Accessibility links

Теңіз кеніндегі төбелес тергеуі жалғасуда

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

Теңіз кеніндегі болған төбелестен кейінгі 1 апта ішінде оқиға жайлы қарама-қайшы пікірде айтылған ақпараттар шықты. Осыған дейін электронды ақпарат құралдарында Қазақстаннан Стамбулға оралған түрік жұмысшыларының өздері жағынан 6 жұмысшы қайтыс болды деп айтқан сұхбаты тараған болатын. Алайда қазақстанның ресми мекемелері адам шығыны болды деген ақпаратты жоққа шығарып отыр. Ал Қазақстандағы түрік елшілігі болса, ауыр халде жатқан түрік азаматтары бар дейді.

Түркия Теңіз кен орнындағы оқиғаға бола Қазақстанмен байланысын нашарлатқысы келмейді. Бұл жайында «Азаттық Радиосы» тілшісіне берген сұхбатында Түркияның Қазақстандағы елшісі Танер Себен айтты.

- Бұл оқиға Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсірмейді деген сенімдеміз. Біз жағдайдың дәл осылай бұзуын қаламас едік. 140 аданың жараланып, мұсылмандар үшін қасиетті мейрамның алдында түрік жұмысшыларының қазақ жерін осылайша тастап кетуі Түркия үшін күтпеген оқиға болды. Біз Теңіз кенінде орын алған оқиғаның тынышталып, ары қарай өршімеуі үшін барлық шаралар жасауымыз керек. Қазір оқиғаға кінәлілерді тауып, тез арада құқық қорғау мекемелердің қолына тапсыру керек деп ойлаймын, - дейді Себен мырза.

Ал Орталық Азиядағы адам құқықтары жөніндегі комитеттің төрағасы Мұрат Телібеков Түрік елшісі оқиғаның жауапкершілін тек Қазақстан жағына ғана артып отырғанын айтып, жағдайды одан әрі ушықтырмауға Қазақстан ғана емес, Түркия да атсалысу керек деп есептейді.

- Осы конфликтте Қазақстан жағы өз кінәсін мойындады. Ал түрік елшісі өз жағының да кінәсін мойындауы керек,-деді Мұрат Телібеков.

Бұл мәселе 26 қазан күні парламент мәжілісінің отырысында да көтеріліп, бірқатар депуттатар сауалдарын айтты. Мысалы, «Аймақ» депутаттық тобының жетекшісі Дариға Назарбаева шетелдік инвесторлар кеңесі шетелдік компанияларда кездесетін жанжалдарды анықтап, оны шешудің шараларын қарастыру керек деген мәлімдеме жасады. Депутат соңғы уақытта шетелдік инвесторлар қарауындағы компанияларда жанжалдардың көбейіп отырғанын айтып, басшылықтың осы нәрселерге дер кезінде және нақты шаралар қолданбай отырған әрекетін сынға алды. Дариға Назарбаева депутат Нұртай Сабильянов та қолдап, шетел кәсіпорындарында болатын жанжалдар еңбек ету заңдылығының қадағаланбауы, техника қауіпсіздігінің бұзылуы сияқты мәселелерден шығып отырғандығын айтты.

- Қазақ жұмысшыларының құқықтарын қорғауымыз керек. Басқа жақтан жұмыс күшін әкеле бермей, өзіміздің жұмысшыларды да қарастыруымыз керек. Сонымен бірге оларға берілетін жалақыдан түріктердікі 4-5 есе көп. Билікте отырған азаматтар осыны бір жолға қою керек,-деді Нұртай Сабильянов.

Ал саясаттанушы Сайын Борбасов болса, Қазақстанға әлеуметтік мемлекет құру үшін әлі де бірталай шаралар атқару керектігін айтып, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайының назардан тыс қалып қоюына шетел компаниялары мен бизнес элиталары кінәлі дейді.

- Бұл жерде түрік ұлтының да, қазақ ұлтының да кінәсі жоқ. Олар сол жердегі әлеуметтік-экономикалық әділетсіздіктердің құрбаны болды.

Ал саясаттанушы Әзімбай Ғали төбелес тудырған факторлар бұрыннан қордаланып келген деп, қақтығыстың Батыс өңірде туу себептеріне тоқталады.

- Оларда қақтығыстардың тәжірибесі бар. Мысалы, Батыс өңірде 1989 жылы 1 апталық үлкен қақтығыс болған. Сондықтан жергілікті халықтың сырттан келген ұлттармен белгілі бір қатынас механизмі бар. Түрік жұртшылығы да сіз-біз болмай, тіпті басынып комплементарлық емес мінез көрсетті. Ал ашынып жүрген қазақтар өз жерінде тағы бір кемсітушілікті көргісі келмеді.

Ал билік Атыраудағы жұмысшалар төбелесін халық арасында өршітушілердің кездесіп отырғандығын айтып, оған Атыраудағы оппозиялық «Нағыз Ақ Жол» партия мүшелерінің қатысы бар деп есептейді. Бұл туралы «Нағыз Ақ Жол» партиясы Атырау облыстық филиалының жетекшісі Жалғас Тікенбаев былай деді:

- Қалада біреулер біздің жұмысшы жерлестерді қорғайық, әкімге қарсы шығайық деген листовкалар таратып жүр. 27 қазан күні сағат таңертеңгі 10-да біздің активистер үйінен шығып бара жатқанда, біреулері өз шаруаларымен газелмен кетіп бара жатқанда, топыр-топыр милициялар ұстаған. Сол кінәні біздің кісілердің мойнына жапқан.

Жұмысшылар арасындағы төбелестен кейін жағдайды тұрақтандыру мақсатында Теңіз кеніндегі жұмыс тоқтатылған болатын. Түрік жұмысшыларының біразы елдеріне қайтарылса, қазақстандықтар уақытша демалысқа шығарылды. Ал төбелесті бастады деп айыпталынып отырған жұмысшылар тергеліп, еш жаққа жіберілмеуде деген ақпараттар бар.
XS
SM
MD
LG