Accessibility links

Қазанның 23-інде әлем мұсылмандарының Ораза айт мерекесі басталды

  • Гүлім ЕСЕНҚЫЗЫ

Биылғы жылы 29 күнге созылған оразадан кейін үш күнге жалғасатын қасиетті мерекені Қазақстан мұсылмандары да тойлауда. Таңертеңнен Алматының орталық мешітінде жиналған жамағат айт намазына жығылды.

Күллі мұсылман үшін қасиетті саналатын ораза айттың алғашқы күні мешітке жиылған халық мол болды. Мешіт қызметкерлері жыл өткен сайын дінге, мұсылмандыққа бет бұрған жастардың қатары көбейіп келе жатқандығын айтады.

- Имандылыққа бет бұрған халықтың қатары өсіп келеді, мешіттің іші таңғы алтыда таң намазына жиналған халыққа лық толды. Аллаһ-тағала келесі Рамазан айын қарсы алуға нәсіп етсін! - дейді Алматы қаласы орталық мешітінің бас имамы Құлмұхамбет қажы Махамбет.

Алматы тұрғыны Үміт Рахымқызы жылда діни мейрамдар кезінде жетім балалар үйіне киім-кешек, дәмді тағам апарып, қайырымдылық етіп жүргеніне 12 жыл болыпты. Биыл да өзімен ниеттес 10 шақты жанмен бірлесіп, әке-шеше мейірімінен шет қалған бүлдіршіндерді қуантуға асыққан Үміт ораза айында қайырымдылық жасауды өзіне кішкентайынан парыз санап келе жатқандығын айтады.

- Біз балаларды мәз-мейрам етіп тарту-таралғы жасаймыз. Кішкентайымыздан әкеміз үйретуші еді: кәпір – кәпір емес, алақанын жайып сұрап келгенде бермеген – кәпір деп. Осылай 5-6 кісі жиылып, киім-кешек апарамыз, - дейді Үміт Рахымқызы.

Айт мерекесі жақындағанда әр отбасы үйінің іші-сыртын тазартып, әр үйде мол дастарқан жайылып, әруақтарға құран бағыштап, әулиелердің ризашылығына бөленеді деген ұғым бар. Әйткенмен, Алматыда мешіттің айналасынан басқа жерде қандай да бір мерекенің белгісі байқалмады. Қала тұрғыны мұны Лаура Қаныбекқызы адамдардың жұмысбастылығымен түсіндіреді. Лаураның өзі Ораза-айт қасиетті мереке болғанына қарамастан, бұл күндері демалыс берудің қажеті жоқ деп санайды.

- Жұмысы бар адамдар құранын, екі мәрте намазын оқып, садақасын таратып отырса болады ғой. Демалыс алып, бір Аллаһқа сиынуымыз керек деген жарамайды.

Алайда мәселеге өзгеше қарайтындар да бар. Алматының орталық мешіт имамының орынбасары Данияр Жұмабаев ораза айтқа орай мерекелік демалыс күндері белгіленуіне ықыластығын білдірді.

- Бүгін мешітке аз халық жиылған жоқ. Егерде осы мерекеге орай демалыс күндерін берсе, халық бұдан да көп болар еді. Барлық көршілес елдерде айт күндері ресми мейрам ретінде тойланады ғой. Ал бізде одан басқа, мазасыз бір той-мерекелер атап өтіледі. Иншалла, осындай оразаны күллі ел болып тойлайтын деңгейге жеткізсін деп тілеймін.

Алматы тұрғыны Дана Ділдәбекқызы болса, ораза, айт кездерінде сауда орындарында спиртті ішімдіктер мен темекі өнімдерін сатылмаса деген тілегімен бөлісті.

- Ораза кезінде темекі тартқызбайтын, арақ ішкізбейтін бір заң шығарамыз деп еді, қайда сол заң?! Қазіргі жастардың имандылыққа бетбұрысы жаман емес. Басшылар тарапынан осындай имандылыққа тартатын ықпал болмаған соң жастар бұзылды деген әңгіме шығады.

Оразаның алғашқы күні Астана қаласындағы мешітте президент Нұрсұлтан Назарбаев, сенат төрағасы Нұртай Әбіқаев және тағы да бірқатар лауазымды басшылар болды. Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі оқыған құранына жұртпен бірге қол жайған Нұрсұлтан Назарбаев барша жамағатты осы айтулы күнмен құттықтады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәліметтері бойынша, 15 млн-нан астам тұрғыны бар Қазақстан халқының 70 пайызына жуығы – ислам дінін ұстанушылар.
XS
SM
MD
LG