Accessibility links

Қазақстандағы еңбек жасындағы халықтың бір бөлігі зейнетақы жүйесінен тыс қалып отыр

  • Досан БАЙМОЛДА

Қазақстанда зейнетақы жүйесіндегі реформа 1998-ші жылдың қаңтар айының 1-інен басталған болатын. Бұған «Қазақстан Республикасының азаматтарына зейнетақы төлеу туралы» жаңа заңның өмірге енгендігі себеп болды. Осы уақыт ішінде Қазақстанда 14 зейнетақы қоры құрылып, жұмыс істей бастады.

Қазақстан бұрынғы Кеңес одағы ыдырағаннан кейін пайда болған тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері арасында осы зейнетақы саласында алғашқылардың бірі болып реформа бастап, оны табысты жүргізіп отырған ел деп саналады. Бүгінде Қазақстан зейнеткерлері ТМД елдері ішінде ең көп зейнетақы алатындар қатарында, айына орташа есеппен 130 доллар көлемінде зейнетақы алып отыр. Ал Қазақстанмен көршілес Қырғызстандағы жағдай бұдан көп төмен, яғни қырғыз зейнеткерлерінің орташа зейнетақысы 10 доллар мөлшерінде ғана көрінеді.

Қазақстанның зейнетақы жүйесінде осындай ілгері қадамдардың бар екендігіне қарамастан Қазақстандағы еңбек жасындағы халықтың 30 процентейі зейнетақы жүйесіне қамтылмаған жағдайда.

Алматыдағы «Әйелдер бастамасы» атты бейресми ұйымның төрайымы Татьяна Головачтың айтуынша, бүгінгі күні Қазақстандағы еңбек етуші азаматтардың 60 проценттейі Қазақстандағы 14 зейнетақы қорларының қайсы бірінің салымшысы есебінде. Ал осы еңбек жасындағы халықтың 30 процентейі зейнетақы қорларына ақша аудара алмайтын жағдайда. Олардың көбі жұмыссыз жүрген адамдар яки үйінде отырған ауыру сырқау не көп балалы аналар тіптен немесе қайсы бір жерде жұмыс істесе де әлгі жұмыс орны зейнетақы қорына ақша аудармайтын фирма, компаниялар дейді ол.

Алматы қаласындағы еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар департаменті директорының орынбасары Анастасия Куросова, көп жағдайда бұған еңбек істеп жүрген азаматтар да кіналы дейді.

- Олар ай сайын айлық жалақыларынан не үшін зейнетақыға деп ақша алып қалатынына көп көңіл бөлмейді, оның қанша екендігіне, айлықтың қанша процентін алатындығына да назар аудармайды. Ал зейнетақы қорлары болса салымшының осы ақшалары қанша болғандығын қаншаға өскендігін хабарлап отырмайды. Бұл адам өмірі, тіршілігі үшін өте маңызды мәселе, өйткені зейнетке шыққаннан кейін әркім өзінің өмір бойы зейнетақыға аударған осы ақшасын ай сайын алып тұру арқылы өмір сүрмек, сондықтан бұған жеткілікті түрде көңіл бөлу керек, - дейді А.Куросова.

Қазақстандағы зейтетақы қорлары қауымдастығы кеңесінің директоры Айдар Әлібаев Қазақстандағы зейнетақы жүйесінде әліде шешілмеген проблемалардың бар екендігін жасырмайды. Оның айтуынша, осы қорлардағы салымшылардың ақшасын нарық жағдайында ел экономикасына енгізу арқылы оны өсіру механизмі әлі жеткіліксіз жағдайда. Қазақстандағы қаржы рыногін бақылау агентігінің хабарлауынша, осы зейнетақы қорларында бүгінде 6 млрд АҚШ доллары көлемінде қаржы жиналған.
XS
SM
MD
LG