Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10.25.2006 жыл

  • Рауза МҰҚАН

Сәрсенбі күні жарық көрген бірқатар басылымдарда Республика күні мерекесіне орай мақалалар жарияланған. Сонымен қатар баспасөз беттерінде, ВИЧ инфекциясын жұқтырған балалар республиканың оңтүстік Қазақстаннан да өзге аймақтарынан табылып отырғаны туралы жазылыпты. Соңғы деректер бойынша, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында да қауіпті дертке шалдыққан сәбилер бары анықталған.

«Аргументы и факты Казахстана» басылымы, 25-қазан күні аталып өтетін Республика күні мерекесінің маңызы туралы туралы мәселе көтеріпті. Басылымға сұхбат берген заңгер Ғайрат Сапарғалиев, бұл күнді – Қазақстан мемлекеттілігінің дамуында ерекше орны бар мереке деп бағалайды. «1990 жылы 25 қазанда, Қазақ Кеңестік Социалистік республикасының Жоғарғы Кеңесі егемендік туралы Декларация қабылдады. Осы күннен бастап Қазақстанда өркениетті, демократиялық, тәуелсіз мемлекет құру үшін төңкеріс басталды. Республика күні мерекесінің маңыздылығы да осында», - дейді Ғайрат Сапарғалиев, «Аргументы и факты Казахстана» басылымына берген сұхбатында.

«Егемен Қазақстан» басылымының сәрсенбі күнгі мерекелік санында, Қазақстанның тәуелсіздік алған 15 жыл ішінде қол жеткізген жеткістіктеріне баса назар аударылыпты. «Тәуелсіздік тұсауын кеше ғана кескен жас мемлекет іргесін нығайтты. Ел тізгінін ұстау мәртебесіне ие болған ежелгі күнбилерімізден бастап, кешегі Абылай, Кенесарыға дейін талай дау-дамайға тамызық болған шекара мәселесі біржола бекітілді. Елбасының сарабдал саясатының арқасында Қазақ елінің шекарасына келгенде Қытай да қытымырлық танытпады. Ресеймен де ренжіспедік. Өзбекпен де өкпелескен жоқпыз. Қырғыздар да “атаң қоқи балдары-ай” деген жоқ. Түркімендер де түңілмеді. Қазақша айтсақ, қазір төрт құбыла түгел», - деп жазады «Егемен Қазақстан».

Биылғы Республика күні мерекесін Қазақстан тұрақтылық пен келісімде қарсы алуда деп жазады «Литер». Сөйте тұра, басылым Қазақстанда барлығы жақсы деп көзжұмбайлыққа салынуға болмайтынын атап көрсетеді. «Атырау облысындағы Теңіз кен орнында жұма күні қазақ және түрік жұмысшылары арасында болған төбелес, қыркүйек айында болған қарағандылық шахтерлар мен теміртаулық металлургтардың наразылық шарасы, әлеуметтік проблемалардан титықтап, ашынған халықтың жай-күйінен хабар береді», - деп жазады басылым. Одан кйін, «өзінің проблемаларын білетін және оны шешуден қорықпайтын мемлекет қана күшті болып саналады. Қазақстан 90-жылдардың қиын кезеңін басынан өткізді. Яғни республика өзінің өмір сүруге хұқы бар екенін дәлелдеді. Енді ол, лайықты өмір сүруге хұқы барын дәлелдеуі қажет», - деген қорытынды жасайды «Литер» газеті.

Өскеменде 10 айлық сәбиден СПИД вирусы табылғаны туралы «Аргументы и факты Казахстана» газеті жазған. Басылым дерегінше, бұл сәби Қазақстанның оңтүстігінде дүниеге келген екен. «Жалпы, Шығыс Қазақстан облысында, соңғы уақыттарда қан ауыстырылған балалардың барлығы тексеруден өткізілуде», - дей келе газет, вирусты анықтау үшін қазір дәрігерлер қолданатын әдістің ескіргенін жазады. Сондай-ақ, басылым «ересектердің сырқаты саналатын, қантамыр-жүрек, демікпе, туберкулез секілді аурулар, соңғы кезде балалар арасында да жиі кездесуде. Бұған қоса, өткен 5 жылда Қазақстанда балалар ауырулары 22 пайызға өскен», - деп жазады.

«Московский комсомолец в Казахстане» басылымының дерегінше, Алматы облысында да бір сәби ВИЧ инфекциясын жұқтырды деп күдіктелуде. Алғашқы зертханалық сараптама бойынша диагноз расталған. Облыстық мемлекеттік санитарлық бақылау бөлімінен газетке хабарлағанындай, бүлдіршін 2006 жылы қаңтар айында Шымкентте емделген. «Өкпе қабынуы» сырқатымен ауыр жағдайда, ауруханаға түскен сәбиге қан құйылыпты. Әйтсе де, дәрігерлер нақты диагноз қайта тексеру аяқталғаннан кейін белгілі болатынын айтып отыр, - деп жазады «Московский комсомолец в Казахстане» газеті. Айта кететін бір жайт, соңғы дерек бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында 78 баланың ВИЧ инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Олардың 7-еуі осы аурудан көз жұмған.
XS
SM
MD
LG