Accessibility links

АҚШ Конгрес сайлауына дайындалып жатыр

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Қарашаның 7-сі күнгі Құрама Штаттарда жалпы халықтық сайлаулар барысында Конгреске Демократтар не Республикашылардың бақылау жасайтындығы шешілмекші. Басты сауалдардың бірі ретінде Буш әкімшілігінің Ирақтағы саясатын үміткерлердің қолдайтындығы немесе қолдамайтындығы қарастырылуда. Қалған сайлау алды күндерінде бұл сауалға екі партия да айрықша назар аударуда.

Құрама Штаттар солдаттарының Ирақтағы шығындарын қай жақ көбірек бағалайды деген сауал төңірегінде осы аптада президент Джордж Буш және оның 2004-ші жылғы президенттік сайлаулар кезіндегі қарсыласы Джон Керри айтысқан болатын. Бір университет аудиториясында сөйлеген сөзінде Керри мырза “Егер сендер мықтап оқысаңдар, үй тапсырмаларыңды орындап, ақылды болуға тырыссаңдар, онда оған қол жеткізе аласыңдар. Олай ете алмасаңдар, Ирақтағы соғысқа барасыңдар”, деген болатын. Бұл анықтамасын Керри мырза Буш саясатына жасап отырған соққым, деп түсіндірген еді. Оның себебі 2003-ші жылы Саддам Хусейнді биліктен кетіргеннен кейін Ирақта не істеу керек екендігін президент Буштың дұрыс жоспарлай алмауын сынға алғаны екендігін Джон Керри түсіндірген болатын.

Ал, Джордж Буш болса Америка солдаттарының ар-ожданына тіл тигізді деп, Керриді кіналап, Демократ сенатордың кешірім сұрауын талап еткен. “Құрама Штаттар әскери құрамасының мүшелері -мейлінше ақылды, олар- барынша ержүрек. Сондықтан Массачусецтік сенатор олардан кешірім сұрауы тиіс”, - деді Буш.

Демократ сенатор Джон Керри өз кезегінде; “Президент пен оның күйреген саясаты үшін мен ешкімнен де кешірім сұрамаймын. Егер біздің әскерилерден біреу кешірім сұрау керек болса, ол президент Буш пен оның жасағы және АҚШ Конгресіндегі басым орынға ие болып отырған республикашылар, дер едім. Себебі олар біздің солдаттарымыз бен олардың отбасы мүшелеріне жарақат түсіретін солақай саясат жүргізіп келеді”,-деген еді Керри мырза. Соңғы хабарларға қарағанда Сенатор Джон Керри АҚШ аскерилерінен ресми түрде кешірім сұраған.

Буш та, Керри де қарашаның 7-дегі сайлауларға үміткер ретінде тікелей түспейді. Алайда олардың екеуі де осы жарысқа қатысатын өз партияластарына қолдау көрсету науқанын қызу жүргізуде. Мұндай сөз майданы бұдан төменгі деңгейдегі саясат саласында да қызу жүруде. Қоғамдық пікірлерді зерттеулердің көрсеткеніндей, республикашыл кандидаттар, негізінен Ирақтағы президенттік саясатты қорғаумен айналысуда. Бұдан екі жыл бұрынғы Конгресс сайлауларында мұндай көрініс орын алмаған еді.

Уашингтонда орналасқан Пеу институты жалпы халықтық, қоғамдық пікірлерге зерттеулер жүргізген болатын. Сұралғандардың 60 пайызы Ирақтағы саясат дұрыс жүргізіліп жатқан жоқ, деп жауап берген. Сондай-ақ Ирақта азамат соғысы басталып кетуі мүмкін. АҚШ әскерилері солардың ортасында қалатын түрі бар, дейді сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі. Сыншылардың айтуынша, Конгрестегі республикашылардың қолдауымен Буштың Ираққа байланысты жүргізіп отырған саясаты лаңкестік әрекеттерге қарсы күреске қажетті бұлақтарды көбірек өзіне бұрып әкетуде.
XS
SM
MD
LG