Accessibility links

Жаңа теңгедегі қате жазуға наразы топ Алматыда пикетке шықты


Қазанның 27-і күні Алматыда «Тәуелсіздік қарлығаштары», «Алаш», «Ел болашағы» сынды қоғамдық ұйым өкілдері Ұлттық банк ғимаратының алдында пикет ұйымдастырды. Олар қараша айының 15-і күні айналымға шығатын жаңа теңгені қолданысқа шығаруға қарсылықтарын білдіріп, Қазақстан президенті мен парламент депутаттарына ашық хат жолдады. Наразылық білдірген топ қазақшасы қате, қос тілде жазылған Қазақстанның жаңа ұлттық валютасы айналымға шығуға тиіс емес, дейді.

Өздерін ұлт жанашыры санайтын қоғамдық ұйым өкілдерін Ұлттық банк ғимаратының алдына алып келіп, наразылық шарасын өткізуге қазақшасы қате жазылған теңгенің жаңа нұсқасы себеп болған екен.

Наразылық шарасына қатысушы Балтабай Қабыланов: «Ұлттық банк бүкіл қазақ халқын қорлап отыр. Мұндай жағдай дүние жүзінде болмаған. Осындай жағдайға жол беріп отырған парламент пен үкімет таратылсын. Егер Назарбаев елді басқара алмайтын болса қазіргі жүргізіп отырған саясатын тоқтатып жастарға орын берсін», деді.

Бейбіт түрде өз қарсылықтарын білдіруге келген аз ғана топ полиция қызметкерлерінің қарсылығына тап болып, арада түсінбеушіліктер орын алды. Жоғарыда пікір айтқан Балтабай Қабылановқа «іс-әрекетің заңға сисыймайды», деген полиция қызметкерлері одан тез арада Ұлттық банктің алдынан кетуді талап етті.

«Іс-әрекетініңіздің бәрі заңға қайшы. Қалалық әкімшіліктен рұқсат алуыңыз керек еді. Сізге ескертеміз, қойыңыз. Қоймасаңыз сізді Бостандық аудандық ішкі істер басқармасына алып кетеміз», деді Бостандық аудандық ішкі істер басқармасының қауіпсіздік бөлімінің бастығы, полиция майоры Батырхан Бекқалиев.

Бұл дау қоғамдық ұйым өкілдеріне өз ойларын айтуға мүмкіндік бермеді. Балтабай Қабылановқа әкімшілік кодекстің 373 бабын бұздың деген полиция қызметкерлері оны және тағы екі азаматты Бостандық аудандық ішікі істер басқармасына алып кетті.

Алматы қалалық әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің қызметкері Думан Жорахан: «Азаматтардың іс-әрекеті заңға қайшы. Олар қалалық әкімшіліктен рұқсат сұраулары керек еді. Бұл пикет жайында бізге ешқандай хат түскен жоқ. Сондықтан заңсыз», дегенді айтты.

«Бұл жерде наразылық акциясына шыққан азаматтардың заң бұзғандығын көріп тұрғаным жоқ. Өйткені, Қазақстан конституциясында азаматтарға бейбіт жиындар өткізуге құқық берілген. Бұл жерде полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіптің бұзылмауын қадағалауы керек», дейді адам құқығын қорғаушы Жеміс Тұрмағанбетова.

Ал қоғамдық ұйым өкілдерінің көтеріп отырған мәселесіне қолдау білдіруге келген Алматы қаласының тұрғыны, Шырын Өсер: «Мұндай ақша енбеу керек. Бұрынғы ақшада әл-Фараби бабамыздың суреті бар еді. Оны дүние жүзі ғұлама ретінде таниды. Ал енді бүгінгі күні әл-Фарабидің суретін алып тастап, сауатсыз ақшаны шығаруға қарсымыз», дейді

Бұл пікірмен Бақыт Құдайберген есімді азаматтың ойыда үндес болып шықты.

«Жаңа ақшада қате кетіпті деп естіп жатырмыз. Бұл бүкіл қазақ халқын сауатсыз деп көрсету сияқты. Өйткені енді не істей аласыңдар деп Ұлттық банктің төрағасы міз бақпай отыр. Көріп тұрған нәрсені неге айтпауымыз керек. Жоғарғы жақтағыларға халықпен санасу керек деп ойлаймын», дейді Бақыт Құдайберген.

Ал наразылық танытқан қоғамдық ұйым өкілдері президент пен парламентке ашық хат жолдады. Онда қос тілде жазылып, қазақшасында қате кеткен теңгені айналымға енгізбеу керек делінген. Сондай-ақ олар, олар қараша айының 15-іне дейін түрлі наразылық шарасын өткізуге дайын екендіктерін айтқан.
XS
SM
MD
LG