Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10.28.2006 жыл


Сенбі күні жарық көрген басылымдарда, Қазақстандағы мүлікті заңдастыру шарасының орындалу барысы туралы мақалалар жарияланған. Сондай-ақ, баспасөз беттерінде Қазақстандағы мектепке дейінгі тәрбие орындарының жай-күйі талқыға салыныпты.

«Айқын» басылымы, мүлікті жария ету шарасы сәтсіздікке ұшырағанын жазады. «24 қазандағы дерек бойынша, салық органдарына мүлкін жария етуге бел буған қазақстандықтардан 7850 өтініш келіп түскен. Бірақ, заңдастырылмақшы осынша мүліктің жалпы сомасы небары 10 миллион доллардай ғана. Бүгінге дейін 682 миллион теңгедей капитал ғана заңдастырылыпты». Ал, рақымшылық шарасының сәтсіздікке ұшырауына байланысты, «Айқынға» пікірін білдірген саясаткер Сейдахмет Құттықадам былай дейді: «Қазір қаржысы мол, оншақты ауқымды топ бар. Олар партиялар, ұйымдарға бөлінеді, солардың бесеуі өте мықты. Билікке өздерінің адамдарын отырғызып қойған, лоббистері бар. Осы топтың арасындағы майдан да легализацияны тежеп отыр. Осы топтың ішіндегі мықтырағы әлсіздерін жұтып қойып жатыр», - дейді Сейдахмет Құттықадам «Айқын» газетіне берген сұхбатында.

Ал «Казахстанская правда» басылымы, мүлікті заңдастыру шарасының сәтсіздікке ұшырауы, ол туралы халық арасында насихаттың аз жүргізілуінен деп жазады. Газет вице-премьер Кәрім Мәсімовтың пікірін мынадай келтіреді: «Мүлікті заңдастыруға байланысты рақымшылық жариялау» туралы Заңға сәйкес, қарапайым халыққа олардың хұқықтары мен міндеттері туралы ақпарат толық жеткізілген жоқ. Сондықтан да, Мәсімовтың айтуынша, тұрғындар бұл шараның маңыздылығы мен артықшылығын түсінбей отыр», - деп жазады «Казахстанская правда».

Ал, «Экспресс К» басылымының дерегінше, қазақстандықтар шетелдегі капиталдары мен мүліктерін Қазақстанға әкелуге асығар емес. «Есесіне, ауыл шаруашылығы біршама жақсы дамыған Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облысының тұрғындары мүлікті заңдастыру шарасының жемісін көруде. Мұндағы халық колхоз-совхоздарды жекешелендіру кезінде алған ауылшаруашылық техникаларын тіркеуден өткізуде. Алайда, бұл шараны қазақстандықтар, шетелдердегі капиталдары мен мүліктерін жария ету үшін қолданады деген үміт ақталмады. Салық орындарына мұндай бір де бір өтініш түспепті», - деп жазады «Экспресс К».

«Егемен Қазақстан» басылымы мүлікті жария ету шарасының сәтсіздікке ұшырауына байланысты, Сенат депутаты Қуаныш Айтахановтың пікіріне жүгінеді. «Осыған дейін жария етілген мүліктің орташа бағасы 200 мың теңгенің айналасында екен. Мұның өзі жергілікті жерде әйтеуір жоғарыға мүлікті жария ету жөнінде жұмыс жүргізіп жатырмыз деп мәлімет беру үшін, ұсақ-түйек нысандар төңірегінде ғана қағаз рәсімделіп жатқанын көрсетеді. Құны 200 мың теңгелік нысанның не екенін шамалауға әбден-ақ болады», - деген сенатор Қуаныш Айтахановтың ойын келтіреді «Егемен Қазақстан» .

«Комсомольская правда Казахстан» басылымы, мемлекет балалар бақшасында тәрбиелетін әр балаға қанша қаржы жұмсайтынын есептепті. Басылымның мәліметінше, Оңтүстік Астанада бір балақшаға аудан әкімшілігі тарапынан 600 мың теңге бөлінеді. «Оның 400 мыңы мекеме қызметкерлерінің жалақысын төлеуге кетеді. Тағы 50 мыңы коммуналды қызмет ақысын төлеуге жұмсалады. Қалған 150 мың теңгеге тамақ алынады. Егер әрбір бақшада, 250 бүлдіршін тәрбиеленетін болса. Қала басшылығы әр баланың тамағы үшін айына 600 теңгеден ғана бөледі екен», - деп қорытындылайды бұл мақаланы «Комсомольская правда».

Ал «Экспресс К» басылымы Солтүстік Қазақстанда мектепке дейінгі тәрбие орындарының тапшы екенін жазады. «Тек, Петропавл қаласында ғана бес мыңнан аса бүлдіршін, бала бақшаның кезегінде тұр. Оған себеп, жекешелендіру науқаны кезінде көптеген балабақша ғимараттары баспана ретінде және өзге де мақсаттар үшін жеке адамдарға бөлініп берілген. Қазір, ол ғимараттарды мемлекетке қайтару жұмыстары жүргізілуде. Бірақ, ол да оң нәтиже бермей отыр» деп жазады «Экспресс К».
XS
SM
MD
LG