Accessibility links

«Казаэронавигация» жүргізген тендер неге беймәлім болып келген Германиялық компанияға бұйырды?


3 қараша күні «Казаэронавигация» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Сергей Құлназаров өзі басқарып отырған мекемеге қатысты «Караван» газетінің жұма күнгі соңғы санында жарияланған мақаласы шындыққа жанаспайды деген мәлімдеме жасады. Ал «Казаэронавигация» жүргізген тендерден құр қол қалған «Парк Эйр Системс» компаниясының өкілі Рүстем Қуатов болса, мемлекеттік кәсіпорын басшылығы тіркеу кезінде заң бұзушылықтарға жол берді деп, тендердің әділетсіз жүргізілгендігін айтады.

Биыл Көлік және коммуникация министрлігіне қарасты «Казаэронавигация» кәсіпорны Алматы аэропортын құрал-жабдықтармен қамту жөнінде тендер жариялаған болатын. Аталған кәсіпорын басшылығының айтуынша, тендерге қатысуға 3 шетелдік компания, соның ішінде Норвегиялық «Парк Эйр Системс» және Германиялық «БАН 2000» өтініш білдіріп, тіркеу жұмыстары 12 қазанға дейін жалғасқан. Ал 25 қазанда тендерді Германиялық «БАН 2000» компаниясының жеңіп шыққаны белгілі болды. Ал шетелдік «Парк Эйр Системс» компаниясының арнайы өкілі Рүстем Қуатов «Казаэронавигация» басшылығы тендерге қатысуға үлкен дайындықпен келген «Парк Эйр Системстің» жолын әдейі кесті деп, Норвегиялық компания құжаттарының барлық талаптарға сай болғандығын айтады.

- «Казаэронавигация» шетелдік заңнаманың ерекшеліктерін ескермей, заңды айналып өтті. Олар тендерге қатысып отырған компания құжаттарының дұрыс-бұрыстығын анықтау үшін Норвегия елшігіне хабарласуы керек еді. Бірақ олар оны істемеді. Олар бізге ұтылғанымыз жөнінде әртүрлі сылтаулар айтады. Соның ішінде «Парк Эйр Системстің» құжаттары дұрыс болмаған дейді. Бірақ құжаттардың барлық талаптарға сай жасалғандығын мен қай жерде болса да дәлелдеуге дайынмын, - дейді Рүстем Қуатов.

Ал «Казаэронавигация» кәсіпорнының корпаративтік даму, стратегиялық жоспарлау және техникалық саясат басқармасының бастығы Павел Козленко Норвегиялық компанияда кілтипанның тек іс-қағаздарда ғана емес, сонымен қатар құрал-жабдықтарда да бар болғандығын айтып, компания техникалық жағынан артта қалып қойған деген уәж айтады. Ол норвегиялықтар Қазақстанды құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз ете алмайды дегенді алға тартып, «Бан 2000» компаниясының бәсекелесінен ешбір кем түспейтіндігін айтты.

- Өзгелерін айтпағанда, «Парк Эйр Системстің» халықаралық талаптарға сай радиомаяк сала алмайтындығына көзім жетті. Ол әлемге танылған компания болса, тым құрығында өзінің Еуропасында тұтынушылары көп болуы керек еді. Олардың пайдаланып отырған техникалары біздердікінен де төмен, - дейді Павел Козленко.

«Казаэронавигация» кәсіпорнының бас директоры Сергей Құлназаров тендерді ұтып алған компанияның өзгелерінен басқа да артықшылықтары болды деп, «Парк Эйр Системстің» Қазақстан нарығынан ығыстырылуын былайша түсіндіреді:

- «Парк Эйр Системс» бізге өздерінің, яғни еуропалық құрал-жабдықтарын емес, австралиялық, өткен ғасырдың 80-ші жылдарғы ескірген құрал-жабдықтарды ұсынды. Сондықтан да, бұл компания біздің көңілімізден шықпады. Мен Қазақстанның тек қазіргі заманғы техникамен жұмыс істеуін қалаймын. Кейіннен мен «Парк Эйр Системс» басшысына осы себептерді жеткізгенімде, ол өз қателігін мойындаған болатын.

Деректерге сүйенсек, орталығы Германияда орналасқан, қарамағында 7-ақ адамы бар «Бан 2000» компаниясының жылдық айналымы 3,8 миллион евро болса, жоғары технологиялы аэронавигациялық құрал-жабдықтары дүниежүзінің 168 еліне тарайтын «Парк Эйр Системс» компаниясынікі 120 миллион АҚШ долларынан асып жығылады екен.
XS
SM
MD
LG