Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.01.2006 жыл


Сәрсенбілік баспасөз беттерінде Оңтүстік Қазақстан облысында сәбилерді ВИЧ дертінен тексеру қайта жанданатыны турасында мақалалар жарық көрген. Сондай-ақ, басылымдарда Қазақстандағы жұмыссыздықтың себептері туралы мәселе көтеріліпті.

«Известия Казахстан» басылымы Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ індетін жұқтырған балалар санының өсуі мүмкін екенін жазады. Газет дерегінше, дерт жұқтырған 78 баламен қарым-қатынаста болған бүлдіршіндер саны әлі толық анықталмаған. Өйткені, ВИЧ-ке шалдыққан сәбилермен бір уақытта аудандық ауруханаларда емделген балалар назардан тыс қалыпты. Әйтсе де, ВИЧ індеті Шымкент қаласындағы облыстық және қалалық балалар ауруханаларынан тарағаны анықталып отыр, деп жазады «Известия Казахстан» басылымы.

Ал «Экспресс К» газеті, Оңтүстік Қазақстанда балаларды ВИЧ дертінен тексеру жұмысы қайта жанданатынын жазады. Басылымға сұхбат берген, облыстық денсаулық сақтау департаментінің директоры Вячеслав Дудниктің айтуынша, бұл жолы қан ауыстырған, жасы бестен асқан балалар тексерілмек. Дудниктің дерегінше, мұндай балалардың саны мыңға жуық болуы мүмкін. Бүлдіршіндерді ВИЧ-тен тексеру шарасы 25 қарашада аяқталмақ, - деп жазады «Экпресс К» басылымы.

«Аргументы и факты Казахстан» газеті, Оңтүстік Қазақстан облысында дәрігерлерді қудалау басталғаны жөнінде жазады. Осыған орай, облыстық маслихат депутаттарына жазған хатында ақ халаттылар, өздеріне қатысты, лауазымды тұлғалардың, тіпті депутаттардың тарапынан дәлелденбеген жала жабылып, әділетсіз қудалау басталғанын айтыпты. Сондықтан, дәрігерлер маслихат депутаттарынан өздерін негізсіз айыптау мен қудалаудан қорғауды сұрап отыр, - деп жазады «Аргументы и факты Казахстан» газеті.

Ал, «Айқын» басылымы Алматы облысы бойынша да ВИЧ жұқтырғандар санының артып отырғанына алаңдаушылық білдіреді. Газет дерегінше, қазір, облыста мұндай дертпен 92 адам тіркелген. Олардың ең көбі – Қапшағай қаласында. Мұнда вирус жұқтырған 30 адам анықталған. Қаратал ауданында 21, Іле ауданында 13 адамның ВИЧ-ке шалдыққаны белгілі болды. Ал, облыстық мемлекеттік санитарлық бақылау департаментінің дерегінше, облыс аумағындағы қан құю орталықтарының жағдайы да тым төмен, деп жазады «Айқын» газеті.

«Известия Казахстан» басылымының дерегінше, Алматыда 10 мыңға жуық жұмыс қолы жетіcпейді. Әсіресе құрылыс, машина жасау, тау-кен өндірісі мен қызмет көрсету саласында мамандар тапшы. Есесіне, заңгерлер, экономистер, әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар өте көп. Яғни, газет дерегінше, жоғары оқу орындарында нарыққа қажетті мамандықтар бойынша білім берілмейтіндіктен, көбіне көп жастар зардап шегіп отыр. Салдарынан жоғары білімді жастардың көпшілігі мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Мысалы, педагогтардың 60 пайызы, медиктердің 20 пайызы, менеджерлер, экономистер мен кітапханашылар басқа салаларда еңбек етуге мәжбүр, деп жазады «Известия Казахстан».

«Аргументы и факты Казахстан» басылымы да жұмыссыздықтың түп-төркінін, маман даярлау саясатының дұрыс жүргізілмеуінен іздейді. Басылымның жазуынша, экономикасы дамыған елдерде 1 жоғары білімді, 1 орта арнайы білімді маманға, 5 бастапқы кәсіптік білімі бар адамнан келеді екен. Ал Қазақстанда мүлде керісінше - 6 жоғары оқу орнының түлегіне 2 кәсіптік-техникалық оқу орнын тәмамдаған маман мен 1 жұмысшыдан келеді. Яғни, 1 жұмысшыға алты бастық деген сөз, - деп жазады «Аргументы и факты Казахстан».

«Айқын» газеті жұмыссыздықтың салдарынан, тұрғындардың ауылды тастап, қалаға ағылуына байланысты мәселе көтеріпті. Басылымға сұхбат берген «Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қалиевтің айтуынша, Үкімет тарапынан қажетті қолдаудың болмауы да ауыл халқын титықтатқан. «Жоқшылықтан амалы таусылған ауыл тұрғындары екі қолға бір күрек іздеп, қалаға қарай ағылады», дейді Ғани Қалиев «Айқын» газетіне берген сұхбатында. «Ауыл халықының саны 7-10 пайыздан аспауы тиіс» деген саясаткерлер, ауылдан қалаға келген халықтың немен айналысатынына да баса назар аударғаны жөн деп, - қорытындылайды бұл мақаланы «Айқын» газеті.
XS
SM
MD
LG