Accessibility links

Аштық жариялаған «Арман су каналы» кәсіпорнының қызметкерлері жалақыларын алды


Қарағанды облысындағы «Арман» су каналы мемлекеттік коммуналды кәсіпорнында істейтін 5 әйелдің 4 тәулік бойы аштық жариялауы нәтижесінде жұмысшылар сейсенбі күні 4 ай бойғы жалақыларын алған. Аштық жариялау кезінде 2 әйелдің денсаулығы нашарлаған. «Арман» су каналының басшылығы болса, жалақыны кідірту енді болмайтындығына уәде беріп отыр.

Қарағанды облысы Шахан поселкесіндегі «Арман» су каналы мемлекеттік коммуналды кәсіпорнында 9 жылдан астам машинст болып істейтін Светлана Маркус айына 12 мың теңге алады. Алайда, шілде айынан бері жалақы көрмегендіктен, ол денсаулығының нашарлығына қарамастан, аштық жариялауға шешім қабылдаған.

- Біздің кәсіпорында жалпы 49 адам жұмыс істейді. 5 әйел аштық жарияладық. Қалғандары бізді қолдап отырды. Тәулік бойы күні-түні тамақ ішпей, тек су ішіп, кәсіпорын мекемесінде жаттық. Аштық жариялғанның ертесінде Оксана Самусева екеуіміздің денсаулығымыз күрт нашарлап кетті. Оксананың қысымы, дене қызуы көтеріліп, басы айналды. Менің қысымым өте төмен болатын, әлсіреп кеттім. Дәрігерлер келіп, ашығуға болмайтынын айтып, бізді ауруханаға әкетпекші болды. Біз кетуден бас тарттық. Қазір үйімізде емделіп жатырмыз, - деді машинист Светлана Маркус сейсенбі күні «Азаттық» радиосына.

«Арман» су каналы кәсіпорнының келесі бір машинисі Нина жұмысты тоқтатпау үшін аштық жариялаған 2 әйелдің орнына 4 тәулік бойы жұмыс істеген. Өйткені, бұл өте маңызды объект қызметін тоқтатса, бүкіл Шахан апатқа ұрынар еді дейді машинсит Нина.

- Мен бір тәулік бойы жұмыс істеп, содан кейін соларға қосылып отырдым. Себебі, бізге жалақы бермей қойғандары бірінші рет емес. Бұған дейін шілде айының 10-ы күні ереуіл өткізіп, алдыңғы 4 айғы жалақымызды алғанбыз. Содан бері қайта бір тиын бермей қойды. Күнде кейінге қалдырады. Ақыры, қазанның 24-і күні ереуіл жасап, мекемеде отырып алдық. Бірақ бізге мүлдем ешкім назар салмай қойды. Сонан кейін қазанның 27-сі күні аштық жарияладық. Аштық жариялаған әйелдердің барлығының үйлерінде кішкентай балалары бар. Қарызымыз болса, шаш етектен, - дейді машинист Нина.

Оның айтуынша, кәсіпорынның шығындары көп. Суды Шахтинскіден сатып алады. Кәсіпорын салыққа, жарыққа төлейді. Ал мемлекеттен ешқандай көмек алмайды. Қондырғылар өте ескі. Кәсіпорын өзін-өзі қаржыландыруы керек, бірақ коммуналды мекеме өзін-өзі ақтай алмайды дейді «Арман су каналы» кәсіпорнының заңгері Наталья Дмитриевна. Аштық жариялаған Светлана Маркус болса, жалақының берілмеуін жаңа басшылықтан көреді. Өйткені, сол келгелі айлап қаржылық көмек көрмейтін болдық дейді ол:

- Бізге қазіргі директор келгелі бері жалақымызды тек ереуіл немесе аштық жариялау жолымен аламыз. Оған дейінгі бастық анда-санда аванс беріп тұратын. Қиын жағдайға тап болғандарға аздап болсын, материалдық көмек көрсететін. Ал жаңа басшылық мүлдем ештеңе бермейді.

Алайда, кәсіпорын басшысы Серік Оразбаев сейсенбі күні жұмысшылар алдындағы 1,9 миллион теңге қарыз толығымен өтелгенін айтады:

- Бәрі жалақылары алды. Болды! Жәй, бір жағдайлар болып, мердігерлердің ақшасы түспей қалды... Олар айта береді. Ана жолы ғана еңбекті қорғау комитетінен келіп, тексеріп кетті. Келесі жылға бюджеттен ақшаны көбейтіп, мұндай жалақы төлеуде кідіріс болмауы үшін өтініш беріп қойдық.

Наразылық шарасына қатысқан жұмысшылардың айтуынша, оларға 3 ай бойғы жалақылары толық, ал қазан айындағы айлықтары жартылай берілген. Сондай-ақ басшылық келесі жылы мемлекеттік бюджеттен «Арман» су каналына 18 миллион теңге бөлу жоспарланғанын жеткізген. Жұмысшылар бұл ақша түсіп, бөлінгенше тағы 4 ай қаражатсыз отырамыз ба деп алаңдайды. Бірақ олар Шахан поселкесінде жұмыс істеп тұрған басқа кәсіпорын болмағандықтан, айлық еңбек табысы 100 АҚШ долларына да толмайтын осы жұмыстан кете алмайтындықтарын айтады.
XS
SM
MD
LG