Accessibility links

Шымкентте ВИЧ инфекциясына шалдыққан балалар саны 78-ге жетті


Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ инфекциясына шалдыққан тағы екі бала анықталды. Бұл балалар ата-аналарымен облыс аумағынан шығып кетіп, іздеу жарияланған 255 баланың ішінен анықталып отыр. Облыста жергілікті тұрғындарды аталмыш індетке қарсы тексеру жалғасуда.

Республикалық СПИД-ке қарсы күрес орталығынның зертханасы Шымкенттегі тағы екі сәбиде ВИЧ инфекциясын растап, олардың саны 78 болды. Олардың біреуі Семейден, екіншісі Алматы облысынан анықталып отыр. Өйткені, олар Оңтүстік Қазақстан облысында балаларды жаппай ВИЧ инфекциясына қарсы тексеру шарасы кезінде облыс аумағынан шығып кеткендер. Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау департаменті директорының орынбасары Алма Шамова: «Бүгінгі таңда 18 бала антиретровирустық ем қабылдап, тағы 7 бала түрлі сырқаттарына емделіп жатыр. 11 бала стационардан үйіне шығарылды дейді. Оның айтуынша жергілікті тұрғындарды ВИЧ-қа қарсы тексеру жұмыстары одан әрі жалғасуда.

«ВИЧ індетіне шалдыққан балалар санының күн санап өсуі жалпы Қазақстанның медицина саласы мен халық арасына тексеру жүргізу керектігін көрсетіп отыр. Өйткені, бұл жерде жіберген кемшіліктері мен олқылықтарын жасыру үшін кемітіп айту, дерек жасыру жағдайы болуы мүмкін. Олардың саны оданда көп болуы мүмкін. Оның бәрін тексеру керек. Оны тексеру үшін тағы тиянақты адал жұмыс істейтін медицина саласы болу керек. Бізде ол жоқ қой. Өздерін өздері тексеріп олар не бітіреді? Өзін-өзі тексерген адам қашан өзінің жамандығын айтуға тәуелді болады? Міндетті түрде олар бірдемені жасыруға дайын тұрады. Сол тұрғыдан алғанда бүкіл елімізді сауықтыру керек», дейді саясаткер Жасарал Қуанышәлі.

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілігі ВИЧ инфекциясына шалдыққан балаларға тағайындалған 8800 теңге мүгедектік жәрдемақыдан тыс ай сайын материалдық көмек берілетіндігін хабарлап отыр. Облыс әкімшілігінің баспасөз хатшысы Кеңес Исмайлов: «Шалғай аудандардан келіп ем қабылдайтын балаларға 22 мың теңге беріледі. Онда жол ақысы, пәтер ақысы, тамағы мен ата-анасының бір айлық табысы қамтылып отыр. Ал облыс орталығының тұрғындары үшін қарастырылған көмек 14,2 мың теңгені құрайды. Облыстық резервтік қордан әр балаға қарастырылған 100 мың теңге көлеміндегі қаржы қазіргі таңда беріліп жатыр. Ал келер жылға облыс қазынасының мүмкіндігіне қарай тағыда көмек түрлері қарастырылуы мүмкін. Ата-аналар Шымкент қаласы маңынан тұрғын үй салуға жер телімдерін беру туралы мәселе көтерді», дейді. Оның айтуынша, бұл мәселені шешуге облыс әкімі уәде берген.

«Балаларды СПИД-тен қорғайық!» атты қайырымдылық қорының президенті, зардап шегуші ата-ана Сағдат Масауров: «Мемлекеттің беріп жатқан көмегін жоққа шығара алмаймыз. Көмек беріліп жатыр. Балалардың бір жылдық емдеу курсына 10-12 мың АҚШ доллары қажет екенін ескерсек, бұл көмек теңізге тамған тамшыдай ғана. Бүгінгі балалар тағдыры қоғам назарынан тыс қалмаса екен. Қазақстан халқы қолынан келген көмегін көрсетсе екен», деген тілегін білдірді.

Оңтүстік Қазақстан облысында жалпы ВИЧ инфекциясын жұқтырған 78 баланың жетеуі қаза тапты Сонымен бірге бұл індет 8 әйелде анықталған еді.
XS
SM
MD
LG