай-ақ, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, үш мұнай өңдеуші зауыт тоқтап тұр», дейді Әлиакпар Матишев «Экспресс К» басылымына берген сұхбатында.

Ал Алматыда тағы бір қуат көзі-жарықтың қымбаттағаны туралы «Комсомольская правда Казахстан» газеті жазады. Басылымның дерегінше, Алматы монополияға қарсы комитеті тарифті көтеруге арнайы рұқсат бермеген. «Сөйте тұра «Алматыэнергосбыт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 2006 жылдың 1-қарашасынан бастап электр қуаты қымбаттайтынын жариялаған. Енді тұтынушылар бұрынғы 4 теңге 60 тиынның орнына 5 теңге 12 тиын төлейтін болады. Сондай-ақ, Алматыны жылумен қамтамасыз етіп отырған Алматы Пауэр Консолидейтед компаниясы да, қазан айынан бастап, ыстық суды 12,6, жылуды 15-пайызға қымбаттатты» деп жазады «Комсомольская правда Казахстан» газеті.

Ал «Литер» басылымы Қызылорда қаласы жарық тапшылығын тартып отырғанын жазады. «Қалаға жарықтың 70 пайызын Қызылорда жылу-электр орталығы береді, тек 30 пайызы ғана сатылып алынады. Жергілікті жарықтың құны киловатына 1 теңге де, сырттан тасымалданатын электр қуаты 2 теңге 54 тиын», дей келе басылымға сұхбат берген «КРЭК» электр желісі Акционерлік қоғамының вице-президенті Нағмадин Дәрібаев: «жарық тасымалдайтын компаниялар, электр қуатын жергілікті өндірушіден сатып алып, оны қымбат сатуға мүдделі. Сол үшін олар қалада жарық тапшылығын қолдан жасап отыр», деген ұйғарымымен бөліседі «Литер» басылымына берген сұхбатында.
XS
SM
MD
LG