Accessibility links

Азаматтық партия президенттік «Отан» партиясына қосылу мәселесін қарастыруда, ал «Атамекен» кәсіпкерлер партиясы құрылтай съезін өткізбек


Қазақстанда президенттік "Отан" партиясының қатары тағы да молая түсуі мүмкін. Азаматтық партияның жетекшісі Азат Перуашев қазанның 26-күні "Азаттық" радиосына өздерінің "Отан" партиясына қосылу мәселесін қарастырып жатқандығын мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір Азаматтық партияның аймақтық жиналыстарын өткізген 2 филиалы "Отанға" қосылуды қостап отыр. Бұл кезде елде тағы бір президентшіл партия дүниеге келмек. "Атамекен" кәсіпкерлер партиясын құру комитетінің төрағасы Ерік Досмұхамедов "Азаттық" радиосына жұма күні құрылтай съездерін өткізетіндіктерін айтты.

Алдымен биылғы жылдың шілде айының 4-күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жетекшілік ететін "Отан" партиясына оның қызы Дариға Назарбаева басшылығындағы "Асар" партиясы қосылған болатын. Енді жақын уақытта президенттік «Отан» партиясының қатары басқа да президентшіл партиялармен молая түсетіндігін «Отан» партиясы төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева қазанның 10-ы күні айтқан еді:

- Біз бәріміз: «Президенттің саясатын қолдаймыз» дейміз. Бірақ сайлау кезінде бір-бірімізге бәсекелес болып, нәтижемізді төмендетіп отырамыз. Сондай өкінішті жағдайлар алдыңғы сайлауларда болды. Сондықтан, қосылуға шешім қабылдағанбыз. Енді «Отанға» «Асар» ғана қосылмайды, күзде тағы бір жақсы жаңалықтар болып қалады.

Осыдан кейін кейбір бұқаралық ақпарат құралдары «Отан» партиясы тағы екі саяси партия – Азаматтық және Аграрлық партиялармен толығатындығын хабарлаған еді. Айтқандай-ақ, Азаматтық партияның төрағасы Азат Перуашев бейсенбі күні «Азаттық» радиосына мұны растады. Оның айтуынша, қазір осы бағытта жергілікті филиалдарда жұмыстар қызу жүруде:

- Президент «Отан» партиясының съезінде президентті қолдайтын партияларды біріктіру туралы ой айтқан. Соны қолдау бойынша біздің бірнеше филиалдарымыз пленумда ұсыныс айтты. Біз бұл ұсынысты пленумда талқылап, оны жергілікті филиалдардың қарауына жібердік. Олар бұл мәселе бойынша пікірталас өтекізеді.

Қазірдің өзінде Азаматтық партиясының Ақмола облыстық филиалы және Астана қалалық бөлімшесі партияны қайта ұйымдастырып, «Отан» партиясына қосылу бастамасын қолдап шешім шығарған. Дегенмен, ақтық шешім Азаматтық партияның қарашаның 13-і күні өтетін съезінде қабылданады дейді Азат Перуашев.

Президенттік партиялар бір ұйымның астына бірігіп жатқан кезде келесі бір президенттік, нақтырақ айтқанда, «Атамекен» кәсіпкерлер саяси партиясы дүниге келмек. Қазанның 27-сі күні құрылтай съезін өткізетін бұл партияның мақсаты – елде өсіп келе жатқан орта таптың, оның ішінде кәсіпкерлер мен жеке меншік иелерінің мүддесін қорғайтын шынайы саяси күшті қалыптастыру, дейді партияны ұйымдастыру комитетінің төрағасы Ерік Досмұхамедов.

Оның айтуынша, партияны ұйымдастырушылар «жаңа партияның пайда болуының арқасында елдегі заң шығару процесі шетелдік және отандық кәсіпкерлердің экономикалық қызметі үшін неғұрлым рационалды, алдын-ала болжауға қолайлы және жағымды болады дегенді көздеп отыр».

Қазақстанда саяси партиялар құрылысындағы өзгерістердің соңғы уақытта одан әрі жылдам жүре бастайтындығын болжайды саясаттанушы Айдос Сарымов:

- Бұл саяси партиялар арасындағы ауыс-түйістер тағы бір саяси науқанның басы емес, ол оған ұзақ дайындық сияқты. «Отанға» Азаматтық партияны қосып жатқанынан хабардармыз. Алдағы уақытта Аграрлық партия да қосылып қалуы мүмкін. Алда Аграрлық партия мен «Ауыл» партиясы бірігеді деген де қоғамда пікір бар.

Ал «Ауыл» партиясының төраға Ғани Қалиев жақын уақытта ешқандай партияға қосылмайтындығын, бірақ Патриоттық партиямен бірелесе жұмыс істеуге әзір екендіктерін мәлімдеді:

- Патриоттық партиямен тұғырнамамыз ұқсас. Сондықтан, блок құру мәселесін қарастырғанбыз. Қазір де бірлесе жұмыс істеу жоспарымыз бар.

Қалай болғанда да саяси партиялардың қосылуы оң процесс екендігін айтады саясаттанушы Шәріпбек Әмірбек:

- Ұсақ партиялардың қосылуынан қорықпауымыз керек. Бір үлкен партияның күшті, басым болу қаупі болғанымен, мысалы, Жапонияда либералды-демократиялық партия 1955-ші жылдан бері билікте. Бірақ Жапония парламентінде басқа партиялардың өкілдері бар. Олар өз ойларын айтып, заң жобасын ұсынатын дәрежеде.

Қазақстанның саяси алаңында ресми тіркелген 11 саяси партия жұмыс атқарады. Олардың тек 3-і ғана оппозициялық болып есептеледі.
XS
SM
MD
LG