Accessibility links

Қазақстанда ресми тіркеусіз жүрген 109 мың шетелдік иммигрант заңдастырылды


Қазақстанда арнайы шара басталғалы бері ел аумағында заңсыз тұрып келген 109 мың шетелдік азамат заңдастырылды. Бұл туралы «Азаттық» тілшісіне қазанның 24 күні Ішкі істер министрлігінің көші-қон полициясы басқармасының қызметкері Ғани Шымырбаев хабарлады. Оның айтуынша, енді заңды түрде жасалған келісім-шарттардан Қазақстан бюджетіне салық түрінде 218 миллион теңге немесе 2 миллион долларға жуық қаражат түседі. Ал, бірқатар қазақстандық сарапшылар, елдегі жұмыссыздық мәселесін шешіп алмай шетелдіктерге жағдай жасау дұрыс емес деген пікір айтып отыр.

Қызметі заңдастырылған шетелдік иммигранттардың басым бөлігі Өзбекстан азаматтары деп хабарланады. Бірақ, өз жұмыссыздарының жағдайын жасай алмай отырған Қазақстан үшін шетелдіктерге құжат беру қаншалықты тиімді, дейді саясаттанушы Дос Көшім:

- Жұмыссыздықтың аяқ жағы әлеуметтік жарылыстырға әкеп соқтыруы мүмкін. Жұмыссыздықты тоқтатудың негізгі мәселесі сырттан келетін жұмыс күшін тоқтату. Әсіресе соңғы уақытта миллиондаған адам сырттан келіп жатыр.

Алайда Ішкі істер министрлігінің көші-қон полициясы басқармасының қызметкері Ғани Шымырбаев болса, шетелдік иммигранттар қазақстандықтарға бәсеке болмайды деген пікірде:

- Бізде қазіргі уақытта есепке тұрудан жалтарып жүрген еңбек мигранттарының салық төлеу есебінен жергілікті бюджеттерді толтыру мүмкіндігі бар.

Ал, шетелдіктерге жұмыс берушілердің бірі саналатын Астанадағы №2 автопарк директорының орынбасары Бақыт Шанабаев қазақстандықтардан гөрі шетелдіктерді жалдаған тиімді екендігін алға тартады:

- Астана қазақтары әбден ерініп алған. Олар біледі оклад болса – оклад алады. Таңертең жұмысқа сағат сегіз жарымда келеді, кешкі бес жарымда кетіп отырады. Ал мына жігіттер болса демалыс дегеннің не екенін білмейді. Мен 200 доллар төлеп отырсам, олар таңертең келіп маған 300 доллар төле деп айтпайды. Оларда жоқ ондай.

Статистика агенттігінің мәліметінше, биылғы жылдың үшінші тоқсанына шаққандағы мәлімет бойынша елдегі жұмыссыздар саны 607 мың адам болған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,2 пайызға кем деп хабарланады. Рақымшылық шарасы барысында жұмыс берушілер көші-қон полициясына келіп, арнайы миграциялық құжаттарды алуы тиіс, бұл құжат бұрынғыдай 3 айға емес, 3 жылға дейін беріледі. Астанадағы №2 автопарк директорының орынбасары Бақыт Шанабаевтың айтуынша, қазір иммигранттарды тіркеу үдерісі жеңілдетілген:

- Бұрын оларды бір жаққа апарып саусақ іздерін түсірткізетін. Бұрын 3-6 айдан кейін олар қайта кететін. Ал қазір 1-3 жыл рақымшылық жасайды, өте жақсы.

Астанадағы «Шығыс базары» дәмханасының бас аспазшысы өзбекстандық Жамал Юлдашев бұрын 3 айлық миграциялық құжатпен жұмыс істеу иммигранттар үшін тиімсіз еді дейді. «Кеденнен өткен кезде жұмысың болмаса бекерден бекер кіргізбейтін, ал заңдастырылды деген құжаттарың болса қиыншылықсыз кіресің», дейді Жамал Юлдашев.

Ал, Астанадағы «Қайнар» тұрғын үй кешенінде құрылысшы болып істеп жүрген Өзбекстан азаматы Мырсаид Халматовтың айтуынша, ол әзірге ескі үлгідегі миграциялық карточканы толтырып жүре бермек:

- Миграциядан өтсем және миграциялық құжат жасатып келе берем. Өзбекстанда енді жұмыс бар, жоқ емес, бірақ, ақшасы кем - 50 доллар, Қазақстанда ондай жұмысқа 200-300 долларм төлейді.

Бірақ, сыншылардың айтуынша, бұл жолы Қазақстанда заңсыз жүрген 300 мыңға жуық иммигранттардың тек азғантай бөлігі ғана заңдастырылмақ. Ал, Ішкі істер министрлігінің көші-қон полициясы басқармасының қызметкері Ғани Шымырбаев полиция заңсыз иммигранттардың ең төмеңгі көрсеткішін алған деп отыр:

- Мысалы, жылына 200-300 мың шетел азаматтары Қазақстан аумағында жұмыс жасап жатса, соның ең төмеңгі көрсеткіштерін алдық. Қазіргі жұмыс жоспары бойынша әлі алда екі ай бар – қараша-желтоқсан. Соған дейін бұл көрсеткіш 200 мыңға жету керек, негізі. Айтылған санға жетіспеуі де мүмкін, өйткені ТМД елдерінен, соның ішінде Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген азаматтар біздің елімізге тек күн жылы кезде ғана келеді.

Қазақстанда ресми тіркеуде болмаған шетел азаматтарын заңдастыру биылғы жылы 4 шілдеде президент Назарбаев қол қойған «Еңбек иммигранттарын заңдастыру жөніндегі рақымшылық туралы» заңға сәйкес жүргізіліп жатыр. Бұл шара жыл соңына дейін жалғасады.
XS
SM
MD
LG