Accessibility links

Түркіменстан үкіметі жылдар бойы өзінің жергілікті саясатын жүргізіп келеді. Оны тек “түркіменлендіру” саясаты деп атауға болады. Соңғы жылдары ұлты түркімен емес жоғары лауазымды қызметкерлердің көбі жұмыстарынан айырылды. Сонымен қатар, билік орындары бейресми түрде тұрғындардан түркімен тілінде сөйлесуді және түркімен киімін киюді талап ететін көрінеді. Бұл талаптар тіпті мектептегі оқушыларға да қойылады екен. Сондықтан ұлты орыс, қазақ және өзбек болған азаматтар Түркіменстаннан кетуге мәжбүр болған. Соңғы хабарларға қарағанда, түркімендермен тұрмыс құрған жас өзбек келіншектерге Түркімен билігі тіркеу құжатын берместен, оларды балаларымен бірге елден шығарған.

Зиёда Рузимова - Түркіменстанда он жылдан астам уақыт тұрған. Оның төрт баласы да Түркіменстанда дүниеге келген, ал күйеуі әлі сол елде тұрады. Дегенмен осы жылдың басында ұлты өзбек болған Рузимова Түркіменстаннан ығыстырылды. Тағы басқа өзбек келіншектердің тағдыры да солай болды.

Ақпан айында Түркіменстанның билік орындары Рузимова мен оның балаларын бір жерге жинаған екен. Кейін не болғандығы жөнінде Рузимованың өзі былай әңгімелейді: “Олар бізді Шават шекара бекетіне алып келді, кейін бізді өзбек шекарашыларына тапсырды. Біздің ақшамыз жоқ еді. Өзбек милициясы бізге көмектесті. Олар маған “жыламаңыз, сіз өз еліңіздесіз, қуаныңыз” деді. Мен төрт баламды қалай бағамын деп сұрадым. Әжемнің үйіне жетуім үшін милиция маған мың сом беріп, такси шақырттырды”.

Зиеданың айтуына қарағанда, бір жағынан түркімен қамауында отырғаннан гөрі олардың Өзбекстанға келгені жақсы болған.

“Олар бізді түрмеде ұстады. Мен жерде жаттым. Балаларға кішкентай көрпеше берді. Ал мен цементте жаттым”, - дейді Рузимова.

Зиеда Рузимова Түркіменстан мен Өзбекстан шекарасындағы бір ауылда дүниеге келген. 1994-ші жылы ол Түркімен азаматына күйеуге шыққан. Ол кездері тұрғындарға екі ел арасындағы шекарадан өту қиын болмаған. Адамдардың көбі бір-бірімен екі тілде де сөйлесе беретін.

Бірақ осыдан 4 жыл бұрын Түркіменстан президенті Сапармұрат Ниязовқа қастандық әрекеті жасалмақ болды делінген оқиғадан кейін, қарапайым халық үшін шекарадан өту өте қиын болып қалды. Рузимованың айтуынша, олар бюрократиялық талаптарды бұлжытпай орындауға тырысқан, бірақ Түркіменстанның билік орындары олардың некесін ресми түрде тіркемеген және оларға балаларының туылған жөніндегі күәліктерін бермеген. Нәтижесінде Рузимованың балалары мектепке де қабылданбаған. Сөйтіп ол төрт баласымен бірге Түрменістаннан шығарылған.

Қазір Рузимова “Шават” деп аталатын өзбек ауылында әжесінің үйінде тұрып жатыр. Ал балалары мектепке барып жүр. Осы ауылда тұратын атын атағысы келмеген бір кісінің айтуынша, Рузимова осындай жағдайға душар болған жалғыз келіншек емес.

“Бұл бір ғана жалғыз жағдай емес. Басқа да қыздарымыз қайтып жатыр. Біз олар туралы уайымдаймыз. Түркіменстандағы әкелер - ол жақта жыласа, ал балалары осында жылап жүр. Біз оларға қолымыздан келгенше жәрдем беріп жатырмыз. Қазір 5 отбасы осындай жағдайда қалып отыр”, - дейді “Шават” ауылының тұрғыны.

Түркіменстан билігі атамұраға мән береміз деп, кейде тіпті жосықсыз әрекеттерге барады. Президент Ниязовтың бұйрығымен тарих та өзгертіріліп, кітаптарда түркімен халқы көптеген әлемдік оқиғаларда маңызды роль атқарған деп жазылуда. Сыншылар осыған байланысты Түркімен билігінің бұл саясаты басқа ұлт өкілдерін түркімендерден төмен етіп көрсету үшін іске асырылуда дейді.

Түркіменстан билік орындары өзбек келіншектерінің елден шығарылу оқиғасына байланысты ешқандай пікір білдірмеді. Түркіменстаннан шығарылған өзбек әйелдерінің саны онша көп емес болып көрінгендіктен Өзбек билігі де бұл проблемаға назар аудармайтын да сияқты.
XS
SM
MD
LG