Accessibility links

Қоғамдық телеарна қандай болуы тиіс?


Қазанның 31 күні Алматыда бас қосқан қоғамдық ұйым өкілдері мен журналистер «Қоғамдық телеарна» туралы заң жобасын парламентке ұсыну туралы шешім қабылдады. Осы айдың басында құрылған арнайы жұмыс тобы «Қоғамдық телеарнаның» тұғырнамасы мен арнайы заң жобаларын жасауға кіріскен болатын. Енді олар алда осы жобаларды парламент мүшелерімен Астанада талқыламақшы.

Қоғамдық телеарнаның тұғырнама жобасы «Қоғамдық телеарна» мен «мемлекеттік телеарна» деген ұғымдарды бір-біріне қарама қарсы қоюға болмайды» деп басталады да, «ол өз хабарын елдегі саяси не экономикалық билікке тәуелсіз, қоғамды біріктіру бағытында және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезіне отырып таратады» деп жалғасады. Әрине, редакторлық тәуелсіздік, бейтараптық, шынайы шындық деген т.б. ұғымдар да қамтылған. Бұл жобаға алда да өзгерістер енуі мүмкін дейді қоғамдық телеарна мәселесі бойынша құрылған арнайы жұмыс тобының мүшесі, «Нағыз Ақ жол» партия белсендісі Айдос Сарым:

- Ең бастысы қоғамдық телевизияның принциптері. Ол қалай жұмыс істеуі керек? Онда бүкіл партиялар өз пікірлерін айтуға мүмкіндік алуы керек. Қандай да жаңалықтарды айтқанда ешқайда көңіл бұру деген болмауы керек. Журналистер тек қана фактыны айтады және соған деген әртүрлі қоғам өкілдерінің пікірлерін береді. Ал енді белгілі бір даулы оқиғаға байланысты қарама-қарсы жақтың да пікірлерін беріп отыратын болуы керек. Соны заңға кіргізіп, бекітсе деген ой бар.

Әзірге келген тоқтам - қоғамдық телеарнаның қамқоршылар кеңесі құрылуы керек деген ой. Жоба бойынша оған 15 адам кіру керек және ол қоғамның үш тобын қамтуы тиіс. Бірінші топ – ғылым, білім, мәдениет, яғни қоғамның рухани бөлігінің өкілдігі болса, екінші топ – іскер топ, бизнес өкілдігі және үшінші топ - қоғамдық ұйым өкілдігі болмақшы. Жұмыс тобы мен талқылауға қатысқандардың ортақ пікірі бойынша, қамқоршылар кеңесіне парламент депутаттары, мемлекеттік шенеуіктер мен бюджеттік мекеме қызметкерлері, саяси партия жетекшілері және т.б. бірқатар адамдар мүше болып тағайындалмауы керек болып шешілді. Бірақ, бұл да жоба. Енді бір мәселе - қоғамдық телеарнаны қаржыландыру мәселесі. Бұл мәселеде де әзірге ортақ тоқтам жоқ дейді, «Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалысының бас хатшысы Әміржан Қосанов:

- Қоғамдық теледидарға бөлінетін қаржы мемлекеттік бюджеттен болуы керек, бірақ та, ертеңдері қандай да бір министр не комитет өз ықпалын жүргізбеуі үшін, ол ең баста бекітілген кезде, ешкім араласа алмайтын жеке баппен арнайы бөлінуі керек.

Сонымен қатар Қосанов мырза осы шараны нақты іске асыратын орган парламент дегенге бәрінің ортақ пікірде екенін айтады.

- Өкінішке орай, қазір парламентте оппозициялық партия өкілдері не мемлекеттік емес ұйымдардың позициясын ашық айтатын өкілдері жоқ. Сондықтан, менің ұсынысым, осы мәселені талқылаған кезде парламент мәжілісіне тіркелмеген саяси партия өкілдері де, демократияға қатысты ой-пікір айтып жүрген азаматтар да шақырылып, олардың да дауыстары ескеріліп, осы мәселені талқыласа, қоғамдық теледидар мәселесі өзінің алғашқы шешімін тапқан болар еді, - дейді Ә.Қосанов.

Қоғамдық телевизия өз хабарларын «Тіл туралы» заң талаптарына сай таратпақшы дейді Қазақстан Журналистер одағының төрағасы әрі арнайы жұмыс тобының жетекшісі Сейтқазы Матаев.

- Хабар қазақ тілінде 50 пайыздан да көп болса, оған да біз келісіп отырмыз. Алдағы уақытта біз осы қоғамдық телевизия туралы заң жобасын дайындаймыз. Келесі жұмада Астанаға барып, депутаттармен келісіп, дөңгелек үстелде осы мәселені тағы талқыламақпыз. Сонымен қатар президент жанындағы БАҚ туралы кеңес арқылы осы мәселелерді елбасына жеткізуді сұраймыз, - дейді С.Матаев.

Сонымен, қоғамдық телеарнаның тұғырнама жобасы дайындалғанымен, арнайы заң жобасы әлі толық дайын емес. Ол осы жылдың аяғына дейін дайын болған күннің өзінде, оны парламент өз жұмыс кестесінің қай мерзіміне қояры да белгісіз. Мамандар ол келесі жылдың ортасына таман болуы мүмкін дейді.
XS
SM
MD
LG