Accessibility links

Қазақстан Ақтауда әскери ұшақ базасын орналастырады

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

27 қазан күні қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев Ақтау қаласына әскери әуе күштері орналастырылады деген мәлімдеме жасады. Министрдің айтуынша, Қазақстанның Каспийлік бөлігін қорғауға алдағы уақытта жойғыш, шабуыл ұшақтары әкелінбекші. Министр Каспий аймағында бұған дейін әскери-теңіз, әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері, радиолокациялық жүйелер және басқа да әскери техникалардың болғандығын да айтады. Қазақстанның Батыс бөлігінде әскери күш-қуаттың жылдан-жылға өсіп отыруы саясаттанушылар тарапынан әр түрлі пікірлер туғызуда.

Саясаттанушы Досым Сәтбаев Қазақстан өзінің Каспийлік бөлігін қорғау мәселесінде міндетті түрде Ресейге арқа сүйейді деп есептейді. Ол оны Қазақстан мен Ресейдің Каспий мәселесі бойынша ұқсас саясат ұстанып отырғандығымен байланыстырып, Мәскеу мен Астана арасындағы қатынастар өзгелерге қарағанда әлдеқайда терең дегенді айтады.

- Қазақстан аймақтағы мемлекеттердің барлығымен бірдей қатынас орнатқан. Алайда әскери салаға келгенде, Қазақстан тек Ресеймен ғана бас біріктіргенді дұрыс деп тауып отыр. Егер Қазақстан АҚШ-қа өз жерінен әскери база ашып бере қалса, ол үлкен қателік болар еді. Біз Қазақстанның Ұжымдық Қауіпсіздік, Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымына мүше екенін ұмытпауымыз керек, - дейді саясаттанушы.

Ал Еуразиялық саяси зерттеулер орталығының директоры Рүстем Лебеков дәл қазіргі жағдайда Каспий мемлекеттері ішінен әскери салада АҚШ Қазақстаннан гөрі, Әзірбайжанмен одақтасуға тоқталып отырғанын айтып, Вашингтонның Қазақстанға бекініп қалу мүмкіндігі өте аз дейді.

- АҚШ-тың әскери базасы Қазақстанға Каспий аймағында жанжалды оқиға бола қалған кезде ғана орналаса алады деп ойлаймын. Оның өзінде де мұны, АҚШ-тың сылтауменен Қазақстанға кіру әрекеті деп бағалар едім. Әрине, бұл әрекеттің Қазақстанға пайдасынан гөрі, кері ықпалы көбірек болады. Егер біз ойлағандай бола қалса, Ресей қалай да болғанда Қазақстанға қысым жасауға тырысып бағады,-дейді Еуразиялық саяси зерттеулер орталығының директоры.

Саясаттанушы Андрей Чеботарев АҚШ-тың Қазақстан мұнайына, яғни Каспий аймағына ерекше назар аударуы, оның Таяу Шығыстағы позициясының әлсіреуінен кейін болды деп, Орталық Азия елдерінің геосаяси жағынан маңызды рөл ойнай бастағанын айтады.

- Менің ойымша, жақын уақытта Қазақстанда АҚШ әскери базасының пайда болуы мүмкін емес. Мұндай әңгіме 2001 жылғы 11-ші қыркүйек оқиғасынан бері айтылып келеді. Сол кезде Қазақстан Луговойдағы аэродромды беріп қалуы мүмкін деген сөз естігенбіз. Егер Қазақстан мұны қаласа, ол әлдеқашаннан жүзеге асар еді,-дейді Андрей Чеботарев.

АҚШ 2005 жылы Өзбекстандағы әскери базасын сол елдің біржақты қалауы бойынша жапқан болатын. Сол кезде АҚШ әскери базаларын Қазақстан мен Тәжікстанға көшіруді ойластырды дейді саясаттанушылар. АҚШ Орталық Азия елдері ішінде тек Қырғызстанда ғана әскерін сақтап қала алды. Соған қарамастан, Бішкек өз жеріндегі шетел базасын әкету мәселесін бірнеше рет көтерген болатын. Сарапшылар Қырғызстанның мұндай әрекетке баруына Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымының ықпалы болды деп баға беріп отыр.
XS
SM
MD
LG