Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10.24.2006 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген республикалық басылымдарда Атырау облысы Жылыой ауданындағы Теңіз кенішінде жұма күні қазақ және түрік жұмысшыларының арасында болған қақтығыс жайында мақалалар жарияланыпты. Сондай-ақ, баспасөз беттерінде сейсенбі күні Астанада ашылған Қазақстан халықтары Ассамблеясының 12 сессиясына орай, материалдар берілген.

Жұма күні, Атырау облысындағы «Теңіз» кен орнында болған оқиғаның себебін, «Литер» басылымы әлеуметтік мәселемен байланыстырады. «Бүгінде бұл бай өңірде қазақстандық жұмысшылар шетелдіктерден әлдеқайда төмен жалақы алады, тіпті жергілікті халықтың жұмыссыз жүргені қаншама. Тұрмыс тауқыметінен титықтаған тұрғындар, өздерінің наразылықтарын этникалық қақтығыс түрінде көрсетіп отыр», - деп жазады «Литер» газеті.

Ал «Айқын» басылымының дерегінше, Қазақстанның ресми орындары Теңіз кенішіндегі түрік және қазақ жұмысшылары арасында болған төбелеске «тұрмыстық дау-дамай» себеп болды деген баға беріп отыр. Басылым, дүйсенбі күні Астанада өткен баспасөз маслихатында Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев жасаған мәлімдемені келтіріпті. Ержан Ашықбаев: «Қақтығысқа тұрмыстық дау-дамайдан өзге ешқандай себеп жоқ. Қазір оқиғаның мән-жайын тексеру шеңберінде сыртқы істер министрлігінің бір қызметкері жіберілді. Жалпы алғанда оқиға бақылауға алынған деп мәлімдеді», - деп жазады «Айқын» басылымы.

Ал, «Zonakz» интернет сайты, Теңіздегі оқиғаны ресми орындардың «тұрмыстық деңгейдегі дау-дамай» деп бағалауын сынға алады. «Көрмес-түйені де көрмес дегендей, түйеқұс секілді құмға басты тығудың қажеті жоқ. Сондай-ақ, өзге мемлекеттер мен халықтардың қалауына, жоспарына ыңғайланып, өз азаматтарымыздың мүддесін шетке итеріп тастауға болмайды», - деп қорытындылайды бұл мақаланы «Zonakz» сайты.

«Жас алаш» басылымына телефон арқылы хабарласқан Құлсары тұрғыны қазақтар мен түріктер арасында бұдан бұрын да бірнеше рет дау шыққанын айтады. «Теңіз» кенішінде түрік компаниялары көп. Олар да жай жүрмейді, озбырлық көрсетеді, басынады. Осы жағдайдың барлығын аудан, облыс әкімдеріне талай айттық. Ешқандай шара қолданған жоқ. Бұл – түріктер мен қазақтардың арасындағы төртінші төбелес. Ең үлкені де осы. Төрт асхана мен бірнеше кеңсе тас-талқан болды. Адам шығыны бар. Опат болған 12 адамның 8-і түрік, үшеуі қазақтың қыздары көрінеді, тағы да 1 жігіт бар», - дейді аты-жөнін жарияламауды өтінген Құлсары қаласының тұрғыны, «Жас алаш» газетіне берген сұхбатында. Айта кететін бір жайт, дүйсенбі күні Жылыой аудандық прокуратурасы адам шығыны болғаны туралы ақпаратты жоққа шығарған болатын. Ресей астанасы Мәскеу қаласында да дүйсенбі күні түн ортасында жұмысшылар арасында төбелес болғаны туралы «Экспресс К» басылымы жазады. Газет дерегінше, онда 5 адам зардап шеккен. Төбелес себебі әзірге белгісіз. Басылым мәліметінше, бұл Ресей астанасындағы жұмысшылар арасында болған алғашқы төбелес емес. «Тамыз айының ортасында Мәскеудің орталығындағы құрылыс нысандарының бірінде де осындай оқиға болған. Оған негізінен темір таяқшалармен қаруланған тәжікстандық азаматтар қатысыпты. Бір адам қайтыс болып, бірнеше адам ауруханаға түскен бұл төбелеске, милиция пікірінше, жұмыс орнындағы бәсекелестік себеп болыпты», -деп жазады «Экспресс К». «Егемен Қазақстан» газетінде сейсенбі күні Астанада ашылған Қазақстан Халықтары Ассамблеясының 12-сессиясына орай, «Біз қазақстандықтармыз» деген айдармен Қазақстанда тұратын этнос өкілдерінің пікірлері беріліпті. Өскемендегі армян мәдени орталығының жетекшісі, Карен Нариманян, тәуелсіздік алған 15 жыл ішінде Қазақстанда Ассамблея туралы заң жоқтығына, соның салдарынан көптеген мәдени орталықтарға мемлекет тарапынан қаржы бөлінбей отырғанына қынжылыс білдіреді. Ал, Ақмола облысындағы кіші Ассамблея меңгерушісі Мәрзият Тохаева, «жалпыхалықтық түсіністік мінберіне айналған Қазақстан халықтары Ассамблеясы жүректерге жылылық ұялатқан ұйым ретінде қалыптасты. Ұлттық мәселені оңтайлы шешудегі тәжірибемізге дөңгеленген дүние қызыға қарайды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымында жарық көрген мақалада.

Орыстар Қауымдастығының төрағасы Юрий Бунаковтың, «Қазақстандағы орыстардың конституциялық хұқықтары бұзылып отыр», - деп өткен аптада жасаған мәлімдемесіне орай, «Жас Алаш» сараптамалық мақала жариялапты. Онда газет, «елде демократиялық реформалармен қатар мемлекеттің ұлттық келбетін қалыптастыруда майдан жүріп жатыр», - деген болжам жасайды. Сондай-ақ, «Жас Алаш» басылымы, «бұл мемлекеттік құрылыстың ұлттық реңін барынша интернационалдандыру немесе еуроазияландыру болуы да ғажап емес», - деген қаупімен бөліседі.
XS
SM
MD
LG