Accessibility links

Атырауда қазақстандық және түркиялық жұмысшылар төбелесіп қалды

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

Қазанның 20 күні Атырау облысы Жылыой ауданында қарасты Теңіз кен орнында жұмысшылар арасында жаппай төбелес болды. Төбелеске қатысқан қазақстандық және түркиялық азаматтардың 100-ден астамы әр түрлі деңгейдегі жарақат алып, медициналық көмекке жүгініп отыр дейді осы облыстағы дерек көздері.

Төбелес ішінде болған қазақстандық жұмысшылар, оттың тұтануына «Сенімді құрылыс» түрік компаниясы басшылығы қолдан жасап отырған арандатушылық әрекеттер себеп болған деп отыр. Бұл компания соңғы уақытта қазақстандық жұмысшыларға шүйлігуін күшейтіп, әр түрлі сылтаулармен, жұмыстан шығару, ар-намысқа тию сияқты әрекеттерге барған дейді жұмысшылар. «Сенімді құрылыс» жұмысшыларының бірі Қанат Қалмановтың пікірінше, қазақ және түрік жұмысшылары арасындағы өшпенділіктің тоқтамауына жалақы теңсіздігі ерекше әсер етіп отыр.

- Түріктер мұнда келгенде, 800-1000 доллар алады ғой. Қазақтар ондай ала алмайды. Біз бірдей жұмыс істейміз, бірақ түріктерге көп төлейді. Бригадирлердің көбі – түрік азаматтары. Ал олар бірдеңе айтсаң, жұмыстан шығарып жіберемін деп қорқытады қазақтарды. Түріктер жұмыстан шығып кеткен қазақтардың орнына 2-3 адамнан ала салады.

Қазақстандық жұмысшылардың бұл айтқандарына байланысты «Азаттық» тілшісінің сауалдарына «Сенімді құрылыс» компаниясының әкімшілігі әзірге ешқандай жауап бермей отыр.

Ал Жылыой ауданының прокуроры Халидолла Дәуешов, қақтығыстың басталуына асханадағы түскі мезгіл кезінде екі ел азаматы арасында орын алған тұрмыстық түсінбеушілік түрткі болған деген деректер келтіреді.

- Дау-дамай қазақстандық азаматтың асханада кезекті бұзуынан басталған. Қазақтар мен түріктердің жеке келіспеушілігінен осындай үлкен төбелеске айналды. Қазір аудандық прокуратура бұзақылық және біреудің мүлкіне зиян келтіру мәселелері бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл жақта ешқандай ұлтаралық немесе еңбек шартына байланысты мәселе жоқ,- деп, бұл оқиғаның төбелеске ұласуына бірнеше адамды ғана кінәлайды Халидолла Дәуешов.

Ал оқиға орнында болып қайтқан жергілікті «Ақжайық» газетінің тілшісі Лев Гузиков қақтығыстың басталуы жайлы басқа пікірдің де бар екенін алға тартады.

- Мен қазақ жұмысшыларымен кездескенімде, олар алдымен түріктердің қазақ жігітін дұрыс жұмыс істемегені үшін қатты сабап, өрт сөндіретін құралмен аяғын сындырғанын айтты. Олардың айтуынша, сосын таяқ жеген жігіттің кегін алу үшін қазақстандықтар да төбелеске араласқан. Аяусыз төбелестен кейін, 100-деген адам ауруханаға жеткізілген. Олар түрік жұмысшылар арасында қаза болғандардың бар екеніне сенімді,- дейді Лев Гузиков.

Сонымен қатар, Лев Гузиков қазақстандық жұмысшылардың түрік компанияларының кеңселерін қиратып, ұрыс кезінде бірнеше машина мен вагондардың өртелгенін айтты. Оның айтуынша, бассыздықтарды тоқтату облыстық ішкі істер бөлімі, ұлттық қауіпсіздік комитеті және арнайы жасақталған бөлімдер келгеннен кейін ғана мүмкін болған. Қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев Қазақстанда кейінгі кездері жиі қайталанып жүрген халық наразылығының үрдіске айналғанына мән беріп, бұл оқиғалардың қоғамда әлдеқашаннан пісіп-жетілгенін айтады.

- Билік ұзақ уақыт бойы шетелдік компаниялардың заң бұзушылық әрекеттеріне көз жұмып келді. Есесіне, компания мен жергілікті жұмысшылар арасындағы араздық та көбейіп, бой көрсете бастады. Айталық бұған дейін Қытай компаниясы мен қазақстандық жұмысшылар арасындағы жағдай ушығып барып басылған. Бұл жолы да үкімет алдыңғы кездердегідей уақытша амалдарды қолданумен ғана шектелмей, шешімін таппай жатқан әлеуметтік-экономикалық мәселелерге де көңіл бөлсе жөн болар еді. Себебі, мұндай бас көтерулердің тамыры терең әлеуметтік жағдайда жатыр, - дейді саясаттанушы.

Қазанның 21-күні Атырау облысының Жылыой ауданында полиция қызметкерлері Қазақстанға Түркиядан келген 40 шетелдік азаматтың облыс аумағында заңсыз еңбек етіп жатқанын анықтағаны туралы хабар таратылды.

Бұған дейін, яғни 2005 жылы Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта салу кезінде де осы екі жақтың жұмысшылары төбелескен болатын. Сол кездегі бассыздықтарға шамамен 150 қазақстандық пен 300-ден аса түрік азаматы қатысып, нәтижесінде заңсыз жүрген 230 түрік азаматы Қазақстаннан еліне қайтарылған еді. Ал қазақстандықтар жағынан жұмыстан ешкім де шығарылмады. Сонымен қатар, сол кезде қазақстандық жұмысшылар түрік компаниясына өздері қойған талаптарын да орындатқан-тұғын.
XS
SM
MD
LG