Accessibility links

АҚШ-тың бұрынғы президентінің зайыбы тағы да Сенат сайлауына түсіп жатыр


Қарашаның 7-сі күні әлемдік дәрежеде көрнекті саясаткер Хиллари Клинтон қайта сайлауға түспекші. Оның республикашыл өз қарсыласынан аталған сайлауда оңай басым түсетіндігіне сенім мол, дейді сарапшылар. Кейбір саясаткерлердің пікірінше бұл жолғы сайлау алды науқанын Клинтон ханым 2008-ші жылы АҚШ президенттігіне үміткерлік үшін пайдалануы мүмкін. Ол әзірге мұндай ниетін байқата қойған жоқ.

Әлемдік дәрежедегі ықпалды әйелдер тізіміне Хиллари Клинтонның есімі жиі енгізіліп келеді. Сейсенбі күні Сыртқы істер байланыстары кеңесінде сөйлеген сөзінде Клинтон ханым Ираққа байланысты туындап отырған қиындықтар тұсында АҚШ-тағы қос партияның қайта келісімге келуі қажет екендігін баса айтты. Ол сондай-ақ ресми Уашингтонды өзге елдер пікірлеріне де құлақ сауға шақырды. Тұйықталу үдерісі Американың әлемдік беделіне нұқсан келтіреді, деді.

“Жаңа жүз жылдықта біз сөзімізбен де ісімізбен де интернационалдық бейнені жаңалауымз керек. Біз Екінші дүние жүзлік соғысты жалғыз өткерген жоқпыз. Қырғи қабақ соғыста да жалғыз болмаған едік. Сондықтан лаңкестік және басқа да қатерлі әрекеттермен де біз жалғыз күреспеуіміз керек”, - деді Клинтон ханым.

Ол қазір сенаторлық орынына Нью-Йорк қаласынан қайта үміткер боп түсуде. Өз қарсыласы, республикашыл Джон Спенсерді оңай жеңеді, деп үміт артылуда. Олай болған жағдайда Хиллари Клинтон ханым тағы алты жылға сенатор боп сайланбақшы. Кейбір саяси сарапшылардың пікірінше бұл жолғы сенаторлық орынын ол 2008-ші жылғы АҚШ президенттігіне үміткерлік жолына дайындық ретінде пайдаланбақшы.

Егер ол шынымен-ақ президенттікке үміткерлікке ұмтылса, оның бірнеше артықшылықтары бар. Атап айтқанда Америка халқы арасында ол - бұрынғы президент Билл Клинтонның жұбайы және АҚШ сенаторы ретінде кеңінен танымал. Осы жолғы Сенатқа қайта сайлану науқанына ол 50 миллион доллардай қаржы жинаған. Бұл қаржы оған қажет көлемнен әлде қайда көп. Сондай-ақ өз партиясында бұған дейін президенттікке үміткер ретінде қаржы жинаған әріптестерінің қорынан да көп болып тұр.

Сонымен бірге, Клинтон ханым президенттікке ұмтылысында үлкен бір кедергіні жеңе алуы тиіс. Атап айтқанда америкалықтар арасындағы оны жақсы көрушілер мен жек көрушілер жігін жымдастыруы қажет.

«Тайм» атты Құрама Штаттары жаңалықтар тобының биылғы жылдың басында жүргізген сауалнамасы көрсеткеніндей, бұл екі ұдай көзқарас арасы- тым алшақ. Сұралған демократтардың 67 пайызы оны байсалды саясаткер, деп бағалауда. Ал республикашылардың 62 пайызының көзқарастары керісінше болып тұр.

Клинтон отбасының Ақ үйге оралуына қарсы республикашылар жиі-жиі жиындар өткізіп тұрады. Онда олар еркін базар саясатынан гөрі дәулетті мемлекет саясатын ұстанатындығын сынауда. Клинтон ханым республикашыл сайлаушыларға үндеуі барысында Сенаттағы Әскери қызмет комитетіне мүше ретінде жинақтаған сыртқы саясаттағы тәжірибесіне сүйенбекші.

Сондай-ақ, Хиллари Клинтонға 2008-ші жылғы президенттік сайлаулар алдында өз партиясы ішінен де жаңа қарсылас, яғни үміткер пайда болуы мүмкін екен.
XS
SM
MD
LG