Accessibility links

Қазақстандық оппозиция қайраткері Б.Әбіловті қорғау жөніндегі қоғамдық комитет құрылды


Сейсенбі күні Алматыда бір топ оппозиция қайраткерлері, «Нағыз Ақ жол» партиясының тең төрағасы Болат Әбіловті қорғау комитетін құратындықтарын жариялады. Оған билік тарапынан Болат Әбіловке қарсы «ірі көлемде қаржы жеп қойды» деген айыппен қылмыстық іс қозғалып отырғаны түрткі болған. Қорғау комитетіндегілер билік оппозиция қайраткерінің саяси көзқарасы үшін оған қарсы негізсіз айыптар тағып олтыр деп санайды. Олар Әбілов мырзаны қорғау мақсатында пикеттер, митингілер ұйымдастырып, қоғамды, БАҚ өкілдерін, осы істің шындығымен таныстырып отырмақшы.

Өткен жылғы президент сайлауында біріккен оппозиция күштерінен билікке қарсы ортақ кандидат болған, «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының лидері Жармахан Тұяқбай, қоғамдық комитет құруға себеп болған жайттарды атады.

- Соңғы кезде күшейіп бара жатқан, саяси көзқарасы басқа азаматтарға қарсы жасалып жатқан қуғын-сүргіндердің тоқталмауы, соның бірі – бүгінгі оппозиция серкелерінің бірі – Болат Әбіловтің бұрынғы кәсіпкерлік нысаны - «Бутя-капитал» инвестициялық-жекешелендіру қорынының жұмысын тексеріп, 125 том қағаз жинап, оның ішінде мәні, мағнасы түкке тұрмайтын фактілер жинап алып, оған «аса көп мөлшерде қаржы ұрлады» деген айып тағып, істі сотқа жіберіп жатқандығы. Мен өзім заңгер ретінде, басқа да азаматтар осы істің қолымызға тиген құжаттары бойынша сараптама жасап көріп, ол жерде ұрлық дегеннің атымен жоқ екендігіне, бұл қылмыстық іс тек қолдан жасалған іс екндігіне көзіміз жетіп, осы бойынша бүгін Болат Мұқышұлының тұлғасын қорғамасақ, қоғам болып, ел болып шындыққа жетпесек, нақақтан нақақ азаматтың күйіп кетуі мүмкін деген оймен осындай қоғамдық комитет құрып отырмыз.

Бұрын Қазақстанның Бас прокуроры болған Жармахан Тұяқбай мырза, Болат Әбіловке тағылып отырған айып бойынша бұдан 3-4 жыл бұрын ату жазасы берілуі әбден мүмкін еді дейді.

- Билік Болат Әбіловке қарсы ашып отырған сот ісін сыбайлас жемқорлыққа қарсы шара деп көрсетуге тырысады, Бірақ Әбіловпен күрес – сыбайлас жемқорлықпен, коррупциямен күрес емес. Бұл ең алдымен демократиямен күрес, бұл - сөз бостандығымен күрес! Бұл шын мәніндегі әділеттілік орнатуды қалайтын елдің ниетімен күрес! Болат Әбіловті тізерлету арқылы – халықты тізерлеткісі келеді. Соған халық көне ме?! Меніңше, ел болайық десек, елдің топ бастайтын азаматтарын, ерлерін қорғай білу керек, - дейді «Нағыз Ақ жол» партиясы белсенділерінің бірі Рысбек Сәрсенбайұлы.

Болат Әбіловті қорғау қоғамдық комитетіне мүше болып «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының төрағасы әрі әзірге ресми тіркелмеген Жалпыұлттық социал-демократиялық партия жетекшісі Жармахан Тұяқбай, «Нағыз Ақ жол» партиясынан Төлеген Жүкеев, зейнеткерлердің «Поколение» ұйымының көсемі Ирина Савостина, Қазақстан Коммунистік партиясының төрағасы Серікболсын Әбділдин, сондай-ақ биыл қастандықпен атып өлтірілген Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы, «Свобода слова» газетінің редакторы Гүлжан Ерғалиева және басқа да тұлғалар кіріп отыр.

Ж.Тұяқбай мырза қоғамдық комитет алдағы уақытта өзінің мақсатын жүзеге асыру бағытында бірқатар іс-шараларды қолға алмақ екенін хабарлады.

- Бүгінгі күні тек қана құқық қорғаушы халықаралық ұйымдарға не басқа шетелдерге, халықаралық қауымдастыққа хабарлау ғана емес, не өзіміздің елдің азаматтарының хабардар болуын ғана қамтамасыз етпей, халықтың пікірін есептеп, биліктің бұл әрекетіне қарсы қол жинап, екіншіден, шерулер ұйымдастырып, демонстрациялар өткізу - алдағы тұрған мақсаттар.

Қазақстан өз тәуелсіздігін алып, нарықтық экономикаға бет бұрған өткен ғасырдың 90 жылдары елге кәсіпкер рет інде танылған Болат Әбілов 2001 жылы «Қазақстанның Демократиялық таңдауы» қоғамдық қозғалысының қатарына енгені үшін, сол кезде президентшіл «Отан» партиясынынң тізімі бойынша парламентке сайланған дептутаттық мандатынан айырылған болатын. Одан соң оппозицияда жүрген Б.Әбілов парламент мүшесі Мұхтар Тінікеевтің шағымымен сотқа арқылы әкімшілік жазаға тартылды. Ал биылғы жылдың қыркүйегінде, ел ішінде «мидың бір қатпары туралы іс» деп аталып кеткен сот процесі аяқталып, Теміртау қалалық соты Болат Әбіловтке 2 жыл сынақ мерзімін белгілей отырып, 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыруға үкім етті. Ал бұл іс бойынша оның жақтаушыларының берген өтініштері мен сұраулары қаралмай қалған болатын.
XS
SM
MD
LG