Accessibility links

Қытай компаниясы Қазақстанда тағы бір мұнай кенішін сатып алмақшы

  • Досан БАЙМОЛДА

«Азия Информ» жаңалық агенттігінің хабарлауынша, Қытайдың China International Trust & Investment Corp (CITIC) компаниясы Қазақстанның батысындағы Қаражамбас мұнай-газ кенішін сатып алу жөнінде осы кеніштің қәзіргі қожайыны Канаданың Nations Energy & Investment Corp компаниясымен алдын ала келісім шартқа отырып, тиісті құжаттарға қол қойысқан. Қаражамбас мұнай кеніші осы уақытқа дейін күніне 50 мың баррель мөлшерінде мұнай шығарып келген. Ондағы мұнай қорын мамандар 340 млн тонна шамасында деп болжап отыр. Канада компаниясы бұл кенішті 1,9 млрд доллар мөлшерінде деп бағалап қытай компаниясына сатпақшы көрінеді.

Өткен жылы Қытайдың Ұлттық Мұнай компаниясы (CNPC) PetroKazakhstan мұнай компаниясын 4,2 млрд долларға сатып алғаны белгілі. Осыған қарап сарапшы мамандар Қытай Қазақстанның мұнай-газ саласына барынша енуді жоспарлап отыр, өзінің осыған қызығушылығын жасырмауда деген пікірлер айта бастады.

Алайда Қазақстандағы Қытай елшілігінің саяси бөлімінің бастығы Лю Цзи Пин ханымының айтуынша, Қытай мен Қазақстан арасындағы энергетика саласындағы ынтымақтастық тек Қытай үшін ғана пайдалы емес бұл Қазақстан үшін де пайдалы болмақ. Оның айтуынша, Қазақстан жағы Қытаймен экономикалық барлық салада ынтымақтастықта болуға мүдделі екендігін байқатып отыр. Бұл екі жаққы да әрі тиімді әрі пайдалы болмақ дейді Қытай елшілігінің өкілі.

Қазақстанның Экономикалық зерттеулер институтының жетекші маманы, экономика ғылымының докторы Болат Құсайыновтың айтуынша, соңғы кезде Қытай тек Қазақстан рыногын ғана жаулап алу үшін емес бүкіл әлімдік рыногті экономикалық тұрғыдан жаулап ісіне көше бастаған.

«Оған бір мысал, осыдан ондаған жыл бұрын Қытай әлімдік рынокке шығуға оны бағындыруға онша қызықпайтын болса бүгінде табиғатта аса сирек кездесетін элементтер рыногының 98 процентін өз қолына ұстап отыр. Сол арқылы бұл салада өз айтқанын істеп, өз бағасын қойып отыр», дейді ол.

Ал Қазақстанға келер болсақ Қытай ең алдымен Қазақстанның мұнайына қызығып отыр. Өйткені соңғы жылдары Қытай экономикасы қарыштап дами бастады. Сондықтан Қытайға энергоресурстар тым қажет болып отыр. Өте көп мөлшерде мұнай,газды басқа мемлекеттерден сатып алуға мұқтаж жағдайда.

«Қазақстанда Қытайдың бүгінде екі үлкен мұнай компаниялары – «АқтөбеМұнайГаз» және PetroKazakhstan компаниялары жұмыс істейді. Ал Қытайдың көптен бері Қазақстанның Каспий жағалауындағы мұнай көздерін де игерсем, қолға алсам деген ой арманы болған енді сол арманына қол жеткізуге жақын қалып отыр. Бұған Қазақстан үкіметі және қазақстандық саясаткерлер ерекше көңіл бөліп, ден қойғандары дұрыс болмақ», дейді Экономикалық зерттеулер институтының жетекші маманы Б.Құсайынов.
XS
SM
MD
LG