Accessibility links

Қазақстандық кәсіпкерлер елде рейдерлік мақсаттағы іс-әрекеттік өріс алып отырғанын айтады

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Дүйсенбі күні Алматыда «Қарағанды-Нан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері арнайы мәлімдеме жасады. Онда олар серіктестік төрағасы Николай Усатовқа дәйексіз айыптар тағылып, қылмыстық іс қозғалғаны, рейдерлік тәсіл арқылы аталмыш кәсіпорынды тартып алуға әрекет жасалып жатқандығын айтып отыр.

Қазақстанның ішкі істер министрлігі «Қарағанды-Нан» кәсіпорны директорлар кеңесінің төрағасы, кәсіпорынның бақылау пакетінің иесі Николай Усатовқа 2006 жылдың қазан айының басында қылмыстық іс қозғалғаны жөнінде ресми түрде хабарлап, оған іздеу жариялайды. Іс қылмыстық істер кодексінің 88 бабының «а» тармағы, яғни «қастандықпен кісі өлтіруге қатысу» деген бап бойынша қозғалады. Алайда, «Қарағанды-Нан» кәсіпорнының өкілдері бұл айыптың негізсіз екендігін алға тартып, «Рейдерлік тәсіл арқылы біреулер Усатовтан кәсіпорынды тартып алуға әрекеттеніп жатыр. Рейдерлік шабуылға жоғары билікте отырған шенеуніктердің қатысы деп ойлаймыз», дейді. «Бұл істің артында кімдер тұруы мүмкін, нақты адамдардың атын атай аласыздар ма?» деген «Азаттық» тілшісінің сауалына «Қарағанды-Нан» кәсіпорнының инвестиция және дамыту ісі бойынша директоры Александр Перегрин былай деп жауап берді:

«Нақты адамдардың атын атау мүмкін емес. Өйткені, әр құрылымда әртүрлі әрекет етіп, сол әрекеті үшін өзінің үлесін жасап жатқан адамдар бар. Бетін аулақ қылсын ертең біздің кәсіпорынның директорлар кеңесінің төрағасы қамауға алына қалса, бір ауыз сөзбен айтқан кәсіпорын талан-таражға түскелі тұр. Бұл жерде таза сыбайласқан жемқорлық жұмыс істеп жатыр».

Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының вице президенті Тимур Назханов: «Бұрынғы рэкетирлерды қазір рейдерлік тәсіл алмастырды. Бұл Қазақстан қоғамына 90 жылдардан кейін келе бастады. Бұған Қазақстан заңнамаларының өзі жол беріп отыр. Бұл біріншіден, ал екіншіден - біздің зерттеуіміз бойынша, орта және шағын бизнестің 50 пайызы көлеңкеде істеп жатыр. Олар табыстарын ашық айтпай жасырады. Салықтарын дұрыс төлемейді. Бұл тексеру органдарына жақсы сылтау болып отыр. Осындай заң бұзған соң, салық төлемегенсің деп оларды жауып тастайды. Мемлекеттік органдар мен бұрынғы рэкетирлердың жақсы байланысы бар. Олар екі жақтан қысымға алып, үшінші біреудің бизнесін өздеріне қосып алуға, тартып алуға мүмкіндіктері зор болып тұр», дейді.

«Қоғамдағы кез-келген келеңсіздікті жою үшін Қазақстан адам құқығы жөніндегі Еуропалық конвенцияға қосылуы керек. Өйткені қазіргі Қазақстан заңнамалары азаматтардың құқығын қорғайды деп айту қиын. Еуропалық конвенцияға тезірек көшу - демократиялық принциптердің орнауы мен адам құқықтарының қорғалуына кепілдік береді, егер еліміз аталмыш халықаралық құжатты қабылдар болса бұл Қазақстан қоғамындағы жемқорлықтың азайып, шенеуніктер жауапкершілігінің артуына заңның жұмыс істеуіне түрткі болар еді», дейді Қазақстан президенті жанындағы кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі Ержан Досмухамедов. Оның айтуынша, Қазақстан осы уақытқа дейін адам құқығы жөніндегі 26 конвенцияға қосылған. Алайда, бүгінгі таңда бұл құжаттың барлығы да тек қағаз жүзінде қалып отыр екен.

Кәсіпкерлер мен меншік иелерін қорғау одағының президенті Василий Резван: «Қазіргі Қазақстан соттары сыбайласқан шенеуніктердің әрекетінен азаматтардың құқықтарын қорғайтын жағдайда емес. Өйткені, сот жүйесі тәуелсіз емес. Сондықтан халықтың мүддесін тек қана халықаралық Страсбург соты ғана қорғай алады», дейді.

Ал жоғарыда рейдерлік тәсілдің құрбанына айналатын болдық деп мәлімдеме жасап отырған «Қарағанды-Нан» компаниясының өкілдері қазірге қоғам назарын өздеріне аударып, Бас прокуратурадан жәрдем сұрап отыр. Бүгінгі таңда аталмыш кәсіпорында 5 мыңға жуық адам жұмыс істейді екен.
XS
SM
MD
LG