Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.03.2006 жыл

  • Рауза МҰҚАН

Жұма күні жарық көрген басылымдарда Қазақстанның көрші елдермен энергетика саласындағы қарым-қатынастары туралы мақалалар жарық көрген. Сондай-ақ, баспасөз беттерінде 2007 жылға арналған Республикалық бюджет жобасына қатысты материалдар жарияланыпты.

«Панорама» басылымы Қазақстандағы жалпы мұнай қорының 235 миллион тоннадайы Қытайдың бақылауында екенін жазады. Олардың иелігіндегі Қазақстандағы ірі мұнай өндіруші компаниялардың бірі «ПетроҚазақстан» жылына 15 миллион тонна қара алтын өндіреді. Осылайша, қытайлықтар қазір Қазақстан мұнайының төрттен бірін өндіріп отыр. Ал, Каспий теңізіндегі ірі мұнай кеніштерінің бірі Қаражанбас кен орнын сатып алу арқылы Қытай Қазақстандағы мұнай қорының 28 пайызын бақылайтын болады. Ал «Маңғыстаумұнайгаздың» акциясын сатып алу туралы шарт жасалса, Қазақстандағы мұнайдың 40 пайызы қытайлықтардың қолына өтпек. Яғни, Қытай Қазақстан нарығындағы мүдделі ойыншылардың біріне айналуы мүмкін», - деп қорытындылайды бұл мақаланы «Панорама» басылымы.

«Деловая неделя» апталығы энергетика және минералды ресурстар министрі Бақтықожа Ізмұхамедовтың, Қазақстанда бұдан былай қандай да болсын кен орындары сатылмайтыны туралы мәлімдегенін жазады. Бірақ, басылым дерегінше, қытайлық CITIC Group компаниясы ресми Астананың қолдауына ие болудан үмітті. Сондай-ақ, Қаражанбас мұнай кенішіне осы уақыт дейін канадалық Nations Energy иелік етіп келгендіктен, сол елдің де ресми орындары, бұл шешімді мақұлдауы тиіс. Осылайша, Конституция бойынша халық иелігіндегі табиғат байлықтарының тағдырын шенеуніктер шешуде», - деп жазады «Деловая неделя».

Ал, «Республика» басылымының дерегінше, Қытайдың CNPC компаниясы сатып алған «ПетроҚазақстанның» құрамына енетін «Торғай Петролеум» кәсіпорнының 50 пайыз акциясын Ресейлік «ЛУКойл» компаниясы сатып алуы мүмкін. Өйткені, ресейлік компанияның 50 пайыз акцияға хұқы бар екенін Стокгольм арбитраждық соты мойындап отыр», деп жазады басылым. Сондай-ақ, «Республика» газетінің дерегінше, «ЛУКойл» мен CNPC компаниялары қазір Қазақстанның Каспий аймағындағы мұнай кен орындарын игеруде де жетекші орын алуға ұмтылуда.

Тағы бір энергетикалық ресурс – уран өндіруде Қазақстан мен Ресей арасында қол жеткізілген келісім жайында «Казахстанская правда» газеті жазады. Басылым дерегінше, Ресей атом энергиясын бейбіт мақсатта игерудің екі елге бірдей тиімді технологиясын ұсынып отыр. Ал, Қазақстан бұл жобаларға қаржылай қолдау білдірмек. Сондай-ақ, Қазақстанда атом саласының технологиясын дамыту үшін де Ресеймен тәжірибе алмастырудың маңызы зор. Осы арқылы Қазақстан алдағы 20 жыл көлемінде Ресеймен қатар Қытай, Үндістан және өзге де ірі мемлекеттерге уран экспортын арттыруды жоспарлап отыр», деп жазады «Казахстанская правда» газеті.

«Караван» басылымының дерегінше, бейсенбі күні Парламент Сенатының қарауына ұсынылған 2007 жылға арналған бюджет жобасында білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік жәрдемақыларға қаржы аз бөлінген. Есесіне мемлекеттік басқару, ішкі қауіпсіздік, хұқық қорғау орындары мен қорғаныс саласына бөлінген қаржы біршама қомақты. «Мысалы, қорғаныс саласында, Армияның азық-түлігі үшін 2006 жылы 700 миллион теңге бөлінсе, 2007 жылы 5 миллиард теңге қарастырылған. Жалпы, бюджетте қаражат жоқ емес бар, бірақ ол нағыз халықтың қажеттілігі үшін жұмсалмауда», деп қорытындылайды бұл мақаланы «Караван» апталығы.

Ал, «Апта» газеті 2007 жылғы бюджет жобасында тек мемлекеттік органдар үшін автокөлік сатып алуға 600 мың теңге бөлінгенін жазады. «Ал, Есілдің сол жағалауындағы министрлер үйін ұстауға 4 млрд теңге шығын қарастырылған. Алайда, денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы жалпы ішкі өнімге шаққанда небәрі 2,6 пайызды құрайды», - деп жазады «Апта» басылымы.
XS
SM
MD
LG