Accessibility links

Қазақстан президенті Назарбаевтің айтуынша, Кеңес одағы кезінде егемендік туралы декларацияға қол қоюдың өзі батыл қадам болған. Бұл туралы ол Астанада 25 қазанда республика мерекесін тойлау салтанатында айтты. Оның айтуынша, сол уақыттан бері Қазақстан ел мен саясаттың арқасында көп жетістіктерге жетті. Бірақ бұл пікірмен келіспейтіндерде бар.

Осыдан 16 жыл бұрын - 1990 жылы 25 қазанда Қазақстан Жоғары Кеңесі егемендік туралы декларация қабылдады. Ал келесі жылы 16-желтоқсанда Қазақстан Кеңес Одағының құрамында болған елдердің ішінде ең соңғы болып өз тәуелсіздігін жариялады. Алайда, қазір Қазақстан прездиенті Нұрсұлтан Назарбаев сол Кеңес одағы кезінде егемендік туралы декларацияға қол қоюдың өзі батыл қадам болған деп отыр:

- Осыдан 16 жыл бұрын Совет одағы күшінде тұрған кезде, соған қарамай, халықтың көңілінен шығу үшін біз Қазақстанды егеменді мемлекет деп жарияладық.

Қазір Қазақстанда 16-желтоқсан да, 25 қазан да ұлттық мереке күніне айналды. Бірқатар саясаткерлер бір елде екі мәрте республика және тәуелсіздік күні болғаны дұрыс емес деген де пікір айтады. Ал, кейбір саясаттанушылар соңғы 16 жыл ішінде Қазақстанда егеменді мемлекеттің әскері мен саяси жүйесі сияқты маңызды атрибуттары қалыптасты деген пікірде. Жергілікті тарихшылардың пікірінше, сол декларацияда автономиялық пиғылдар болса, ол заңмен қудаланады делінген. Елдің территориялық тұтастығы, мемлекеттік тіл - қазақ тілін жандандыру, қалпына келтіру мәселесі құжатта қаралған. Бұл мерекеде Қазақстан президенті сол декларацияға қол қойылғалы бергі өткен 16 жылда Қазақстанның жетістіктері жайлы айтты. Назарбаевтың айтуынша, жетістіктердің барлығы ел мен саясаттың арқасы:

- Өткен аз уақыттың ішінде еліміз көркейіп, бүгінгідей жағдайға жеттік. Осының бәрі елдің еңбегі, жүргізілген саясаттың арқасы.

Өзбекстаннан Қазақстанға жұмыс іздеп келген Жұлдыз Османованың айтуынша Қазақстан көршілес елдермен салыстырғанда тез дамып келеді:

- Өзім Өзбекстанда тұрамын, осы жерге келіп жұмыс істейміз. Жаман емес, жақсы. Өзім Қазақстанның қызымын, келешекте Қазақстанға көшемін деген әрекеттемін. Экономика жағынан қазір Қазақстан алда тұр.

Астаналық зейнеткер Ержан Қабылдин қазір Қазақстанда жұмыстан гөрі сөз көп деген пікірде:

- Орталық Азия елдеріне қарағанда, әрине, жағдайымыз жақсы. Бірақ, тіл проблемасы, ауыл проблемасы, жұмыссыздық бар. Соны бірте-бірте жою керек. Әсіресе, тіл проблемасы. Көп айтылады, бірақ іс жүзінде көп кемістіктер бар.

Ал, Астананың «Мұсылман әйелдер қоғамының» төрайымы Клара Ержан, егемендік декларациясында жазылған қазақ тілі мәселесін асықпай шешу керек деп санайды:

- Біздің мемлекетіміздің 16 жылда жеткен табысы - бір ғасырда жетпейтін табыс. Руға бөліну, жүзге бөліну сияқты ауруларды қайтару ләзім. Сосын дін мен тіл - тірегіміз. Елбасының өзі кеше ассамблеяда айтқанын естідік. Ақырын ғана алып келе жатыр. Бірден егер тілімізді енгізетін болсақ, онда бізде көп адамдар бар, неше түрлі жағдайға ұшырап қалар едік.

Бұл күні мерекелік бағдарлама бойынша Астананың концерттік сахнасында, әдеттегідей, Қазақстанның ұлттық орталықтары өнерлерін көрсетіп жатты. Бірақ, ауа райы салқын болғандықтан ба, Астана көшелерінде адамдар әдеттегі мерекелермен салыстырғанда көп емес. Президент қатысады деген ақпараттан кейін, қаладағы оқу орнының шәкірттері орталыққа жиналып, оларға президентті қалай қарсы алып, қошемет көрсетуді бірнеше қоюшы режиссерлер ұйымдастырып жүрді.

XS
SM
MD
LG