Accessibility links

Үкімет басшысы Д.Ахметов Теңіз кен орнында болған төбелеске кінәлілерді тауып, жауапқа тартуды тапсырды


Қарашаның 1-і күні Астанада, Қазақстан үкіметінің басшысы Даниял Ахметов «ТеңізШевройл» компаниясының бас директоры Тод Левимен кездескен кезінде Атырау облысының Жылыой ауданына қарасты Теңіз кен орынында қазақ және түрік жұмысшылары арасында болған жаппай төбелестің шығуына кінәлі адамдарды түгелдей компания басшыларынан бастап жауапқа тарту қажет деп санайтындығын білдірді.

Түркияның «Ихлас» жаңалық агентігінің Қазақстандағы тілшісі Қалман Қосжігіттің айтуынша, осы Теңіз кен орынында болған оқиға Түркияның ақпарат құралдарында тек бір жақтылау, яғни төбелестен таяқ жеген, зардап шеккен түрік жұмысшыларының ауызынан айтылған әңгіме негізінде хабарланып жатыр. Оқиға болған күннің ертеңінде-ақ Түркия жағы Қазақстанның Теңіз кенінде жұмыс істеп жүрген 1600-дей түркиялық жұмысшылардың 1400-дейін Түркияға арнайы ұшақтармен тасымалдап жеткізіпті. Әуежайда жергілікті ақпарат құралдары өкілдері басы жарылған, көздері көгерген, аяқ қолдарына қандай да бір зақым келген жұмысшы түріктерден алынған сұхбаттарды Түркияның барлық телеарналары 2-3 сағат сайын қайталап көрсетіп тұрыпты.

«Бұл жағдай Түркияда Қазақстан туралы, қазақ халқы туралы жаман ойға қалдыралық ой пікір қалыптастыруға апарары сөзсіз, алайда осы уақыт ішінде Қазақстанның ресми орындары Теңіз кен орынындағы жағдайға байланысты жұмған ауызын ашпай отырғандығы түсініксіз», дейді ол.

Қазақстан үкіметінің баспасөз қызметінің бөлім бастығы Нұрлан Қалқаның айтуынша, қазанның 20-сы күні Теңіз кені орынында болған жаппай төбелес салдарынан барлығы 196 адам зардап шегіпті. Олардың 193-і түрік, 2-еуі қазақ және біреуі үндістандық - барлығы да «Сенімді құрылыс» компаниясының жұмысшылары екен.

Қарашаның 1-күні Үкімет басшысы Д.Ахметов қолданылып жатқан іс шараларға қарамастан бүгінгі күнге дейін нақты нәтиженің жоқ екендігін алға тартып, осы кен орнында бір аптада тәртіп орнатуды тапсырыпты.

«Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалысының төрағасы Жармақан Тұяқбайдың пікірінше, Теңіз кен орынында қазақ және түрік жұмысшылары арасында болған жаппай төбелеске билік жұмысындағы кемшіліктер мен Қазақстан заңдарының дұрыс жұмыс істемей отырғандығы себеп болған.

«Әлемде қандай бір мемлекет ең алдымен өзінің азаматтарын ойлайды, олардың жақсы табыс тауып жақсы өмір сүруіне жағдай жасайды. Ал неге Қазақстанда бұл басқаша, яғни шетелдік жұмысшы қазақстандық әріптесінен бес есе, тіпті он есеге дейін артық жалақы алады? Бұған дұрыс бақылау жасай алмаған жергілікті билік кінәлі», дейді ол.

Түркиялық «Ихлас» жаңалық агентігінің тілшісі Қ.Қосжігіттің айтуынша, жаппай төбелестің орын алуына түркиялық жұмысшылар да кінәлі болмақ.

«Өйткені олар бірдей жұмыс атқарса да, қазақ жұмысшыларынан артық ақша алатындарына есіріп, Қазақстан заңын құрметтемей, жергілікті халықты менсінбей, көкірек көрсете бастаған. Бұл, әрине, қайсыбір қазақ жігіттерінің намысын оятқан, содан осындай оқиға туып отыр. Бұл оқиғаның салдары екі мемлекет және екі халық арасындағы жақсы қарым-қатынасқа қандай да бір көлеңке, сызат болып түспеуі үшін екі мемлекет үкіметтері тез арада болған жағдайға қортынды жасап, бір біріне достық құшақтарын қайта ашқандары дұрыс болмақ», дейді ол.
XS
SM
MD
LG